Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «Жәрдем» консультативтік-диагностикалық медициналық пойызының тұсаукесеріне қатысты, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Мамандандырылған темір жол құрамымен Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин таныстырды.
«Дөңгелекті емхананы» жасап шығару және жіберу ТЖМ, ДСМ және «ҚТЖ» ҰК» АҚ өзара іс-қимылымен жүзеге асырылды. «Жәрдем» пойызы жекелеген стансалар мен бөлімшелерде тұратын халыққа, теміржолшылар мен олардың отбасыларына медициналық қызмет көрсету мақсатында құрылған. Пойыз, сонымен қатар, төтенше жағдайларда шұғыл көмек көрсетуге арналған. Ауқымды төтенше жағдайлар кезінде осы пойыздың қызметкерлері кез келген өңірдегі көптеген зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіп, жедел операциялар жасай алады, сондай-ақ зардап шеккендерді басқа жерге көшіруге және уақытша ауруханаға жатқызуға мүмкіндік бар.