• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2010

Қазақстан әлемдік қауіпсіздіктің саяси кеңістігінде

799 рет
көрсетілді

Еліміздің жыл басынан бері ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Еуропаның қазақ жұртына төрін ұсынуы оңайлықпен келген жоқ. Бұған біздің мемлекетіміздің ұстанған саясаты мен батыл қолға алған бастамаларының арқасында қол жеткіздік. Бұл төрағалық – Қа­зақ­стан үшін үлкен абырой әрі мәртебе. Төрағалыққа қол жеткізуіміз – біздің еліміздің күллі ТМД елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы беделін айқындап қана қоймай, олардың арасында бұл мәртебені бірінші болып иеленгендігін көрсетеді. Яғни, бұл Қазақстанның осы елдердің арасынан суы­рылып шығып, “бірінші мемлекет” болғанды­ғын айғақтайды. Ең бастысы, біз бұл табысқа еліміздің биік беделінің, Елбасымыздың мінсіз абыройы­ның арқасында жетіп отырмыз. Міне, ең баянды бақыт – туған еліңнің ба­қыты екеніне, мемле­кетіңнің мәртебесі екеніне көз жеткізіп отырмыз. Бізді әлемге мойындатқан ұлы күш – ын­ты­мақ пен бірлік. Себебі, татулық тетігі Қазақ­стан­да берік сақталған. Біздің Қазақ елі жа­һан­ға ынтымақтың ұясы ретінде танылды. Еліміз­дің Еуропа төріне шығуы – мемлеке­тіміздегі толе­ранттылық­тың жоғары деңгейге көтерілуі­нің арқасы, елдегі тыныштық пен діндер ара­сын­дағы тату-тәттіліктің нәтижесі. Ынтымағы жарас­қан ырысты елге құт қонады. “Бектер кет­се, ел қалар; бетеге кетсе, жер қалар; бере­кең кетсе, не қалар?” дейтін қазақтың керемет сөзі осындайда есіңе түседі. Енді бірнеше күннен кейін Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыла­ры­ның көптен күткен саммиті өтеді. Қазақ халқы бұл тарихи саммитте “төртеу түгел болғанда төбе­дегінің келеріне” әлем елдерінің көзін жет­кіз­бек. Мәртебелі форумды Астанада өткізу тура­лы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер минис­трлері кеңесінің шешімі – қазақстандық дип­ломатияның жеңісі ғана емес, Орталық Азия аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету­дегі Қазақстанның орны мен маңызын бүкіл әлем­нің мойындауы. Бұл – Қазақстанның әлем­дік қоғамдастықтың тең құқылы және бе­дел­ді мүшесі болып отырғанының көрінісі. Саммит жұмысына 55 мемлекеттің жетекші­лері, 65 халықаралық ұйым өкілдері, 6 мың шет­ел­дік қонақ, 1500 шетелдік журналист қатыс­қалы отыр. ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті 1999 жылы Ыстамбұлда өткен. Регламентке сәй­кес, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сам­миті екі-үш жылда бір рет өтуі керек еді, алай­да, мүше мемлекеттердің ішкі қайшылықтары мен ұйымдағы ұйымдастырушылық дағдарыс сал­дарынан 11 жылға созылған үзіліс болды. Қа­зір өте орынды айтылып жүргендей-ақ, 11 жылдан кейін шақырылған саммит – Ұйым­ның өзі үшін де үлкен табыс. Осын­ша уақыт мұн­дай жиынның өткізілмеуі Ұйымның жұмы­сын­да алаңдатарлық жайлар бар екенін онсыз да аңғартып тұрған еді. Қазірдің өзінде Қазақстан төраға­лығы кезе­ңінде Ұйым Саммитінің Астанада өткізілуіне орай бүкіл әлем біздің елімізге ерекше құр­мет­пен қарайды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның үш се­бетін қатар, бірдей етіп толтыру талабы бар тарап­тан қол­дау тауып отыр. Бұрын еуропалық ел­дер Ұйымға төраға болған кезде кейбір даулы мә­селелерге біржақ­ты көзқарас байқатса, қазір Қазақ­станның қандай жағдайға да алаламай қарайтынын барлық мемлекеттер атап айтуда. Осы жерде дана қазағымыздың “Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды” деген мә­те­лінің дөп кеп тұрғанын айтқанымыз абзал. ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы – Қазақстан Рес­пуб­ликасының саяси ерік-жігері мен беделінің арқасында саммитті тұрақты түрде өткізу тәжі­ри­бесі қайта қолға алынуда. Қазіргі әлемдік саяси элитаның пікірінше, саммитті тұрақты түр­де өткізу Ұйымдағы жүйелі дағдарысты ең­се­руге және оның халықаралық қатынастағы рөлі мен беделін арттыруға ықпал етеді. Оның үстіне ЕҚЫҰ-ның идеясы мен міндеттері әлі де болса мүше елдер арасында маңызды ре­сурс­қа ие және ұлттық дипломатия құралы болып қала береді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен өткен айлар ішінде әлемнің назарын аударар іргелі мәселелерді оңтайлы шеше білді. Мұны әлем­нің сарапшылары да мойындады. Төрағалық тап­сырылған жыл басынан бері Қазақстан елдер арасындағы шиеленістерді шешуге, ты­ныш­тықты қа­лыптастыруға елеулі үлес қосып, ерен еңбек етті. Білгірлер тарихында бір тыншу көр­меген, үнемі дүмпудің үстінде ғұмыр кеш­кен Ауғанстандағы ахуалды біршама жеңіл­дет­кен төраға – Қазақстанның қызметін ерекше атай­ды. Сондай-ақ, Таулы Қарабақтағы ахуал­дар­дың күрмеуі қиын шешімін тарқатуға тың талпыныстар жасалғанына Ұйымға мүше ел­дер сырт­қы істер министрлері қатыс­қан Алма­ты­дағы бейресми саммитте орынды баға берілді. Көрші қырғыздағы саяси жағдай­ды тыныш­тан­ды­рудағы Елбасының еңбегі жоғары бағаланды. Саммиттің маңызы Ұйым үшін айрықша атау­лы даталармен күшейтілген. Хельсинки Қоры­тын­ды актісіне – 35 жыл, Париж Хартиясына – 20 жыл және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына – 65 жыл. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының басты ұстанымы – төрт “Т”. Яғни, сенім (траст), дәстүр (традишн), ашықтық (транс­па­рен­си) және төзімділік (толеранс). Осы төрт “Т” Қазақстанда әрдайым қоғамдық өмірдің негізі болып келеді. Сондықтан, бұл – мем­лекет­тің формальді ұстанымдарын жариялау ғана емес, өмір шындығы және саяси тәжі­ри­бенің нәтижесі. 2001 жылдың өзінде-ақ Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлттық идеяның негізгі ұста­ным­дарын атап, оны іс жүзінде қалып­тас­тырған болатын. Елбасы атап өткендердің қа­та­рында көпэтносты мемлекет халқының тең­дігі, мемлекет құраушы ұлт саналатын қазақ ұл­ты­ның жауапкершілігі, діни сенім бостандығы, азаматтардың заңға бағынуы және қоғам мен өзінің отбасы үшін еңбек етуге қабілетті әр адам­ның өз-өзін қамтамасыз етуі секілді бес ұста­ным бар еді. Сайып келгенде, бұл ұста­ным­дар­дың барлығы Қазақстанда өмір сүретін этностық топтардың тарихи тағдырымен үйлеседі. Ел Президентінің тікелей басшылығымен Қазақстан Орталық Азияда экономикалық доминантқа айналып, тұрақты ортаңғы буын қа­лыптасты, мыңдаған заманауи өндіріс орын­дары ашылып, өзінің сұлулығымен тамсан­ды­ра­тын жаңа елорда – Астана қаласы салынды. Қазақ­стан әлемдік демократиялық стан­дарт­тар­ды қабылдап қана қоймай, Еуропа мен әлемдік қоғам­дастыққа өзінің халықтар мен мәде­ниет­тер­ді олардың ұлттық дәстүрі мен құнды­лық­та­рын сақтай отырып жақындатудың озық тәжірибесін ұсынуда. Осы орай­да, алдағы саммитте көп мәселе жан-жақты талқыланады деген сенімдеміз. Тал­қы­лаулардың болашақты түйткілді жәйттердің оң шешілуіне септесетіні сөзсіз. Ал про­бле­ма­лар­ды еңсерудің бір тетігі – төзімділік дер едім. Себебі, төзімділік – Қазақ елінің беделді Ұйым­­ға төрағалық етуі кезінде ұстанатын басты ұран­дарының бірі болып табылады. Толе­рант­тылық, яғни төзімділік өз тамырын Қазақ­стан­да кеңінен жайған деуге болады. Себебі, дәл қазіргі таңда еліміз түрлі конфессиялар мен түрлі этностар арасындағы достық қарым-қаты­нас­ты нығайтып қана қоймай, дінаралық татулық бағытында батыл бастамалар көтеріп жүр­ген жас мемлекет ретінде айдай әлемге та­нылды. Бүгінде елімізде 130 этнос өмір сүріп, 40-тан астам конфессия өз жұмыстарын еш ке­дер­гісіз жүргізуде. Бұл ненің белгісі? Бұл, ең ал­дымен, мемлекет саясатында төзімділік ұс­танымының берік орнағандығының, түрлі эт­нос арасындағы мамыражай, тату-тәтті тіршілік көрінісінің бір белгісі. Төзімділік мәселесінде бас­қа мемлекеттерге ұқсамайтын Қазақстанның өз жолы, өз тәжірибесі бар. Астанада үш мәрте өт­кен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съез­дерінде рухани қалыпты, адам бойындағы моральдық құндылықтарды, ұлттар ара­сындағы бірлік пен өзара сенімді сақтау үшін не қажет деген өзекті сауалдар төңірегінде қан­шама пікір ал­масылды. Мұны халықты төзімділікке жете­лейтін батыл бастама ретінде әлемнің жетекші мемлекеттері қазірдің өзінде мойындап үлгерді. Екіншіден, біздегі Қазақстан халқы Ассам­блея­сын алып қарайықшы. Бұл – әлемде бала­ма­сы болмаған қазақстандық жоба. Міне, сол себепті біз “Әртүрлі этносты бір тудың астына бірік­тіру” деген ұстанымды дүние жүзіне таны­туы­мыз қажет. Танытып қана қоймай, тара­туы­мыз қажет. Бұл, ең алдымен, бүкіл әлемдегі ел­ара­лық ынтымақты, бірлікті, татулықты көз­де­ген­діктен туып отыр. Қазақстан өзінің ең­бегі, жүр­гізген ішкі-сыртқы саясаты, дінаралық, кон­фессияаралық, этносаралық татулықты сақ­тау­дағы көзқарасы негізінде өз тәжірибесімен бө­лісіп, өз үлгісін танытуға лайық. Себебі, мем­ле­кеттік саясатымыз, заңдарымыз осы ын­ты­мақ пен бірлікті сақтауға бағытталған. Ең бірін­ші құндылығымыз – адамның өмірі мен бос­тан­дығы. Біздің өмір танымымыз, консти­ту­ция­лық құрылымымыз – барлығы төзімділік идея­сына негізделген. Қазір Қазақстанда дәл осын­дай қоғам қалып­тасуда. Ынтымақ пен бір­лікті қуаттайтын, барлық этнос өкілдерін бір ту­дың астына біріктіретін қоғам қалыптасып отыр. Ал осы идея­ны неге өзгелерге та­ныт­пасқа?! Адамзатқа қасі­рет әкелетін соғыс, ел ішін­дегі шиеленіске ұрындыратын қақтығыстар ешкімге абырой емес. Ал бұл тұрғыда келіс­пеу­ші­ліктің бар­лығын білектің күшімен емес, ақ­ыл­мен шешуге, осындай үнқатысулар арқылы оң­тайландыруға болады. Қазақстан – бүгінде тұ­рақты және серпінді дамып келе жатқан мем­ле­кеттердің бірі. Жалпы, әлемдік геосаясатта Шығыс пен Батыстың өзара табысты үн­қа­ты­суын­дағы тепе-теңдіктің сақталуы және Орта­лық Азия аумағындағы тұрақтылықтың сал­та­нат құруы біздің елімізге байланысты. ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Қазақстанның Батыс елдері мен посткеңестік мемлекеттер ара­сын­дағы қауіпсіздікке және өзара үнқатысуларға дә­некер болуы кездейсоқтық емес. ЕҚЫҰ-ның стратегиялық бағыттарының бірі – жаһандық ауқымдағы тұрақтылықты қол­дау. Осы орайда көпвекторлы стратегия арқа­сында Қазақстан халықаралық қаты­нас­тар­ға беделді және белсенді қатысушы ретінде кеңі­нен танылды әрі Ұйымның жаңа тынысын аш­қандай болды. Ауғанстандағы ахуалдың ушығуы, Қырғыз­стан­дағы қақтығыс, халқы тым көп Азиядағы пробле­малар, тағы да басқа көптеген жағымсыз ахуал­дар қазіргі ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қайта қарауды талап етіп отыр. Қазақстанның АӨСШК, ШЫҰ, ИКҰ, Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблея­сын­да көтерген бастамалары әлем елдерін тыныштық пен бейбіт өмірге үндейді және оны әлемдік тәжірибеге енгізуге шақырады. Сарапшылардың болжауынша, алдағы сам­мит әлемдік қауіпсіздік жүйесін қайта құры­лым­­дауға ғана емес, оны қамтамасыз ететін халық­аралық ұйымдарды қайта тірілтуге ықпал етуі керек. Саммитті өткізу – Орталық Азияның ғана емес, жаһандық қауіпсіздіктің ұйытқысына, тату­лық пен тұрақтылықтың кепіліне, бей­біт­шіліктің берекелі белдеуіне айналған Қазақ­стан­ның еуразиялық держава ретінде таны­луы­ның тамаша мүмкіндігі деген сөз. Қорыта айтқанда, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, “ЕҚЫҰ жауап­кер­шілігі аймағындағы қауіпсіздіктің өзекті проблемалары, Ауғанстандағы жағдай мен толе­ранттылық мәселелері саммиттің негізгі та­қы­рыбына айналады”. Алайда, қазірдің өзінде бір нәрсені анық ай­туға болады, алдағы іс-шара бір жағынан мем­лекетіміздің төрағалық мінберінде бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын түйіндесе, екінші жа­ғынан Қазақстан мен оның халқына даму мен өркендеудің тамаша жолын ашады. Әли БЕКТАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.