• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2010

Демократия – ел дамуының көрсеткіштерінің бірі

678 рет
көрсетілді

Кеше АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне Америка делегациясының басшы­сы ретінде қатысу үшін Қазақстанға ұшып келді. Осы күні ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қа­зақ­стандық және халықаралық ҮЕҰ өкілдері, университеттің про­фес­сор-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесу өткізді. Кездесуді университет ректоры Бақытжан Әб­ді­райымов ашып, АҚШ Мем­лекеттік хатшысын жұртшылыққа жақы­ны­рақ таныстыру үшін ал­ғашқы сөзді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерек­ше тапсырмалар жө­ніндегі елшісі Мә­ди­на Жарбо­сы­новаға берді. Ол ЕҚЫҰ Астана Сам­митінің ая­сында жу­ырда ҮЕҰ өкіл­­де­рінің қатысуымен конференция ұй­ым­дас­ты­рыл­ғанын және оның ҮЕҰ мен билік ара­сын­дағы үнқатысуды да­мы­ту бағытындағы ма­ңыз­ды шара болғандығын атап өтті. Сондай-ақ, ол Шолу конференциясы адам құқықтары мен баспасөз бостандығы мәселелерін талқылаған жиын болғанын көл­де­нең тартты. Осының бәрі Аза­мат­тық қоғам институттарының жұмысын жандандыруды, яғни ЕҚЫҰ үшінші себетінің мәсе­ле­лерін қарастырғанын айтты. Одан әрі ол Хиллари Клин­тон­ның көпшілікке белгісіз қырлары туралы да сөз қозғады. Соның ішінде жас кезінде Хилларидің астронавт болғысы келіп, НАСА-ға барғанын, бірақ ондағылар әйел­дерді алмаймыз деп қабыл­даудан бас тартқанын, осының өзі қайсар қызды өзінің құқығын қорғауға қайрап салғанын жеткізді. Әйелдер құқының ерлермен тең болуы жолында Х.Клин­тон­ның сол кезден күрескенін және сол қозғалыс барлық елдерде жалғасып, өзінің табысты жемісін бергенін жария етті. Осыдан әрі елші АҚШ Мемлекеттік хат­шысының басқа да қоғамдық істерін, соның ішінде АҚШ-тың бірінші ханымы кезінде және Нью-Йорк штатынан сенатор болып сайланғанда атқарған өрелі істерін санамалап шықты. Сондай-ақ оның Қазақстанға алғаш рет 1997 жылы келгені айтылды. Өзінің белсенді қоғамдық және мемлекеттік қызметтері мы­надай танымал емес аудиторияда түбегейлі сараланып, диплома­тиялық ұтымдылықпен жақсы қырынан жеткізілгені Х.Клин­тонға да ұнағаны көрініп тұрды. М.Жарбосынова сөзін аяқтағанда ол елшінің қолын қайта-қайта қысып, рахметін айтты. – Мен өзімді жақсы таныс­тырып өткен елші ханымға рахметімді айтамын, ол менің Қазақ­станға алғаш рет 1997 жылы келгенімді ауызға алды. Міне, енді екінші рет келіп тұрғаныма қуа­ныштымын. Сіздердің бәріңізге көрсеткен құрметтеріңіз үшін ри­зашылығымды білдіремін. Соның ішінде мен осы жерде отырған ақыл-ойдың, сөздің бостандығы үшін талмай, ұзақ жылдар бойы күресіп жүрген құқық қорғау­шы­ларға, азаттық сүйгіш азаматтарға да алғысымды айтамын. Олар Қа­зақстанда ғана емес, барлық Ор­та­лық Азия елдерінде, қала берді барлық әлемде өздерінің күресін жалғастырып жүр, – деді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы. Келесі кезекте ол Қазақстанның Орталық Азия елдері арасынан бірінші болып ЕҚЫҰ Саммитін өт­кізіп отырғанының өзі Ұйым­ның қағидалары тек адамдардың кейбір топтарына ғана емес, бар­лық адамзатқа керектігін көрсе­те­тініне назар аударды. Соның ішінде әлемнің Ауғанстан секілді тынышсыз аймағы барлық әлемге зардабын тигізетіндігі мойын­да­лып отырғанына екпін түсірді. Сондай-ақ, ядролық қару мен оны жасайтын материалдардың та­рауы, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымы – осының бәрі әлемдік қауіпсіздікке қатер төн­ді­ретіні әлем лидерлерін орынды алаң­датып отырғанын атап көрсетті. «Ал енді Қазақстандағы ең алғашқы кездесуімді сіздермен өт­кізіп отырғанымның сыры – менің демократия қағидаларын бәрінен да жоғары қоятын­ды­ғым­нан деп біліңіздер. Мен елде күш­ті демократия мен өркендеген эко­­номиканы жасау тек биліктің ғана қолынан келмейді, ол да­мы­ған аза­маттық қоғам институт­та­ры­мен тығыз байланыс жасағанда ғана нәтижелі болады деп есептеймін. Сонда ғана қоғам өзінің алдында ХХІ ғасыр ұсынған сыбағаларды еңсере алады», – деді Х.Клинтон. Одан әрі ол 35 жыл бұрын болған оқиғаны есіне алып, Хельсинкидегі Қо­рытынды актіге қалай қол қойылғаны туралы айтты. Сол кезде қол қоюшы жақ­тардың бәрі адам құ­қын қорғау, соның ішінде сөз бостандығын қам­та­масыз ету жөнінде өзде­ріне міндеттеме алған бо­латын. Осы құнды­лық­тарды қорғау күні бүгінге дейін күн тәртібінен түс­пей отыр. Олар, әсіресе, Азаматтық қоғам құруды енді қолға алған елдер үшін аса өзекті проблема екені даусыз, дей келіп, сол құндылықтар жо­лын­да күресіп жүргендер – жеке адамдар мен ұйым­дар мүшелері қазір осы залда да отырғанын сезіп тұрмын, деді айналасына шола қарап. Соның ішінде бірнешеуін атап өтуіме де болады. Мәселен, Қазақстандағы адам құқы жөніндегі халық­ара­лық бю­роны басқаратын және адам саудасына қарсы кү­ресіп жүрген Галина Моро­зованы жақ­сы білемін, деді Х.Клинтон. АҚШ Мемлекеттік хатшысы сондай-ақ әйелдер құ­қын қорғау қозғалысы белсенділерін де атай келіп, өзінің олармен 1997 жылы келгенде де кездескенін еске алып өтті. Сөзінің соңында: «Мен Қазақ­стан Үкіметіне де ризашы­лы­ғым­ды білдіремін, өйткені, ол Аза­мат­тық қоғамды дамыту ісі бой­ынша осы аймақта басқа елдерге қарағанда, үлкен прогреске қол жеткізіп үлгерді. Сонымен бірге, өзіне Азаматтық қоғамды одан әрі дамыту жөнінде міндеттеме алып отыр. Осы орайда қазақ­стан­дық бұқаралық ақпарат құ­ралдары мен тәуелсіз ұйым­дар­дың да ісіне алғыс білдіремін, олар да осы үдерісті ілгері жыл­жытуға үлкен еңбек сіңіріп жүр. Жалпы, 35 жылда біз үлкен та­бысқа қол жеткізгенімізді айтуы­мыз керек. Берлин қабырға­сы­ның құлауы осының айғағы. Қырғыз Республикасында адам құқын қор­ғау ісі қолға алынып жат­қанына да ризашылық сезімімізді білдіреміз, енді тек оның жақ­сы нәтижелерге жеткенін қа­лаймыз. АҚШ-та да бұл бағытта үлкен жұмыстар істеуге тура келді. Қазіргі АҚШ Әкімшілігі де бұл іспен қатты айналысуда. Адам құқығын қорғау біздің мыз­ғы­мас басымдығымыз. Мен Қа­зақ­станның адам құқын қорғау жолында үлкен жетістіктерге жетіп, дамыған ел болуын тілеймін», – деді ол. Осыдан кейін АҚШ-тың Мем­лекеттік хатшысы жиналған­дар­дың көптеген сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде Қазақ­станның ЕҚЫҰ-дағы төраға­лы­ғын жоғары бағалады.