• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
29 Желтоқсан, 2010

Бастама сенатта қолдау тапты

377 рет
көрсетілді

Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев  палатаның пле­нар­лық отырысында сөз сөйлеп ашып, онда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың өкілеттігін ұзарту мәселесінің  қоғамда қызу талқыланып, кең қолдау тауып жатқанына ерекше тоқталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ой­ын былай тұжырымдады: «Оған Елбасының халық игілігі үшін сі­ңірген қажырлы еңбегі, Отан мүд­десіне риясыз қызметі негіз болуда деп ойлаймын. Біз сәулеті дәулетіне сай, іргесі берік, әлем­де мерейі үстем болған мем­ле­ке­тіміздің дамуындағы биік белестер мен жетістіктерді Елбасының есімімен тікелей байланысты­рамыз».  Төраға осы ретте сара жол­дағы көшіміз ілгері жыл­жуы­ның бірден-бір кепілі – Елба­сы­ның сарабдал саясатының жал­ға­сын табуында екені сөзсіз дегенді айта келіп, Сенат депутаттары бұл бастаманы бірауыздан қол­дап, оны жүзеге асыруға қажетті заңнамалық негізді қамтамасыз етеріне кәміл сенемін дегенді тілге тиек етті. Осыдан кейін депутаттар бірден заң жобаларын қарастыруға көшті. Жыл аяғы және заң жо­ба­ларының маңызы ескеріліп, күн тәртібіне 14 мәселе шығарылған екен. Алдымен сенаторлардың на­зарына  «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәр­тебесі» туралы заң жобасы ұсынылды. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов баяндаған заңдық құжат универ­си­теттің дербестігі мен акаде­мия­лық еркіндігін қамтамасыз етуге, қамқоршылық кеңестер арқылы басқару жүйесін құруға, студенттер қабылдаудың дербес қағи­да­лары мен шетелдік серіктестерімен әлемдегі озық бағ­дар­ла­ма­ларды енгізуге қатысты артық­шы­лықтарды қарастырады. Сон­дай-ақ заңдық құжатта білім беру саласындағы басқарудың қазіргі заманғы нысандарын енгізуге, ғылым мен өндірістің инте­гра­ция­лануына ықпал жасайтын зерт­теу университетінің үлгісін құруға және өзге де стандарт­тарды қарастыруға оңды ықпал етеді деп күтілуде. Заң жобасы бірауыздан қабылданды. Білім беру мәселелері бойын­ша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды қарастыратын заң жобасын екі оқылымда талқыға салған депутаттар оны да қабылдады. Енгізілген түзетулер Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың ерекше құқықтық мәрте­бесін бекітуге және регламент­теу­ге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, академиялық басқарудың, қаржыландыру тетіктері мен ака­де­миялық еркіндіктің қазіргі за­манға сай нысандарын енгізуге жағ­дай жасалады. Осы ретте  И.Әміров, Қ.Баймаханов, Ю.Кубайчук және Ә.Ахметов өз сөз­дерінде аталған оқу орындары білім жүйесінде эталон болуы керектігіне ерекше тоқталды. «Дүниежүзілік пошта одағы­ның жарғысына жетінші қосым­ша хаттаманы ратификациялау ту­ралы» заң жобасы бойынша баяндаманы Байланыс және ақ­па­рат вице-министрі Сәкен Сәр­се­нов жасады. Дүниежүзілік пошта одағы 1874 жылы құрылса, қа­зір­гі таңда оның құрамына әлемнің 151 елі кіреді. Қазақстан аталған ұйым жұмысына 1992 жылдан бастап қатысып келеді. Заң жо­ба­сының негізгі мақсаты мемле­кет­тердің және олардың пошта әкімшіліктерінің пошта қызметін тиісінше көрсету жө­ніндегі жан-жақты ынтымақ­тас­тығын қамта­ма­сыз ету болып табылады. Депутаттар аталған заң жобасының маңыздылығын ес­керіп, оны бірауыздан қабыл­дады. Сол сияқты Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Екі­бас­тұз ГРЭС-2-інің үшінші бло­гын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы да қолдау тапты. Аталған заңдық құжат екі ел арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынты­мақтастықты арттырып, екі ел аумағынан электр энергиясын тасымалдауға мүмкіндік береді. Ал үшінші энергоблок туралы келісім бойынша корпоративтік, мүлік және жер салықтары бой­ынша жеңілдіктер қарастырылып отыр. Сенатор Т.Симамбаев сұ­ра­ғына орай жауапта үшінші блок­тың қуаты 500 мегаВатт болып, қы­сым мен температураны ай­қын­дайтын құрылғы орнатылары белгілі болды. Жобаның аяқталу мерзімі 2014 жыл деп белгіленіпті. Депутаттар сондай-ақ ғарыш ке­ңістігін пайдалану, медиация және өзге де мәселелер бойынша тиісті заңдық құжаттарды қолдады. Отырысты қорытындылаған Сенат Төрағасы үстіміздегі жыл­дың табысты болғандығын ерекше атап өтті.  Қазақстан әлемдегі қаржы-экономикалық дағдарыс­ты еңсеріп, қайтадан өрлеу жо­лына түсті. Ішкі жалпы өнімнің өсімі биыл 7 пайыздан асты.  Жыл басынан бері Парламент Ел­басы айқындаған дамудың стра­тегиялық бағдарына сәйкес, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру­ға, Кеден одағының жұмысын қам­тамасыз етуге, сот және құ­қық  қорғау  жүйесін, білім, ғы­лым және денсаулық сақтау сала­ларын жетілдіруге бағытталған 154 заң қабылдады. Жаңа жылда да халқымыздың әл-ауқатын көте­руді, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуін қамтамасыз етуді көз­деген келелі шаралар мен міндеттер тұр. Мемлекет басшысы ал­ды­мызға қойған абыройлы мақ­сат­тарға барлық күш-жігерімізді жұмсап, халқымызбен бірге биік белестерге жетеміз деп бәріміз сенеміз, деді Қ.Тоқаев. Төраға осы орайда әріптестеріне еңбек­те­ріңіз жемісті болсын, дей оты­рып Жаңа жылда тек қана жақ­сылықпен кездесе берейік деген игі тілегін жеткізді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.