• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2010

Саммитке артар үміт көп

475 рет
көрсетілді

Осыдан 35 жыл бұрын Финляндияның астанасы –Хельсинкиде құрылған ұйым өткен кезеңдерде қай мемлекет те пікіріне құлақ асатын халықаралық ірі де беделді құрылымға айналғаны анық. Ал осындай ұйымға Қазақ елі төрағалық етіп қана қоймай, соңғы 11 жыл бойы өткізілмей келген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының Саммитін ұйымдастырғалы отыр. Осы орайда біздің тілшіміз Финляндияның Қазақстандағы елшісі Микко Киннуненге жолығып, оған бірнеше сауал қойған еді. – Елші мырза, менің білуімше, сіз тарихшысыз. Сол себептен де, сізге алдымен ЕҚЫҰ та­рихына қа­тысты сауал қойсам дей­мін. Ке­зін­де “қырғи-қабақ со­ғыстың” на­ғыз қызған тұ­сында, 1975 жылы сіздің елі­ңізде қазір әлемге ЕҚЫҰ деп танылған ұйым кеңес ретінде ал­ғаш бас қосты. Содан бері әлем қат­ты өзгерді. Ол кездегі капиталистік және социалистік жүйелер ара­сындағы тайталастар жоқ, алайда әлемді алаңдататын мә­селелер көп, оның үстіне жаңа қауіптер де туындауда. Күрес жолдары қандай? – Сауалыңызды екі бөліп қа­рас­тырып, ал­дымен тарихқа тоқ­та­лай­ын. Фин­ляндия 41 жыл бұ­рын, 1969 жыл­дың 5 мамырында бар­лық еуро­палық және сол­түс­тік­­аме­рикалық мемлекеттерге Еу­ро­па қауіп­сіздігі және ынтымақ­тас­тығы кеңесін құру жөнінде дип­лома­тиялық нота жол­дады. Бұл ЕҚЫҰ үдерісінің бастауы еді. Ал 1995 жыл­­дың 1 қаңтарында ол қа­зіргі атауын иеленді. ЕҚЫҰ-ның ал­ғаш­қы жи­налуы, өзіңіз айтқан­дай, 1975 жылдың тамызын­да болған еді. 1975 жылғы Хельсинки Қо­ры­­тын­ды актісі ЕҚЫҰ-ның бо­ла­шақ­тағы барлық құжаттарына, мы­сал­ға, 1990 жылғы жаңа Еу­ро­паға ар­налған Париж Хар­тия­сына, 1999 жылғы Ыстамбұл келісімдері сын­ды маңызды құжат­тарға негіз қа­лады. Сол жыл­дардан бері “Хель­син­ки рухы”, “ЕҚЫҰ рухы” деген ұғым­дар ор­нықты. Міне, осы­лай­ша ізгі қағидаттан туып, Фин­­лян­дия ас­та­насында жария­ланған ниет күні бүгінге дейін өміршеңдігін көрсетіп келеді. ЕҚЫҰ бүгінде халықтар ара­сын­дағы келісім мен достықтың синониміне айналғандай. Бүгінде ЕҚЫҰ – ең көпдерлік мүшесі бар, Батыс пен Шығыс арасын жақын­дат­қан, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан іргелі ұйым. Жалпы, ЕҚЫҰ-ның өмірге келуі Финляндияның үлкен жетістігі және ол еліміздің Еуропадағы ұс­танымын нығайтты. Сол себептен де Еуропадағы қауіп­сіздік және ын­тымақтастық мә­селелері 1960 жыл­дардың аяғынан бері Финляндиямен тығыз байланыста. Енді жаһандық проблемалар мен дағдарыстар және жаңа қау­іп-қа­терлер мәселесіне келейін. 1975 жылдан бері жағдай біршама өзге­ріске ұшырады. Бірнеше мысал келтірейін. “Қырғи-қабақ со­ғыс­тың” аяқ жағында Фрэнсис Фу­куя­ма өзінің бел­гілі мақа­ла­сында “тарих аяқта­лу­да” деген болатын. Бұл дегеніміз, Ке­ңестер Одағының құ­лауы­мен батыс­тық демократия­лық ли­берализм өзді­гінен әлемде ба­сым­дыққа ие бо­лады деген ой еді. Расында олай болмай шықты. 1993 жылы Самуэль Хантинг­тон мәдениет, мәдениеттер қақты­ғы­сы – “өркениеттер қақтығысы” деген тео­риясын алға тартты. Оның айтуынша, өркениеттер арасындағы түсініс­пеу­ші­лік болашақтағы бар­лық қақты­ғыс­тардың негізгі себебі болмақ. Әрине, бұлай ойлауға негіз жоқ дей ал­маймын, бірақ онымен толық келісе де қоймаймын. Әлем­де мәдениеттер арасындағы қақты­ғыс­тардан гөрі, түрлі мәде­ниет­тер­дің бейбітқатар өмір сүруі көбірек. Оның жар­қын мысалының бірі – Қазақстан. “Қырғи-қабақ соғыс” аяқтал­ған­нан кейін Батыс пен Шығыс ара­сын­­дағы қарама-қайшылық жойыл­ды, енді қақтығыстарға орын жоқ деген бізде бір керемет эйфориялық көңіл-күй­дің, сезімнің болғаны рас. Ал өмір шындығына келсек, жағ­дай бас­қаша. Мысал үшін Сома­ли­дегі азамат соғысын, Югославия­да­ғы 1995 жыл­ғы Сребреница қыр­ғы­ны мен тағы басқалардың орын алуын айтсақ та жеткілікті ғой деп ойлаймын. Жаңа қатерлерді қалай тудыр­мауға болады деген сұрағыңызға келетін болсақ, оның дайын рецепті жоқ. Алайда, менің ойымша, бай сол­­­түстік, кедей оңтүстік арасын­дағы жер мен көктей айырма­шы­лық жойы­луы тиіс. Бұл жерде бай­лық пен кедейлік арасындағы айы­рымды айтып отырмын. Мы­салы, Африкадағы кедейшілік пен кикіл­жің­дерді шешуде белсендірек қи­мыл қажет. Кедейшілік пен жұ­мыссыздық, жастардың өз орын­­дарын таппауы, болашақ­тары­ның тұманды көрінуі терроризм мен радикализм сынды жамандыққа алып келуі мүмкін. Бұл – өте қауіпті. Скан­ди­навия жұртында мынадай пай­ым бар: дағдарыстан соңғы қал­пына келтіру ісіне және қақтығыс, кикілжің туған ортадағы мәсе­лелерге әйелдер кеңінен араласса, ол тезірек жемісін береді деген. Қазақстандағы этностар мен мә­дениеттер арасындағы үнқа­ты­судың маңызды екенін айта кеткім келеді. Ал тыныштық мәселесінде – Таяу Шығыстағы жағдай жөнге келсе, халық­аралық шиеленіс бә­сеңдер еді деп ойлаймын. – Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалық қызметі туралы не айтар едіңіз? – Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалығы бірнеше себептермен тарихи сәт болып табылады. Қа­зақ­стан төрағалыққа жақсы дай­ын­дықпен келді. Финляндия Қа­зақ­станның белсенді және сын­дарлы төрағалығын жақсы баға­лай­ды және Қазақстан төраға­лығы Ұйым­ның барлық мүшелері үшін мөлдір өтуде. Ал менің ойым­ша, Қазақстан төраға ретінде Ас­та­на Саммитімен және оның қор­ытын­дыларымен есте қалады. Және де форум күн тәрті­бінде ЕҚЫҰ-ның жаңа дина­ми­касы мен болашақ­тағы даму жол­дары көтеріліп, жо­ғарғы дең­гей­дегі Саммит нәти­жесінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің өзіне ал­ған міндеттемелеріне жау­ап­кер­шіліктері­нің артуына, түбін­де оның орын­далуына әсерін тигізуімен форум өз орнын табады деп сенемін. – Астана Саммитінің күн тәр­­тібіне сіздің ел қандай ұсы­ныс­тар­мен шығып отыр? – Форум күн тәртібін еуро­ат­лан­тикалық және еуразиялық қау­іп­сіздік аясындағы үнқатысудың жал­ғасы деп білемін. Ал ол 2008 жылы Хельсинкиде өткен Сырт­қы істер министрлерінің кеңесін­де бас­талып, онан соң “Корфу үдері­сі” аясында жалғасын тап­қан еді. Бұл үнқатысу қауіпсіздік мәселе­сін­дегі түрлі көзқарастар­ды пайым­дау үшін өте пайдалы болды. Саммитте осы жұмыстар жалғасын табуына келісімге келеміз деп үміттенемін және де осы үнқатысудың әрі қарай жал­ға­суының іс-қимылдар жос­пары қажеттігі де анық. Финляндияның Ұйым қоғам­дас­тығының қауіпсіздік жайын­да­ғы тұжырымдамасын қолдай­ты­­нын айта кеткім келеді. Біздің еліміз саммит бойынша төрт ба­сым­дыққа мән беріп отыр. Олар: қақ­ты­ғыстар мен дағдарысты қадаға­лау, мұның ішіне ЕҚЫҰ мүмкін­дік­терін оңтайландырып, туында­ған қиындықтардан шы­ғу­мен қа­тар, олардың алдын алу,­ бол­дыр­мау, кәдімгі қару түр­леріне бақы­лау жүргізу, Ұйым мүшелерінің бірлесе қабылдаған шешімдерінің орындалуы, атап айтқанда, адами өлшемдерге қа­тыстылары бойын­ша және транс­ұлттық қауіп-қатер­лер, мұн­да, әрине, Ауғанстан бар. Астана Саммитіне үміт арта­мыз, осында қабылданған саяси декларацияда сан елден жинал­ған мемлекет басшылары ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидаттарынан ай­ны­май­ды, бұрынғы Хельсинки Қоры­тын­ды актісі мен Париж Хартиясын қолдайды деп сенеміз. Саммитте осы бағыттарды алға жылжытуда және ЕҚЫҰ болашақ дамуының “жол карта­сын” жасау жайында ке­лісімдерге келеміз деп үміт­тенемін. Форум жұмысына және Қа­зақ­­станның ЕҚЫҰ-дағы төраға­лы­­ғына сәттілік тілей отырып, Фин­лян­дияның саммиттің та­быс­ты өтуі­не саяси қолдау көрсетуге пейіл­ді екенін айтқым келеді. – Әңгімеңізге көп рахмет, елші мырза. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.