Түркі тілдес елдердің мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінің кезекті мәжілісі Түркияның әлемге әйгілі туристік қаласы Антальяда өткізіліп, онда келесі мәжілісті Астана қаласында өткізуге шешім қабылданды. Ережеге сәйкес еліміздің Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ТҮРКСОЙ-дың уақытша үйлестірушісі болып сайланды.
Осы басқосуда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас директоры Дүйсен Қасейіновке Башқұртстанның жоғары марапаты — «Халықтар достығы» ордені табыс етілді. Ол бұл марапатқа халықаралық ұйымды дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін Башқұртстан Республикасының президенті Рүстем Хамитовтың жарлығы бойынша ие болды. Оған марапатты Башқұртстан премьер-министрінің орынбасары Зугура Рахматуллина тапсырды.
Тұрақты кеңесте Түркияның Мәдениет және туризм министрі Ертұғрұл Гүнай, ТҮРКСОЙ-дың бас директоры Дүйсен Қасейінов, Қырғыз Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Садық Шер-Нияз, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Мәдениет министрі Кемал Дюрист, Татарстанның Мәдениет министрінің орынбасары Ирада Аюпова, Қазақстанның Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров және тағы басқалар өз ойларын ортаға салды.
Бұл түркі мәдениеті мен өнерін дамытуға арналған ТҮРКСОЙ ұйымының биік белеске көтерілгенін танытқан басқосу болды.
Асқар ТҰРҒАНБАЕВ, Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі.
Анталья .