• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2010

Арал – құрлыққа ортақ проблема

673 рет
көрсетілді

Экологиялық апаттың салдарын жою мен алдын алу белсенділікті қажет етеді Кеше Сыртқы істер министрлігінде аталған ведомствоның Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымы департа­мен­ті­нің директоры Сержан Әбдікә­рі­мовтің журналистермен кездесуі болды. Онда ЕҚЫҰ-ның маңызды өлшем­дерінің бірі – экологиялық-эконо­микалық өлшемді жүзеге асы­ру, оның ішінде Арал мәселесін оң­тай­ландыру төңірегінде атқарыл­ған жұмыстар әңгіме өзегіне айналды. С.Әбдікәрімов аталған мәселе аясында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге дайындығы және төрағалық ету кезінде атқарған жұ­мыстары жөнінде баяндап берді. «Қазақстан елімізге, барлық Орта­лық Азия елдеріне, жалпы алғанда, ЕҚЫҰ кеңістігіне тікелей қатысты өзекті мәселелерді шешуге белсене атсалысты. Қазіргі таңда Арал теңізіне қарасты аймақта белгілі бір дәрежеде оң нышандар бай­қал­ғанымен, жалпы жағдай әлі де көңілдегідей емес. Себебі, теңіздің құрғауы аймақтық қауіпсіздіктің түрлі аспектілеріне өзінің кері әсерін тигізуде», – деді Сержан Оралбайұлы. Осылай дей келе, ол кез келген мемлекет экономика­сы­ның барлық салаларының тұрақты қызметін жүзеге асыруда олардың су ресурстарымен қамтамасыз етілуі айрықша рөл атқаратынын атап көрсетті. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің су ресурстарын тиімді пай­далануға қатысты мемле­кет­аралық ынтымақтастығына белгілі бір дәрежеде мән берілуі тиіс. «Бүгінде Арал теңізіне қажетті өзендер суына деген тапшылық ер­екше байқалуда. Оған ауыз су мен ағын суға деген қажеттіліктің де арта түскенін қосыңыз. Сондай-ақ қауаңшылық пен құрғақшы­лық­тың белең алуы, Арал теңізі түбінде шо­ғырланған тұзды шаң шөгінді­ле­рінің кеңінен таралуы мен ауаға ұшуы, оның жергілікті тұрғындар денсаулығына тигізіп жатқан зия­ны бүгінде алаңдаушылық туғы­зып отыр. Ал бұл түйткілдердің барлығы Арал кеңістігі шеңберінен шығып, Орталық Азияның өзін толғандыруда. Мұндай мәселелер­дің кеңінен белең алуы өз кезегінде өңірдегі су ресурстары тапшылы­ғын туындатып, ал бұл суармалы жерлер көлемінің азаюына алып келуі ғажап емес. Сонымен қатар, өнімділік деңгейінің төмендеуінен экономикаға да белгілі бір мөл­шер­де шығын келетіні анық. Яғни, Орталық Азия елдерінің экономи­калық қауіпсіздігіне де орасан қауіп тууы әбден мүмкін», – деді С.Әбдікәрімов. Осы орайда, ол Арал теңізі төңірегіндегі түйткілдерді тарқату­да тиімді іс-шаралар қолға алынуы қажеттігін алға тартты. Ал бұл орайда, мәселе ауқымдылығы ескеріліп, оны шешуге аталған өңірге қарасты елдердің ғана емес, сон­дай-ақ, Еуразия құрлығында орна­лас­қан мемлекеттердің де күш-жі­гері ауадай қажет. Әрине, халық­аралық ұйымдардың көмегі де көптік етпейді. С.Әбдікәрімов Қазақстан ұй­ымға төрағалық ету тізгінін алған күннен бастап ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемінің жүзеге асырылуын өзіне міндет етіп алғанын атап өт­ті. Оның ішінде экономикалық-эко­логиялық өлшемнің маңызды­лы­ғын арттыруға баса мән берілгенін тілге тиек етті. Оның ай­ту­ынша, Арал мәселесін оңтайлан­ды­руды ілгері жылжыту бағытын­да бірқатар келісімдер мен құжат­тарға қол қойылған көрінеді. Мә­селен, 2009 жылдың қараша ай­ын­да Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығымен ынтымақтастық туралы меморан­дум­ға қол қойған. Бұл құжат ая­сында қос тараптың Аралдың қа­зақ­стандық бөлігінің су қауіпсіз­ді­гін сақтауға, Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын бірігіп бас­қару тетігін енгізуге бағытталған жо­ба­ларды жүзеге асыруда ауқым­ды іс-шаралар жолға қойылған. Ал би­ылғы жылдың 12 қазанында Еу­ропалық Парламентте «Арал теңі­зінің экологиялық апаты. Көлемі азайған теңізді қалай құтқара­мыз?» деген тақырыпта арнайы тың­далым ұйымдастырылған. Оғ­ан осы мәсе­леге тікелей мүдделі ма­мандар қа­тысқан. Аталған тың­да­лым бұл мәселенің Арал теңізі аймағына жататын елдер үшін ғана емес, Еуразия кеңістігі үшін де өзектілігі мен маңыздылығы ай­рықша екенін айқындап бергенін айту қажет. «Нақ осы желтоқсан айының 9-15-і күндері аралығында Алма­ты­да өткен Арал мәселесіне арнал­ған арнайы халықаралық донор­лық конференция аясында да ба­сым бағыттар белгіленді. Конференция шеңберінде Арал теңізін құтқару мақсатында арнайы бағ­дарлама мен бірлескен декларация қабылданып, ол бағдарлама негізінде 4 бағыттан тұратын, 45 кластерге біріктірілген 300-ге тарта жо­баны жүзеге асыру көзделіп отыр. Ал бұл жобаларға Дүние­жү­зілік банк донор болмақ. Яғни, оның қор­жынынан 800 млн. АҚШ дол­ларына жуық қаражат бөлінбек. Бұл жобаларға Аралды құтқару жө­ніндегі халықаралық қорға мү­ше елдер тарапынан да 2 млрд. АҚШ доллары құйылатын бола­ды. Тағы бір атап өтерлігі, Қа­зақстан 2011 жылы Астанада Қор­шаған ортаны қорғау министр­ле­рінің 7-ші Жалпыеуропалық кон­фе­рен­ция­сын ұйымдастырудың әз­ірлік ша­раларын бастап кетті», деді С. Әбдікәрімов. Кездесу соңында Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырма­лар жөніндегі елшісі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы департаментінің дирек­то­ры журналистерді қызықтырған са­уал­дарға жауап берді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.