• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2010

Ұлы жетістіктерді халықтың пейіліне береді

421 рет
көрсетілді

Тарихымызға қарасақ, тәуелсіздігіміздің оңай келмегені бәрімізге белгілі. Тәуелсіздігіміздің әр бір жылы қазаққа құт әкеліп отыр. Өзгелермен тереземіз теңелді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты кешегі күні көз жасын төгіп өткен қазақтың бүгінгі күнін мерекелі де берекелі етті. Экономика қарыштап өсті. Мықты мемлекеттердің әлемдік дағдарыста тірсегі майысқанда Қазақстан өз елін дамыту үшін инвестиция салып жатты. Азия елдерінің ішінде, кешегі одақ­тас республикалар арасында, мұ­сылман жұртында және түрік әле­мінде алғашқы болып Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына төраға болды. Кәрі Еуропа жас Қазақ мемлекетіне тө­рін ұсынды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуінің өзі – біздің елі­­міз­дегі экономикалық, саяси ре­фор­­малардың жүргізілуі, жаңа Қа­зақ­­стан­ның әлемде танылуы және Пре­зидентіміздің халықаралық бе­де­­лінің нәтижесінде қол жетіп отыр­ған та­рихи жеңіс. Қазақстан 56 мем­­ле­кет­тің басшыларын жинап, жа­һандық саммит өткізгелі жатыр. Осын­дай күнге де жеттік. Еуропалық қоғамдастық елімізді ЕҚЫҰ-ның төрағалығына сайлау ар­­қылы зор сенім мен құрмет көр­сетті. Осы уақытқа дейін Қазақстан Рес­­публикасы Шанхай ынты­мақ­тас­тық ұйымын басқарған болса, ке­лесі 2011 жылы Ислам Кон­фе­рен­циясы Ұйы­мына басшылық жа­са­мақ. Көптеген шетелдік сарап­шы­лардың пікірінше, тиімді, көп ба­ғытты сыртқы саясат қалып­тас­ты­руға қол жеткізген Қа­зақ­стан Рес­публикасы мемлекеттер ара­сын­да­ғы сындарлы өзара ықпал­дас­тық­ты нығайту арқылы Батыс пен Шы­ғыс арасындағы ашық әрі се­нім­ді пікір алмасуды қалыптас­ты­руда барынша бейімді әрі қолайлы үміткер. Бұл факторлар Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық бағдарла­ма­­сын жасау барысында толы­ғы­мен ескерілді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғы­­ның басты басымдылығы етіп этнос­­аралық және конфес­сия­ара­лық тө­зім­ділік тақырыбын бел­гі­ле­ді. Төзім­ділік пен кемсітпеушілік мә­се­лелері бойынша ЕҚЫҰ орта­лы­ғын ашуды және ЕҚЫҰ құра­мын­да этносара­лық, дінаралық тө­зім­ділік мәселелері бойынша Жоға­рғы Комиссар лауа­зымын ендіруді ұсынды. Сонымен қатар, Қазақстан өзі­нің төрағалығы кезінде бірқатар ға­лам­­дық жанжалдарды реттеуде ай­рық­ша белсенділік танытып қана қоймай, өзінің бітімгерлік қуатын да дәлел­деп үлгерді. Соның бірі – Қыр­­ғыз­станға араағайындық етіп, бей­біт­ші­лікті реттеуге күш салуы болды. Төрағалық мерзімі 31 желтоқ­сан­­да аяқталады дегенімізбен, Қа­зақ­­стан­ның ұйымға төрағалығы же­міс­ті екенін қазірдің өзінде ауыз тол­ты­рып айта аламыз. Бұл баға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Пар­ла­мент­аралық ассамблеясының ая­­сын­да ұйымдастырылып, “ЕҚЫҰ мен ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перс­­пек­тивалар” тақырыбындағы Қазақ­­станның Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымына төрағалы­ғы­на арналған халық­ара­лық пар­ла­менттік конференцияның қабылда­ған декларациясында да жоғары баға берілді, яғни “5+” деп бағаланды. Оның преамбуласында Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-дағы 2010 жылғы төр­ағалығын атқару жөнін­дегі қызметін, соның ішінде 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Аста­нада ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу жөнінде ше­шім қабылдағанын жо­ға­ры бағалай отырып, алдағы Ас­тана Саммиті ұй­ымының әскери-сая­си инструмента­рия­сын күшей­ту­де елеулі ілгерілеу­ші­лікке қол жет­кізілетініне сенім көрсетілді. Осы мәртебелі миссия аяқталып келеді. Соңғы 30-40 жылдарда әлем мүл­­дем өзгерді. 70-жылдары орын алған екі үлкен жүйе капитализм мен со­циализм арасындағы “қыр­ғиқабақ” соғыс пен психологиялық қысым аяқ­талғанымен, әлем әлі де ты­ныш­сыздық күйінен арылған жоқ. Ке­рі­сінше, адам өміріне қауіп төндіретін кикілжіңдер мен апат ошақтары барынша көбейіп, олар­дың әрекет­тері жаһандық сипат ала түсуде. Әлем­ді жайлап бара жатқан лаң­­кес­тік, экстремизм, табиғи-кли­мат­тық, гу­манитарлық және эко­логия­лық апаттар, аштық, жұқпалы індеттер, ұлт­аралық және дінара­лық қақты­ғыс­тар, қаржы-эконо­ми­ка­лық дағ­да­рыс – осының бәрі ха­лық­аралық қауымдастықтың күш­терін бірік­ті­ру­ді қажет етеді. Міне, осындай ерекше жағдайда Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Республика Президенті Н.Ә.На­зарбаев Қазақстан төраға­лық еткен 2010 жылы ұйым жұмы­сын жан­дандырып, жаңа сапаға, тың бе­леске көтерілуіне назар ауда­рып, осы мақсатта бірқатар ке­шен­ді жұмыстар атқаруға жағдай жа­сады. ЕҚЫҰ үш мақсатта қызмет ете­тіні мәлім. Ол саяси, құқықтық, эко­­но­микалық-экологиялық бас­тама­ларымен қатар, адами өл­шем­дерге де көңіл бөледі. Өз уақытында ядролық қарудан бас тартып, бүкіл әлем қауіп­сіз­дігіне үлкен үлес қосқан Қазақстан бұл күндері де осы гуманистік идеа­лы­нан айныған жоқ. Өзінің то­ле­рант­тылық және ұлтаралық қаты­настар мәдениеті саласындағы тари­хи дәс­түрі мен мол тәжірибесін пай­да­ла­нып, Ауған мәселесін гуманитарлық бастамаларды іске асы­ру арқылы ше­шу жобасын ұсын­ды. Бұл – өте ба­тыл және сая­си, әлеуметтік жағы­нан сарабдал шешім. Адам қай уа­қытта қару мен күш қолданудан бас тарта алады. Ертеңгі күніне сенімі нығайып, өзі­нің тұрмыс-тіршілігін жан-жақты бағам­дай алған жағдайда ғана. Ауғанстанда саяси, экономи­калық шаралармен қатар, білім беру ісін де дамыту қажет. Осы мә­се­лені шешуде Ауғанстанға Қазақстанның құны 50 млн. доллар тұратын білім бағдарламасын ұсынуы – өте ма­ңыз­ды қадам. Ауғандық аза­маттар Қазақстанда білім алу арқылы екі ел­дің арасында рухани-адами қа­рым-қатынас орнатады. Сонымен қатар, Қазақстан Ауғанс­тандағы ау­ру­ханалар мен жолдарды жөндеуге 4 млн. доллар бөлді, 3,03 мың тонна тамақ өнімдері гуманитарлық кө­мек ретінде жіберілді. Осы шара­лар­дың бәрі Ауғанстанда бейбіт өмір­дің тұрақтануына жағдай жа­сайды. Қазақстанның, қазақ жұр­тының әлем­дік қатардан ойып орын алуы, мой­ындатуы, ең ал­ды­мен, Елбасы­мыз­дың сарабдал сая­са­ты екендігі даусыз. Нұрсұлтан Назар­баев әлем­де ядролық қару­сыз­дану жөнінде бас­тама көтерген алғашқы прези­дент. Егер әрбір мемлекет адам­дарды, тіршілік ие­лерін шыбындай қыратын атом бомбасын жасауда бәсекеге түсер бол­са, миллиондаған жазықсыз адам­дардың қаны төгілер еді. Біздің Пре­зидентіміз сол апаттың алдын алды. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық бірінші саммит қарса­ңын­да елімізге Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Бас хатшысы Пан Ги Мун кел­іп, Семейге барып, поли­гон­ның ор­нын көргеннен кейін тебіреніп тұ­рып мәлімдеме жаса­ғанда: “Қазақ­стан Президентінің осы­нау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қару­дан ада аймақ құрғанына зор қол­дау білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең бе­рік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұр­сұл­тан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруге тиіс. Мен БҰҰ-ның Бас хатшысы ре­тінде ядро­лық сынақ алаңының қақ жү­ре­гінде тұрып, барлық әлем ел­дерін Қазақстаннан үлгі алуға ша­қы­ра­мын” – деп жоғары баға берді. Шілде айында Венада өткен аз ұлт өкілдерінің білім алуына жағдай жасауды талқылаған кеңесте ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жө­нін­дегі Жо­ғар­ғы комиссары Кнут Вол­лебек Қа­зақстан төрағалығына осы мә­селеге айрықша көңіл бөлгендігі үшін ал­ғыс айтты. Қазақстан өз елін­де тұра­тын көптеген ұлт, этнос өкіл­деріне олардың ана тілінде білім алуына жағдай жасап отыр. 88 мектепте оқу өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізіледі. 108 мектепте 22 этностың тілдері дербес пән ре­тінде оқытылады. 30 этностың тіл­дерін оқып-үйрететін 190 лин­гвис­тикалық орталық жұ­мыс істейді. Кнут Воллебек Қазақ­стан Үкіметінің алдағы кезде де әр­түр­лі этностық және тілдік топ­тар­ды білім, тіл сая­саты арқылы қо­ғам­ға кіріктіре түсу саясатын жүр­гізуді жалғастыраты­ны­на, сондай-ақ аз ұлттардың қоғам­дық өмірдің барлық салаларына еркін қаты­суы­на, өкілеттілік алуына көмектесе бе­ре­тініне сенім білдірді. Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ның бі­лім саласындағы қызметі жаңа көк­жиек­­тер мен мүмкіншіліктер аша­ды. Осы орайда Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Білім және ғы­лым ми­нистрлігі Елба­сының мектеп, жо­ға­ры оқу орын­дары буынына қойып отырған та­лап­тарын халықаралық білім стан­дарттарына лайықты құру бағытын ұстанып отыр. Қазақстандық білімді әлемдік бі­лім беру стандартына сәйкес­тен­діру мақсатында 2010 жылы Болон дек­ла­­рациясына қол қойып, Еуро­па­лық білім беру кеңістігіне ендік. Бұл, әрине, Қазақстан мен ЕҚЫҰ ара­­сын­дағы табысты ынтымақ­тас­тық­­тың нәтижесі. Табысты бастал­ған барлық халықаралық қарым-қа­ты­­настарымызға ЕҚЫҰ-ның ық­пал­ы барын сезінеміз. М.Әуезов атындағы ОҚМУ 2008 жылы Германияның белгілі “АСИИН” аккредиттеу агенттігінде же­ті мамандық бойынша халық­ара­лық аккредиттеуден өтіп, мамандар дайындау сапасы Еуропалық талап­тарға сай деп танылды. Олардың төр­теуін Еуропалық химия ассо­циациясы “ESTNA” евробакалавр белгісіне лайық деп бағалады. Бұл да ЕҚЫҰ қызметінің аясында қол жеткізіліп отырған табыстар. Осын­дай халықаралық байланыстардың дамуы барысында Қазақстанның жо­ғары оқу орындары Батысқа таныла бастады. Еуропаның белгілі жоғары оқу орындары Қазақстан универ­си­теттеріне қызығушылық танытып отыр. Университетіміз Манчестер Метро­по­литен уни­вер­си­­теті, Гамбург қол­данбалы ғылым­дар мектебімен ты­ғыз байланыс жасап, екі дипломдық бағдар­лама­лар­ды іске асыруда. ЕҚЫҰ-ның күш жігері, ең ал­ды­­мен, төзімділіктің қажеттілігін, ымы­рашылдық және бейбіт қатар өмір сүру идеяларының маңыз­ды­лы­ғын түсінуді қалыптастыру үшін жас ұр­паққа бағытталған. Өйткені, ол жас ұр­пақтың мүмкіндіктері мен бо-лашағының кепілі болып табы­лады. Университеттің студенттері көп ұлтты және еліміздің жарқын бола­шағы. Университетімізде 32 ұлт өкіл­­дерінен тұратын студенттік ас­сам­­блея құрылып, Қазақстандағы этнос­аралық татулық пен тұрақ­ты­лық­ты баянды етуде табысты жұмыс ат­қа­ру­да. Бұл Қазақстан хал­қы Ас­сам­блеясының төзімділік ұс­таным­дарын іске асырудағы уни­вер­ситетте орын алып отырған көрініс-дәлел. Білім – кез келген мемлекеттің аса маңызды стратегиялық ресурсы. Өйткені, қазіргі ақпараттық техно­ло­­гиялар заманында елдің қуатты­лы­ғы оның материалдық, табиғи мүмкін­діктерімен ғана емес, адами ка­пи­та­лы­мен анықталады. Ал ада­ми капи­талдың өзегі, күре тамыры – білім. Білім беру процесінде кә­сіп­тік, функ­ционалдық оқыту бағ­дар­лама­лары­нан гөрі жеке тұлғаны дамытуға бағытталған тұжырым­да­малар ма­ңыз­дырақ. Өйткені, қазіргі қоғам ин­теллектуалдық деңгейі өте жо­ға­ры, өзгерістерге жедел бейім­де­ле алатын іскер әрі бәсекеге қабі­лет­ті тұлғаны қажет етеді. Профессор-оқытушылар құра­мы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық етуінің маңызын болашаққа бағыт­тал­ған үлкен жоспарлар мен бағдар­ламалар деп түсінеді. Төр­аға­лық қыз­метке, әсіресе, студент­тер­дің үл­кен мән беріп, қызығушылық та­ны­­тып отырғаны бәрімізді қуан­та­ды. Олар университетте өтетін “Қазақ­­станның ЕҚЫҰ-мен ынты­мақ­тас­ты­ғы: же­тіс­тіктер және даму­дың ке­ле­шегі” атты халықаралық ғылыми-тә­жі­рибелік конфе­рен­ция­ның жұмы­сы­на белсене қатысуды жоспарлап отыр. Қазір Қазақстан Астанада Сам­мит өткізудің соңғы әзірліктерін жасап жатыр. Ал Қазақстанның осы міндетті абыроймен аяқтағаны дәтке қуат, ұлтқа мақтаныш, мем­ле­кетке бе­дел, алдағы биік мақ­сат­тар­дың темірқазығы. Тарих жадынан ештеңе ұмыт калмайды. Сонау тоқсаныншы жыл­дардың басындағы жүдеу-жадау, тағдыры бұлдырлау көрінген Қазақ­станмен бүгінгі жаңарған, жасарған, әлемдік өркениет көшіне кірген әлеуетті Қазақстанды салыстыруға бол­майды. Қазақстан әлемдегі мық­ты мемлекеттердің мойындауына ие болды. Ал, ол оңайшылықпен келген жоқ. Қазақстанның болашағы – жас­тар аға буынның іргелі істеріне лайық болуы тиіс екенін терең сезінеді. Уәлихан БИШІМБАЕВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, Ұлттық Ғылым академиясының академигі.