• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2010

Дипломатия даналығы

410 рет
көрсетілді

Драма театры болғаннан кейін шығар, біздің  театрда «драматизм» деген сөз жиі айтылады. Пьеса оқысақ та драматизм із­дей­­міз, режиссерлар біздің ойы­ны­мыздан драматизм талап етіп жа­тады. Сол драматизм саясатқа да тән нәрсе екен. Қазақстанның Еуропадағы қау­іп­­сіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етпек ниеті бар деген сөзді естігенімізге талай жыл болды. Елбасымыз осы­ны кемінде алты не жеті жыл бұ­рын айтты-ау деймін. Сол кезден-ақ бұл қалай деп жорамал жасап, бал ашқандар аз емес еді. Кей газеттердің мұны Президенттің елге қалайда назар аударту амалы ретінде жасаған ұсынысы сың­ай­ын­да түсіндіріп, ол мүмкін емес нәрсе деп жазғаны да есімізде. Алайда уақыт өте келе Қазақ­стан­ның мұндай биікке қандай өлшеммен қарағанда да әбден лай­ықты екендігі бірте-бірте кү­мән тудырмауға айнал­ды. Елімізді алыс та таныды, жақын да таныды. Бұрын затымыз тұрмақ атымызды білмейтіндер енді бізді мойындайтын болды. Бара-бара құрметтейтін болды. Уақыт өте келе көрмегені жоқ кәрі құр­лық бізге төрін ұсынды. Осының бәрі өзінен өзі келе қалған жоқ. Елбасымыз жылдар бойы мем­ле­кетіміздің жаңа бейнесін әлемге наси­хаттау үшін талмай сапар шекті, барған жерінде Қазақ­стан­ның мүмкіндігін көрсете берді. Әйтсе де мұнан үш жыл бұрын Қазақстан ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы төрағалығына  сай­ланғанда бұл айды аспанға шығарғандай оқиға болып еді. Енді осылай айтпай қалай айтайын, егер Қазақстанымыз Еу­ропа төбебилігіне бүкіл ТМД елдерінің ішінен, бүкіл Азия құрлығынан, бүкіл мұсылман жұртынан, бүкіл түркі әлемінен тұң­ғыш рет қол жеткізсе? Нұр­сұл­тан Назарбаевты осыдан кейін дүйім дүниеге еліміздің жақ­сы атын жайған ерекше еңбегі үшін қалай ғана құрмет тұт­пассың? Халқыңнан елдің есесін жібермейтін ер шыққанына қалай ғана мақтанбассың? Уақыт деген заулап жатыр ғой. Арада екі жыл өтіп, Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін кезі де келіп қалды. Осы абыройлы міндетті ел қатарлы ат­қарудың өзі тәуелсіздігіне жи­ыр­ма жыл да толмаған ел үшін аз жүк саналмас еді. Президентіміз жыл басында Венада жария етілген бейнежолдауында ол мін­детпен шектеліп қалмақ емес екенін бірден-ақ аңғартты. Қа­зақ­стан төрағалығы осы ұйым­ның Саммитін шақыруды ұсына­тынын айтты. Тағы ойланып қалғандар аз болған жоқ. Саясаттан сырттау жүретін мына біздің өзіміз таңданғанбыз. Неге де­се­ңіз, мұндай Саммит осының ал­дында 1999 жылы, төндіріп айт­сақ өткен ғасырда, одан да асы­рып сөйлесек өткен мыңжыл­дық­та шақырылған екен. Білетіндерден сұрасақ, біздің алды­мыздағы төрағалықты атқарған елдердің біразы сондай саммит шақыруды ойға алып, бірақ ойлағандарын жеріне жеткізе алмаған екен. Неге десеңіз, бұл ЕҚЫҰ-да шешім атаулының бәрі мүше елдер түгелдей бір пәтуаға тоқтағанда, былайша айтқанда толық бірауыздан дауыс бергенде ғана қабылданады екен. Өзі­мізден басқа 55 елдің бар­лы­ғы­ның дауысына ие болу да білген адамға саясаттағы драматизмнің нақ өзі. Қазақстанның қолынан осы шаруа келді. 55 ел Қазақстанның 11 жылдан бері шақырылмаған Саммитті ойдағыдай өткізе ала­тынына сенді. Сөйтіп дауыс­та­рын бір ауыздан берді. Нұрсұл­тан Назарбаевты осыдан кейін бері қойғанда Еуразия құрлы­ғы­ның саясатын қалыптастырушы тұлға ретінде қалай ғана мойын­дамассың? Саммит шақыруға келісу бар да Саммиттегі уағдаластыққа келісу бар. Бұл арада да тағы то­лық бірауыздылық шарты ал­ды­мыздан шығады екен. 55 ел қол қойып тұрғанда 56-шы ел қияс тарта қалса қандай құжат бол­сын қабылданбай қала береді екен. Соңғы сегіз жылдың ішінде Сыртқы істер министрлерінің кездесулерінің өзінде бірде бір рет саяси декларацияға қол қоюдың сәті түспеген екен. Осыны естігенде дипломатияның драматизмі драматургиядан кем еместігіне біржолата көз жеткізгенбіз. Содан  да кеше ғана аяқ­тал­ған Саммитті алаңдай күт­кен­біз. Алаңдайтын жөніміз бар – арғы шеті көне тарихқа барып тіре­летін, бергі шеті кешегі ке­ңес­тік империяның белден баса беретін өктемдігімен байланысып жататын, кәдімгі созылмалы дерттей болып кеткен жанжалдар жет­­кілікті ғой. Бір үстелдің ба­сын­да бір мәселені бірлесе тал­қылау тұр­мақ, бір-біріне қол беріп аман­дасуды қойған ел басшылары бар екенін де білеміз ғой. Астанаға шақыру алғанда солар да түгел келді. Әрқайсысы өз пікірін айт­ты, өз елінің көзқарасын жақта­ды, қабылдануға ұсынылған құ­жаттың жобасына әрқайсысы өз елінің көңілінен шығатын сөз­дерді енгізуге тырысты. Саясаттағы драматизмнің кө­ке­сін біз кеше тағы көре алдық. Саммиттің екінші күнінде Аста­надағы таныстарымызға ауық-ауық хабарласып, құжат қашан қабылданатынын, Президентіміз оның қабылданғанын қашан жария ететінін сұрағыштап отыр­дық. Әуелі кешкі бестің шама­сында болып қалар деді, одан кейін алтының маңайында жа­рия­лайтын сияқты деді, одан кейін сағат сегізді айтты. Ол уақыт­тардың ешқайсысында теледидар алдына Елбасымыз шыққан жоқ. Сағат тілі кешкі тоғызды да, онды да, он бірді де соқты. Тәуелсіздік сарайы жағынан хабар жоқ сияқ­ты. Жүрек шіркін лүп-лүп етеді. Тақымымызды қысып отырмыз. Жо­лымызды оңғара гөр, еліміз­дің, Елбасымыздың мерейін биік ете гөр деп сұрадық Жарат­қаннан.  Қанша жерден саясаттан алыс жүрміз десек те түйсік-са­на­мызбен Саммитте пікірталас қы­зып жатқанын, қатысушылар бір пәтуаға келе алмай жатқанын сезіп отырдық. Өзі де солай болған екен. Жан­жалдасып жүрген жақтар өз дегенін ұсынып, өз ұстанымдарын қор­ғап баққан екен. Саммитті ұйымдастырушы елдің басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының ортақ құжатқа қол қоюға қол жеткізуінің қандайлық қиындық­қа түскенін Елбасымыз бұл шешімді түннің бір уағында, тіпті нақтырақ айтсақ 3 желтоқсан күні басталған шақта жария еткенінен өзіңіз-ақ шамалай беріңіз. Менің ойымша, Нұрсұлтан Назарбаев болмағанда дәл кеше, дәл сол құ­жатқа 56 ел тарапынан толық қол қойылуы неғайбыл еді. Елба­сы­мыз төрағалық еткен Саммит мә­жілісінде осыны жасаудың да сәті түсті. Нұрсұлтан Назарбаевты осы­дан кейін әлемдік саясаттың ерен тұлғасы деп қалай ғана та­нымассың? Елбасымыздың елден ерек дипломатиялық қасиетіне қалай ғана тәнті болмассың? Дип­ломатия даналығы деп осыны айтпағанда енді нені айтамыз? Мен – актермін. Сезімнің адамымын. Содан да өз ойымды қағазға толғаныспен, тебіреніспен түсіріп отырмын, бәлкім, тым елжіреп те сөйлеп жатқан шы­ғар­мын. Меніңше, сол түні жүз мың­даған, жоқ – миллиондаған қа­зақстандықтар теледидар ал­дын­да дәл осындай көңіл-күйді сезінді. Елі үшін, Елбасы үшін мақ­тан­ды. Арқаланды. Мерейленді. Осын­дай бақытты сәт­терді бастан ке­шіруге мүмкіндік берген Тәуел­сіздікке, сол Тәуел­сіздіктің туын желбіретіп ұстау­шы Елбасымызға халықтың бір перзенті ретінде жан-жүрегімді жарып шыққан алғыс сөзімді арнаймын. Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.