Кеше Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустрияландыру бесжылдығының картасы шеңберінде еліміздің өңірлерінде 2010 жылдың 2-жартыжылдығында бой көтерген 80 ірі инвестициялық нысандардың тұсауын кесіп, Президенттің өнеркәсіп саласындағы «Алтын сапа» және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін әспеттейтін «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанатына қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» және «Парыз» конкурстарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. «Алтын сапа» сыйлығы өнімдер немесе қызмет көрсету сапасы саласындағы жақсы нәтижеге қол жеткізгені, олардың қауіпсіздігігін қамтамасыз етуде, сондай-ақ мекемелерге заманауи менеджмент жүйесін енгізгені үшін конкурстық негізде беріледі. Жыл сайын өткізілетін «Парыз» конкурсының мақсаты өз жұмысшылары мен қоғам үшін әлеуметтік мәселелерді шешетін жекеменшік кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыру болып табылады. Бұл шаралар бір мақсатқа – Қазақстанның жаңа экономикасын құру мақсатына арналған. Қазіргі күні отандық бизнесті жетілдіру, оның бәсекелестік қабілетін арттыра отырып, заман талабына сай ету – ел алдындағы аса маңызды міндет болып отыр. Сонымен қатар өсіп келе жатқан кәсіпкерлік ортаның мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін онымен бірге бөлісуі, халықтың қамы жолында қызмет етуі бизнестің адамгершілік бет бейнесін айқындайтын мәселе. Мұның терең мәні елдегі тұрмыс пен әлеуметтік-экономикалық, саяси ахуалдың тұрақтылығынан көрінеді. «Парыз» сыйлығы кәсіпкерлік құрылымдарды осыған ынталандыруға арналған.
Биылғы жылы «Алтын сапа» сапа саласындағы Президент сыйлығы үшін жарияланған конкурсқа 207 компания қатысқан. Сондай-ақ биыл «Индустриялық серпіліс» және «Инновациялық серпіліс» атты жаңа сыйлықтар белгіленді. Олардың арасынан ең үздік отандық компаниялар осымен бесінші рет Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Биылғы жылы бұл Президенттік сыйлықтың өзіндік символдық мәні болды деп есептейміз. Ол еліміздің Ресей және Беларусьпен бірігіп кеден одағын құрған жылы ұсынылып отыр. Демек отандық кәсіпорындардың бәсекелестік қабілеті енді неғұрлым кең ауқымды деңгейге сай болуы қажет.
Сондай-ақ биылғы жылы «Парыз» сыйлығын алу үшін конкурсқа қатысушылар санының бұрнағыға қарағанда арта түскендігін байқатып отыр. Мұның өзі отандық кәсіпкерлер мен іскерлердің еліміздің дамуымен қатар қазақстандықтардың әл-ауқатының нығайтуына өз үлестерін қосуға деген ұмтылыстарының айғағы іспетті.
2010 жылғы «Алтын сапа» сыйлығы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша биыл «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» — «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-ға (Астана қаласы) және «Oxy-Textile» АҚ-ға (Оңтүстік Қазақстан облысы) берілді. «Халық үшін тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «RG Brands Kazakhstan» ЖШС (Алматы облысы) және «Родина Агрофирмасы» ЖШС (Ақмола облысы) лауреаттар атанды. Ал «Хан Шатыр» ЖШС (Астана қаласы) және «Кардиохирургия орталығы» ЖШС (Жамбыл облысы) «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымы бойынша сыйлықтармен марапатталды.
Бұл кәсіпорындардың қай-қайсысы болмасын қызмет пен өнім сапасының жақсаруына айтарлықтай үлес қосты. Мәселен Тараз қаласындағы «Кардохирургия орталығы» ЖШС өзінің соңғы кезде құрылғанына қарамастан аз жылдың ішінде үлкен табыстарға жетіп отыр. Бұл орталық қазіргі күні сала бойынша медициналық қызмет көрсету жағынан алғанда Алматы мен Астанадан кейінгі сәйкес ұйымдар арасынан үшінші орынға көтеріліп отыр. Тиісті сыйлықты ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік Хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың қолынан алған аталған ұйым басшысы Б.Жошыбаев өз сөзінде Елбасына ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін табысты жағдайда өткізгеніне құттықтауын жеткізе келе еліміздің индустрияландыру ісінде де үлкен табыстарға жететіндігіне кәміл сенім білдірді.
2010 жылғы «Парыз» Гран при «СПНС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-қа берілді. «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.», «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша – «Эйр Астана» АҚ, «Үздік әлеуметтік-жауапкершілік кәсіпорны» аталымы бойынша – «Қазмырыш» ЖШС-не бірінші орын берілді. Ал «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ «Индустриялық серпіліс» аталымы бойынша және «Алтынтау Көкшетау» ЖШС «Инновациялық серпіліс» аталымы бойынша Мемлекет басшысының арнаулы сыйлығының лауреаттары атанды.
Осы топтың атынан сөз сөйлеген «Қазмырыш» ЖШС басқармасының төрағасы Н.Попович өздерінің еңбектерін елеген Елбасына үлкен алғысын білдіре келе, бұл сыйлықтың ұйым басшылығын одан әрі жігерлендіретіндігін, әлеуметтік мәселелерді шешу ісі ұжымда одан әрі жалғасатындығын және қазіргіден кем болмайтындығын айтты. «Қазмырыш» ЖШС-сында 2010 жылы 4 млрд. теңгенің қаржысы әлеуметтік мәселелерге жұмсалған екен. Әрине, бұл аз қаржы емес. Демек осындай қолдау шаралары одан әрі жалғасатындығы – үлкен қуаныш.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша бекітілген сапа және әлеуметтік жауапкершілік салаларындағы жалпыұлттық конкурстарға қатысу қазақстандық бизнес үшін маңызды ынталандыру болып табылатынын атап өтті.
— Бүгін біз өтіп бара жатқан жылдың маңызды қорытындысын салтанатты түрде шығарып отырмыз. Еліміздің ІЖӨ-сі 7 пайыздан астамға, өнеркәсіп өндірісі 10 пайызға, өңдеуші өнеркәсіп 19 пайызға өсті. Біз 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының алғашқы онжылдығының міндеттерін, үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудамыз. Биылғы жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кеден одағы өз жұмысын бастады. 2012 жылғы Біртұтас экономикалық кеңістікті құруға негіз болған 17 келісімге қол қойылды. Бұл қазақстандық өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінде «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атану және «Қазақстанның үздік тауары» – жоғары бағасына ие болу – үлкен абырой. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі артып келеді. Биыл үшінші жыл өткізіліп отырған «Парыз» байқауы бизнес өкілдерін осы бағытта ынталандыра түседі деп білемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Президенттің тапсырмасымен 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – экономиканы әртараптандыру, қазақстандық қамтуды ұлғайту, шағын және орта бизнес үшін мүмкіндіктерді мультипликациялау, шикізаттық емес экспорттық әлеуетті арттыру, жоғары технологиялық өндірісті болашақтың экономикасына көшу. Индустрияландырудың алғашқы жылында-ақ шамамен 800 млрд. теңгеге 152 өнеркәсіптік нысан іске қосылып, 24 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасы жаңарғаннан кейін 161 мың тұрақты жұмыс орны және құрылыс кезеңінде 207 мың жұмыс орны ашылып, 8,1 трлн. теңге сомасына 294 жоба ішінен тізбе құрылды.
– Жаңа міндеттер экономиканың инновациялық дамуының жаңа қағидаттарын алға қоюда. Қазақстандық бизнес халықаралық сауданың белсенді қатысушысы болуы тиіс. Бәрінен бұрын, біз Кеден одағының әлеуетін, сондай-ақ Қытайды қоса есептегенде, өзге де дамыған рыноктардың әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Сонда ғана біз «Қазақстанда жасалған» бренді жоғары сапа белгісі ретінде қабылданатын уақытты жақындата түсеміз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Биылғы жылдың бір ерекшелігі – «Индустриялық серпіліс» және «Инновациялық серпіліс» жаңа сыйлықтарының тағайындалуы. Бұл сыйлықтарды еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының рухымен толық сәйкес келеді деп айтуға болады. Мемлекет басшысының осынау арнаулы сыйлықтарына жоғарыда айтып кеткеніміздей биылғы жылы «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ мен «Алтынтау Көкшетау» ЖШС ие болды. Бұл сыйлықтарды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тапсырды. «Индустриялық серпіліс» сыйлығын Елбасының қолынан алған «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ президенті Бағдат Шаяхметов өзінің алғыс сөзінде комбинат жұмысының алға басуына Елбасының еңбегінің зор екендігін атап көрсетті. «Еліміз нарық экономикасына бағыт ұстаған алғашқы қиын кездердің өзінде Сіз жан-жақтан қаумалаған қат-қабат шаруаларды шеше жүріп біздің комбинаттың мәселелеріне назар аударуға уақыт таба білдіңіз. Комбинат алдындағы үлкен проблемалардың шешім табуына көмек көрсеттіңіз. Біздің бүгінгі жетістігіміз – сонда негізі қаланған істердің, дұрыс бастаулардың жемісті нәтижесі» деді ол.
«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ титан өндірудің интеграцияланған биік деңгейіне көтерілген әлемдегі бірден-бір кәсіпорын. Қазір оның өнімдерін әлемге әйгілі ұшақ және мәшине жасау компаниялары тұтынады. Солардың қатарында аса ірі жолаушылар ұшағын әзірлейтін «Эирбас» компаниясы да бар. Сөйтіп комбинат қазіргі күні халықаралық күрделі өнімдер рыногындағы әріптестіктің кең ауқымды деңгейіне қол жеткізіп отыр.
Сыйлықтарды тапсыру рәсімінен кейінгі өзінің қорытынды сөзінде Елбасы елдің тарихы үшін 2010 жылдың өте елеулі жылдардың бірі болып табылатындығын атап көрсетті. Бұл жылы біз ЕҚЫҰ Саммитін өткізіп, еліміздің халықаралық қауымдастық арасындағы беделін нығайттық. Сонымен қатар үдемелі индустрияландырудың алғашқы жылын үлкен табыспен бастадық. Бір жылдың өзінде 152 индустриялық инвестициялық жоба іске қосылып отыр. Бұл үлкен табыс. Осы ретте Елбасы алғаш рет астананы Ақмолаға ауыстырып, осында көшіп келген кездегі жағдайды еске ала кетті. Сонда жаңа астанада ашылған «Эдем палас» атты ресторан қалаға көрік беріп тұрғандай көрінетін. Шеврон компаниясының қала орталығынан салған жаңа жанар-жағар май құю стансасының өзі көз қуанышына айналғандай еді. Ал енді Астананың қазіргі бейнесін осымен салыстыруға бола ма. Бүкіл ел экономикасындағы табыстардың өзі еліміздің жаңаруы мен дамуына осындай үлес қосып, еліміздің әлеуметтік бейнесін жылдан жылға өзгерте түсуде.
Биылғы жылы ішкі жалпы өнім 7 пайыздан астам, өнеркәсіп өндірісі 10 пайыздан астам, ал өңдеу өнеркәсібі 12 пайыздан астамға өсіп отыр. Елбасы осы ретте осы соңғы санның өте маңызды екендігін атап көрсетті. Еліміздің алдағы уақыттарда жер қойнауының байлықтарына сүйеніп өмір сүре бермейтіндігін ескертті. Үдемелі индустрияландыру ісі де осы мақсатқа сәйкес қолға алынып отыр. Елбасы бұл мәселені «Бүкілхалықтық іс» деп атап көрсетті. Бұл іске баршамыз болып жұмылғанда ғана жақсы табысқа жете алатын боламыз.
Аталған істе орта және шағын кәсіпкерлікті дамытудың шешуші маңызы бар. Осыған орай Елбасы ел экономикасын дамытудағы, индустриялық мақсатты жүзеге асырудағы кәсіпкерлер алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерді атап көрсетті. Қазіргі күні Қазақстан әлемнің 126 еліне 200-ден астам дайын өнім экспорттауда. Осыдан 5 жыл бұрын бұл болмаған еді. Демек экспорт мәселесін барынша дамытуымыз қажет.
Сонымен қатар инвестициялардың келуіне жол ашу қажет. Әрбір өңірдің инвестициялық тартымдылығына жетісу – өңір басшыларының, әкімдердің қызметтерінің негізгі өлшемі болып табылады. Бұл істе еңбек өнімділігін арттыру ісіне бірінші кезекте көңіл бөлген дұрыс. Өйткені индустрияландырудың терең мағынасы еңбек өнімділігін арттырумен тығыз байланысты болып келеді. Осыған орай Елбасы «Өнімділік-2020» бағдарламасының іске қосылатындығын, оны жүзеге асыру негізгі міндеттердің бірі болып табылатындығын жеткізді.
Жаңа заман бейнесінде қуат пен ресурстар үнемдеу мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл бағытта елімізде жүзеге аса бастаған жұмыстар баршылық. Мәселен Алматы қаласының әкімдігі қалада ауыз су үнемдеу мәселесін шешті. Ал Шымкент қаласында коммуналдық жүйелерге өлшегіш аппараттар қою арқылы бұл іс біршама алға басты.
Елбасы сөзінің соңында бизнестің алдындағы әкімшілік кедергілерді азайту мәселесіне үлкен көңіл бөлді. Осы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп те келеді. Нәтиже де жоқ емес. Биылғы жылы Бүкіләлемдік банк Қазақстанда осы бағытта жүріп жатқан жұмыстарға жақсы баға берді. Ендігі кезекте құқық қорғау органдарының бизнестің заң шеңберінде еркін әрекет жасауына мүмкіндік тудырулары қажет. Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі бақылау-тексеру жұмыстарының тізбесі мыңдаған өлшемдерден тұратын болса, жүйелі жұмыс жүргізудің нәтижесінде қазір олар мейлінше азайтылды. Бірақ соған қарамастан қызмет бабын сылтау етіп, кәсіпкерлік жұмысқа кедергі келтіру фактілері елімізде көптеп кездеседі. Құқық қорғау органдары осы мәселеге барынша мән беруі қажет.
Елбасы биылғы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін құттықтай келе, олардың жұмысына үлкен табыс тіледі. Кәсіпкерлерді және бүкіл халықты алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жаңа жылда жаңа табыстарға жетуге шақырды.
«Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ, Орынбай БАЛМҰРАТ.
* * *
Лебіздер
Қанат МҰСАБАЕВ, кәсіпкер:
– Бүгінгі өтіп жатқан шараның маңызы ерекше. Осы ретте еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың барынша мән беретіндігін, қашанда болсын қолдауға әзір екендігін ерекше айта кетпекпін.
Біз бүгін осы көрмеге өзіміздің робот-техникамызды алып келдік. Робот жасау ісі әлем елдерінде, соның ішінде Жапонияда жақсы даму үстінде. Ал мына күрделі дәнекерлеу жұмыстарын жүргізетін және бір затты бір орыннан екінші орынға ауыстырып қоя алатын біздің роботымыз осы саладағы еліміздегі ізашар жобалардың бірі болса керек. Осыдан біраз уақыт бұрын біздің жігіттер өздерінің осындай робот жасау жөніндегі идеяларын «Ұлттық инновациялық қор» АҚ басшылығына білдірген болатын. Олар біздің ұсынысымызға қолдау білдірді. Бұл жоба «Ұлттық инновациялық қор» АҚ қатысатын «Delta Technology Fund» венчурлық қоры аясындағы жобалық жұмыстар негізінде жүзеге асты. Келесі жылдың наурыз айынан бастап осы роботты шығаруды өндірістік негізге қоятын боламыз.
Аида КОЛМЕНЕВА, «Модалар үйі» ЖШС дизайнері:
– Елімізді индустрияландыру ісіне мода жасаушылар да лайықты үлес қоса алады. Индустрияландыру – жалпыға ортақ іс. Сондықтан біз өз тарапымыздан Елбасының осы іске үлес қосу жөніндегі шақыруына өзіміздің жаңа идеяларымызбен келіп отырмыз. Осы көрмеге индустрияландыру мен «Алтын сапа» байқауының киім үлгілеріндегі бейнесін жасап әкелдік. Оны өзіміздің халықтық дәстүрлерімізбен, қазақтың дәстүрлі сән киімдерінің үлгісімен сәйкестендірдік.
Бүгінгі өтіп жатқан шара өзінің зор маңызымен қатар еліміздің жарқын болашағының белгісі іспетті. Мына көрмеге көбінесе келесі жылдан бастап өнім бере бастайтын жаңа өндіріс түрлері мен жаңа бұйымдар қойылған екен. Осыған қарап-ақ Қазақстан болашағын болжауға болады.
Татьяна ЗЕЛЕНИНА, Мәскеу қаласындағы ТМД ынтымақтастығын дамытуға арналған «Интеграция» халықаралық қорының қоғам және БАҚ-пен байланыс жөніндегі директоры:
– Мен Астананы бірінші рет көріп отырмын. Шынымды айтсам қаланың көрікті бейнесін көріп, қатты таңқалдым. Бұл шын мәнінде болашақтың қаласы екен.
Мен кешеден бері Қазақстандағы индустрияландыру жұмыстарының барысымен беріле танысып жатырмын. Оның ауқымдылығы өте керемет. Мен оның үстіне Қазақстандағы білім беру, денсаулық сақтау ісін дамытуға арналған бағдарламалар барысымен танысып үлгердім. Осылардың аясында санаулы жылдардың ішінде ғана қаншама мектептер мен ауруханалар салыныпты. Қазақстан дамудың кең құлашты арнасына шыққан екен. Шынымды айтсам сіздерден үйренетін дүниелер өте көп. Және осылардың барлығы аз жылдың ішінде жүзеге асқан. Мен Қазақстанның болашағы керемет болады деп есептеймін.
Лиза ОЛЖАБАЕВА, Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы:
Ел экономикасының аз жылдың ішінде қаншалықты дамып үлгергендігінің бір көрінісін осы көрмеден көріп отырмын. Бұлардың барлығы дерлік индустрияландыру жобалары.
Біз Қазақстанның болашағын осындай көрме жұмыстарына қатысқан кезде өзіндік бір бағамдау мүмкіндігіне ие болғандай боламыз. Міне, осының бәрі Елбасының сара басшылығымен, Үкіметтің қолдауымен жүзеге асуда.
Біздің Маңғыстау облысында жалпы сметалық құны 536 млрд. теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба индустрияландыру картасына енгізіліп отыр. Олар толықтай іске қосылған кезде 27 мың жұмыс орны ашылатын болады.
Шағын және орта бизнесті дамыту ісіне ерекше көңіл аудармақпыз. Өйткені, шағын және орта бизнес – ел экономикасының жаны. Халықтың жұмыспен қамтылуында, тұрмыс пен қызметтің жандануында олардың үлесі зор болмақ.