• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2010

Көгілдір отын – ел игілігіне

458 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қаз­­ТрансГаз» АҚ «Бейнеу-­Бозой-Қы­зылорда-­Шымкент» магис­траль­­ді газ құбыры құрылысының жо­басын жүзеге асыру мақсатында бір­лескен кәсіпорын құрылған еді. Жаңа бірлескен кәсіпорынның бас­та­­ға­лы тұрған жұмысына әріптес бо­луға қытайлық «Trans­Asia­Gaz­Pi­pe­line­CoLtd» ынта білдіріпті. Осы­­лайша екі жақ «Бейнеу-Бозой-Қы­зылорда-Шым­кент» газ құбыры» жа­уапкершілігі шектеулі серік­тес­ті­гінің құ­рыл­тайшы шарттарын және жар­ғы­сын бекітіп, оған қол қойды. Жаңа газ құбыры республи­ка­мыздың оңтүстік өңірлерінің энер­ге­тикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп жоспарлануда. 2009 жылғы ел Үкіметі қаулысымен «Бейнеу­-Бозой­-Қызыл­орда-Шымкент» магистральді газ құбырының құрылысы Инвести­ция­­лық стратегиялық жобалар тізіміне және Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған Индустрия­лан­дыру картасына енгізілген ірі әрі маңызды жобалардың бірі болып табылады. Газ құбыры еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі энергети­ка­лық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жеткізіп берудің сенімділігін арттыру мақсатымен салынып от­ыр. Оған қоса, оңтүстікке еліміздің батысында орналасқан газ кен ор­ындарында шығарылатын қазақ­стан­дық көгілдір отын жеткізілетін болады. «Бейнеу-Бозой­-Қызылорда-Шымкент» жобасы Қазақстан және Қытай үкіметтері арасында қол қойылған келісім шеңберінде жү­зеге асырылуда. Аталмыш келісім «Қазақстан­-Қытай» газ құбыры құ­рылысы мен қолданысқа енгізілуіне де байланысты. Газ құбырын салу барысында 26 тарам құрылысы жоспарлануда. Олар арқылы жол жиегінде орна­ласқан құбырға жағалай қоныс­тан­ған елді мекендерге көгілдір отын жеткізілетін болды. Құрылыс кезе­ңінде түрлі саладағы 3500 маман жұмысқа кірісетін болса, кейін 2013 жылы алғашқы бөлігі қол­данысқа берілген кезде 500 тұ­рақ­ты жұмыс орны құрылмақшы. Газ құбырының құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңі 2011­-2012 жыл­дарға есептелген. Онда ұзын­дығы 1164 шақырымды құрайтын «Бей­неу-­Бозой-­Қызылорда-Шым­кент» учаскесінің құрылысы мен Ақтөбе облысындағы Бозой елді мекені аймағында компрессорлық стан­са салу қарастырылған. Екінші ке­зеңде газ құбырының Қызылорда облысына қарайтын Қараөзек ауы­лы төңірегінде компрессорлық стан­­са және 311 шақырым құбыр са­лы­на­ды. «Бейнеу­-Бозой­-Қызыл­ор­да-Шым­кент» бағытын тұтастай ал­сақ, жаңа газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, және Оңтүстік Қазақ­стан облыстары аумақтары­ның үс­ті­мен өтеді. Ал құбырдың жалпы ұз­ындығы 1475 шақырым­ды құрайды. «Бейнеу-Бозой­-Қызылорда-Шым­­кент» газ құбыры еліміздің энерге­тикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етпек. Оның бірден-бір жолы Қа­зақстанның батыс өңірлеріндегі газ кен орындарынан көгілдір отын жет­кізу арқылы оңтүстіктегі аймақ­тар сұраныстарын толық және тұ­рақты түрде қамтамасыз ету. Біз бұл үдеден шығамыз. Оның үстіне биылғы жаз айында еліміздің Парламенті ратификациялаған Үкімет­аралық келісімге сәйкес құрылған бірлескен кәсіпорынның әлеумет­тік мәселелерін шешуге бағыттал­ғандығын ескере отырып кедендік жеңілдіктер мен алымдардан, ұж­ым­дық кіріс салығы, сондай-ақ мү­лік салығынан босатылады, деп атап өтті бұл жөнінде «ҚазМұнай­Газ» ҰК» АҚ-тың газ жобалары жө­нін­дегі басқарушы директоры Бо­лат Назаров. Ал қытайлық әріп­тес, «Trans­Asia­GazPipeline­CoLtd» пре­­зиденті Сунь Бо өз жағынан «жо­баның та­бысты жүзеге асыры­луына қажетті барлық ынта мен күш жігерлерін жұмсауға дайын екендігін» атап өтті. Келісімге қа­ты­сушылар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарын газбен қамтамасыз ету үшін са­лы­натын жаңа газ құбырын қолданыс­тағы «Бұқара газды ай­мақ-Ташкент-Бішкек-Алматы» және «Қа­зақ­стан-Қытай» газ құ­бы­рының бірінші учаскесіне жал­ғай­тындығын сендіреді. Жобаның қаржыландыруы ту­ралы бірер сөз. Әрине, мұндай әл­еу­меттік салаға бағыттталған кез келген ірі жобаның қаржылық қол­дауы мықты болуы шарт екендігі айтпаса да түсінікті. Жоба 1 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі жарғы­лық капитал есебінен қаржылан­дырылатын болды. Бұл жарғылық капитал Қазақстан мен Қытайдың тең үлестік негізде салған 500 млн. доллар қаржысымен құрылған. Сон­дай-ақ, 2,5 млрд. доллар кө­лем­де заемдық қаржыландыру тағы бар. Жалпы құны 3 млрд. долларға жуықтайтын газ құбыры құры­лы­сының қаншалықты маңызды екендігін бөлініп отырған сома арқылы да байқауға болады. «Бейнеу-­Бозой-­Қызылорда-Шымкент» газ құбы­ры­ның» жарғылық капиталының қа­зақстандық бөлігі респуб­ли­ка­лық бюджеттен қалыптасатын бол­ды. Елбасы тапсырмасына сәйкес келесі жылдың алғашқы жарты­жыл­­дығының соңына дейін газ құ­быры құрылысының басталуы үшін дайындық жұмыстары то­лық­тай аяқталмақ. «ҚазТрансГаз» АҚ-тың бас ди­рек­торы Серік Сұлтанғалидың ай­туынша, «Бейнеу-­Бозой­-Қызылорда-Шымкент» газ құбырын салудағы Елбасы қойған негізгі мақсат тұр­ғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу еді. Осыған орай алдымен 3,5 мыңдай маман-жұмыскер тар­ты­лып, кейін тұрақты жұмыс ор­ын­дары ашылады деген бас директор газ құбырының 2 кезеңмен салынатындығын, оның қазіргі кү­ні қалай жоспарланып отырғанды­ғынан хабардар етті. «ҚазТрансГаз» АҚ және қытай­лық кәсіпорын «Trans­Asia­Gaz­Pi­pe­line­­CoLtd» арасында құрылған жа­ңа бірлескен кәсіпорын осылайша қазақстандық тұрғындардың әлеу­меттік мәселелерін шешуге бағыт­талып отырғандығын жоғарыда ай­тып өттік. Шындығында да, көгіл­дір отын арқылы еліміздің оңтүстік өңірлерін энергетикалық қауіпсіз­дік­пен қамтамасыз етсек, бұл рес­публиканың осы саланы жетілдіріп, сондай-ақ белгілі нәтижеге жет­кендігі болып табылады. Бір жағынан жергілікті тұрғындарға отандық газ жеткізілуі қуанышты жаңалық болса, екінші жағынан газ құбыры салынып біткеннен кейін ашылатын жаңа жұмыс орындары да игілікті іс. Венера ТҮГЕЛБАЙ.