• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2016

Тұманды Альбион елінде

1829 рет
көрсетілді

Әлемге үн қатқан қала Бұл қаланың аты – Ковентри (ағылшынша – Coventry). Елдің шығысында орын тепкен Уэлст-Мидлендс атты ағылшын граф­тығы. Мұнда фабрика өнеркәсібі ерекше дамыған: әсіресе әртүрлі үлгідегі шляпа тігу өнері барынша жолға қойылған. Сонымен бірге мұнда сағаттар, велосипедтер, тігін машиналары шығарылады. Тіпті, кілемдер мен түрлі ленталар да жасалып келіпті. Осы қалада Джэгьюар Ленд Ро­вер компаниясының штаб-пә­тері орналасқан. Бұл компания «Ягуар» және «Лэндровер» маркалы автомобильдерді әлем жұрт­шылығына молынан ұсы­нуымен аты шыққан. Елдің бас қаласы – Лондоннан небәрі 150 шақырым жерде орна­ласқан. Әрине, қаланың арғы-бергі тарихы қазіргі оқырмандар үшін аса таңсық емес, кез келген кісі сайт арқылы оны біліп-түгендей алады. Сосын да тарих қойнауына негіздеп еніп, бойлап бара бергіміз жоқ. Біздің бұл жазбаларымыздың мақсаты мүлде басқа. Бізді таңғалдырған, өзгеше ойға жетелеген екі нәрсені баса айт­қы­мыз келеді. Оның біріншісі – «Леди Годи­ва» тастұғыры. Мұның тарихы өте қызық. Сәйгүлік аттың үстінде тыр жалаңаш әйел отыр. Ол кім? Ол – леди Годива. Бұл әйел – бір жылдары әйгілі ақын Теннисонның осы аттас тамаша поэмасына да кейіпкер болыпты. Тебірене-тол­ғана жырлаған екен талантты ақын... Сонша шабыт беріп, поэма арнайтындай бұл не құдірет? Ақынды несімен, қандай қасиет-қырымен шабыттандырды екен? Сондай сауалға жауап іздеп бақтық. Тарихы мынадай: Бір замандарда қала жұрт­шы­лығы салық төлеуден әбден шаршап, титықтады. Әр-әр жерлерден қарсылық үндер шығып жатқан. Сонда да оны тежеп-тоқ­татуға қала басшылығы ынталы емес. Годива граф Леофиктің әйелі болған екен. Графтықтың адамдары салықтан әбден зәрезап күйге түсіп, Годива өз күйеуінен салықты азайтуды өтінеді. Күйеуі көнбей қояды. Бір тойдың үстінде әбден шарапқа қызып алған Леофик әйеліне: «Егер атқа тыр жалаңаш мініп, қала көшелерімен салт жүріп өтсең, салықты төмен­детейін», дей­ді. Әйелім олай ете қоймайды, содан кейін өтініш айтуын да до­ғарады деп ойлайды граф. Әйтсе де Годива өз халқы үшін ар-намысына тиетін осы қадамға барады. Қай күні, қай сағатта көшеге атқа мініп шығатынын да алдын ала хабарлайды. Годиваны ерекше жақсы көріп, сыйлайтын қала халқы бір ауыздан келісіп, көшеге шықпай қояды. Терезелерді де жауып тастайды. Сөйтіп, Годи­ваны жалаңаш күйінде ешкім де көрмейді. Годиваның ерлігіне жә­не ақылына қайран қалған граф райынан қайтып, салықты азайтуға пәрмен берген екен дейді аңыз. Осындағы бүкіл халық бұл аңызға имандай сенеді. Иланады. Леди Годиваны жалпақ жұртқа жаны ашыған, жүрегі таза, ниеті ақ әйел заты ретінде төбелеріне көтереді. Сосын да тастұғыр қала орталығында еңсе тіктеп әлі күнге тұр. Айбарланып тұр. Көп кісі, әрине, тап осы тас­тұғырдың түпкі мән-мағынасын дөп түсінбеуі де ықтимал. Кей­біреулер «әйел кісіге бүкіл халық алдында осылай жалаңаштану да ерлік пе?» деп ыңғайсыз көруі де мүмкін. Алайда, тарихта аты жазылған әйел затының осы бейнеде ел есінде сақ­талып қалуға толық хақы да бар шығар! Жеңіл ойлылықпен, жылт­етпе сезіммен һәм әуейі ниетпен жасалған әрекет еместігі ақиқат! Екінші жағынан ойлайсыз. Қалай десек те «Леди Годива» тас­тұғыры – тарихи бағалы ескерт­кіш! Кешегі заманнан қалған асыл жә­дігер! Сосын да бұған өнер туындысы деп аса кұрметпен, мейлінше ықыласты көңілмен қараған әбден оңды болмақшы. Біз соны ойладық. Солай қа­былдауға тырыстық. Екіншісі – осы қаладағы ха­лықаралық әмбебап университет. Былай қарасаңыз, көпке елеу­сіздеу оқу орны, тіпті кейбір елдер оның атын әлі күнге дөп басып біл­меуі де мүмкін. Біз де алғашқы кезде «әлемді өзіне қаратқан қан­дай оқу орны екен» деген сауал ізінде болғанбыз. Көкейде күдік те баршылық еді. Осында келген соң, ә дегеннен-ақ көп нәрсеге көз жетті. Бұл оқу орнында осы кезде әлемнің түк­пір-түкпірінен келіп білім алып жатқандар шексіз көп. Оқу ор­нының қырыққа жуық білім беру корпусы бар екенін білгенде, таңданғанымыз да рас. Университет жылма-жыл әлем­дік деңгейде оқуға қабылдау үшін жариялы түрде конкурс-байқау өткізеді екен. Міне, сол байқауға кез келген елден кез келген талапкер қатысып, бақ сынай алады. Ал оза шауып жеңіске жеткендері осы оқу орнында тегін білім алу жолдамасын қанжығаға байлайды. Ондай шәкірттерге қашанда есігі айқара ашық. Бізді бұл қалаға жол көрсетіп, жетелеп әкелген де – кіші қызымыз Айсұлу. Ол өткен жылы осы Ко­вентри университетінің конкурс-байқауында бақ сынап, топ жарып, жеңіске жеткен-ді. Бір жыл оқыды. Магистратурада. Енді, міне, оқуын аяқтап, диплом алғалы жатыр. Диплом алу салтанатына біз де (анасы екеуміз) қатыстық. Бастан-аяқ тыңдап-тамашаладық. Таңданысымыз да бар. Көңілге түйгеніміз де көп. Әсер үлкен. Бұл салтанатты сәт студенттер тұрмақ, бізді де барынша ойландырды. Жас мамандарға ізет белгісі ерекше. Бітірушілерге құрмет бөлек. Мәртебелі қонақтар төрде отыр­ды. Зал толы халық. Бәрі де – ата-аналар. Олардың арасында кім жоқ? Жер жүзіндегі барлық ұлт өкілдері бар десе де болғандай. Ақ түсті, сары түсті, қара түсті... Екі-үш топ бітіріп жатыр. Бө­лек-бөлек диплом тапсыру рәсімін (арнайы киім кию, сап түзеп келу, ізет жасау, диплом алу, сосын құрметті профессордың қол қысып құттықтауы, т.б.) жасады. Ал со­лардың арасында... екі-үш түйір қазақ қызы. Өте аз. Бірақ саз! Өз күштерімен арнаулы грантты же­ңіп алған жас ұрпақ. Бүгінгі қазақ ұландары. Соны ойлағанда, төбеміз көкке жеткендей болып қуанып отырдық. Дана Шекспирдің шаһары Екінші бір қалаға жол түсті. Ол – ұлы драматург Уильям Шекспир туған қала. Аты – Страт­форд. Біз тоқтаған Ковентри қаласы­нан небәрі 40-50 шақырым жерде. Алғашында екі араға қаты­найтын кәдімгі автобусқа билет алғанбыз. Оның уақыты – күндізгі 11-00 болатын. Сол уақытқа тақап, автовокзалға келсек, Стратфортқа ба­ратын автобус бес минут бұрын жү­­ріп кетіпті. Біз аң-таңбыз. Бұл қалай? Автовокзал қызметкерлері қат­ты састы. Біздің кінәміз емес, өз­дері кінәлі. Онлайнмен алынған би­лет дұрыс. Тек автобустың жү­ру кестесі таяуда өзгерген. Ал оны онлайнға уақтылы енгізбеген. Бұ­­рынғы уақытымен қалып қойса керек. Бар кілтипан сонда. Біз де шарасыз болып отырып қалдық. Енді не істемек керек? Мен ішімнен «Шекспир туған қа­лаға барудың сәті түспейтін бол­ды білем» деп, өзімше өкініш біл­діріп те тұрдым. Өйткені, ендігі автобус тек кешкісін жүреді. Біз барғанша музей жабылады. Ер­теңге қалу қажет. Оған біздің мүм­кіндігіміз болмайы­н деп тұр. «Қап!» деймін ішімнен. «Сәті түспеген соң осы да. Мұндай оң­тайлы жағдай енді қашан туады? Туа ма ондай кез?.. Көру керек еді. Бару керек еді!» Шешуін өздері айтты. «Сәл күте тұрыңыздар, ой­лас­­тырып жатырмыз» деді. Күт­тік. Ақыры, бізге арнайы көлік бөлінді. Үшеумізге – жеке такси. Сол ав­тобусқа алынған билетінің құ­нына Стратфорд қаласына жеткізіп сал­мақшы. Міне, әділдік! Міне, кісіге деген құрмет! Жеңіл көлікке 50 шақырым жер де сөз бе! Деп-демде жеткізді де тастады. Қалаға кірген соң, дереу Шекс­пирдің музей-үйіне бет­теген­біз. Ескі үй. Ағаштан құрап тұр­ғы­зылған. Төбедегі белағаштар да ырсиып-ырсиып көрініп тұр. Екі қабат үй екен. Тап сол үйде жас Уильям дүние есігін ашқан. Бес жасқа дейін сәби болып еркелеп жатқан кереуеті де сақ­­таулы. Ескі, әрине. Ағаш астау іспетті. Бөлмелерді араладық. Едені ағаш. Сықырлап-сықырлап, «мен ескінің көзімін ғой, мені байқа­дыңдар ма?» дегендей әндетіп қоя­ды. Ескі заманнан өз әуенімен сыз­дықтата сыр шертіп тұрғандай. Ерекше көзге түскені – осында Шекспирдің барлық драмалық шығармаларының көріністерінен фотостенд жасалыпты. Сансыз көп спектакльдерден көріністер. Ол ұзыннан-ұзақ қабырғаны алып тұр. Қайта-қайта қарай бергің келеді. Бәрі – таныс көріністер... Тағы бір тұста – Шекспир шы­­ғар­маларының әр кездердегі басылымдары. Олар да өзіне тарта түсіп, өзінше сыр айтады. Әрқайсысына үңіле қарайсыз. Стратфорт қаласы, меніңше, ұлы драматургпен тыныс­тап тұр­ғандай. Маған солай секіл­денді де тұрды. Соны ғана мәлім­дейтіндей. Өйткені, ол тұрған үйге жал­ғаса тағы да бірнеше үйлер бар. Онда өзі тұрған, қызы тұрған, т.б. ет жақын туыстары тұрған. Бәрі де музейге айналған. Тіпті, Шекспир бақилық бол­ған соң туған-туыстарымен жерленген орталық шіркеу де музей қызметін атқарады. Оған да келушілер өте көп. Шексіз көп. Кіріп-шығып жат­қандар сансыз. Ұлы Шекспир! Ұлы драматург! Ұлы ақын! Тап осы талант бұл қалада тумаса, бұл топырақтың аты әлемге дәл мұншалық жайылар ма еді, қайтер еді? Біз келер ме едік, келмес пе едік! Осынша құмартып, іздер ме едік, іздемес пе едік!.. Бір сәтке осындай ой қылаң еткен. Көз алдыңа әртүрлі суреттер елестейді. «Король Лир», «Гамлет», «Отел­­ло», «Макбет», «Ромео мен Джу­летта», т.б. драмалардың әр кез­дердегі қойылымдарын еске түсіресің. Ондағы рөлдерді, көрі­ніс­терді әлемге аты кеткен қан­ша­ма талантты актерлері ойнамады дейсің! Біз Мәскеудегі, Алматыдағы өз көзімізбен көрген Шекспир қойы­лымдарын ойша көз алдымызға әкелуге тырысамыз. Көкейге қо­нақ­тап қалған жас кездегі әсерлі сәтті тағы да еске түсіреміз. Бір қызығы – өз елінде Уильям Шекспирді «ақын» деп таныстырады. Рас, Шекспирдің өлеңдері, поэмалары өте көп. Алайда, оның атын әлемге жайған – пьесалары. Біз солар арқылы танып өстік. Солай бағаладық. Әсіресе, «Король Лир»! Әсі­ресе, «Гамлет!» Әсіресе, «Ро­мео мен Джульетта». Болмаса М.Әуезов тамаша тіл­мен қазақшалаған «Асауға – тұсау!» Қысқасы, біз Стратфорд қа­ласын бастан-аяқ аралағанда әр адым сайы­н Шекспирге қатысты қызықты деректер алдымызды кес-кес­тей берді. Міне, бұл ұлылық! Ешкім ештемемен жауып-тұмшалай алмас ұлылық! Шерлок Холмс шындығы Жер жүзінде атақты Шерлок Холмс пен доктор Ватсонды білмейтін адам бар ма? Әй, жоқ шығар-ау! Біздің жас күнімізде-ақ осы Лондондағы Бейкер стрит, 221 «б» деген үйде атақты Шер­лок Холмс пен доктор Ват­сон тұрыпты деп оқушы едік. Олардың қызметшісі мис­сис Хадсонды да есімізде сақтап­пыз. Осы үшеуінің есімін жатқа білуші ек. Түсімізде көруші ек. Бұлар кімдер? Бұлар – атақты қаламгер Артур Конан-Дойлдың әде­би кейіпкерлері. Тап осы кейіп­керлер араласқан тартымды да қызғылықты көркем дүние­лердің ұзын-саны 60-тан асып жығылар еді. Біз соның шамамен тең жарымына жуығын ғана оқыған болармыз. Бірақ, бір оқырманға ол аз емес, әрине! Сонымен қабат, осы кейіп­керлер ойнайтын түрлі көр­кем фильмдерді талай рет та­­ма­шалағанбыз. Әсерлене көрген­біз. Ең қызығы – аталған кейіп­керлер өмірде болған ба? Әл­де жазушы Артур Конан-Дойл­дың қиялынан туған ба? Тап осы сауалды ойламаған екенбіз. Өзімізге-өзіміз қоймап­пыз. Осы күнге дейін. Қызым осындай сауал бергенде ғана ойланып қалғаным рас. Бір нәрсе ақиқат. Осы күні әлем жұртшылығы жазушы Артур Конан-Дойлды көп біле бермес, ал Шерлок Холмсты білмейтіні кемде-кем. Міне, кейіпкердің жазушыдан озып кетуі деген осы болар, сірә! Лондонға келген күні алдымен осы Шерлок Холмс пен доктор Ватсонның музей-үйін көруді мақсат тұттық. Сол көше. Сол үй. Сол кө­рініс. Есік алдында қаптаған кісі. Бәрі кезек күтіп тұр. Бар арманы – музейге кіріп, аңыз кейіпкерлер өмірімен танысу. Шындыққа көз жеткізу. Кірген кездегі әсерді айтып жеткізгісіз. Баяғы бала шаққа, арман­шыл жас күндерге қайта орал­ғандаймыз. Әр бөлмеге кіре бергенде Шерлок Холмс пен доктор Ватсон алдымыздан шыға келетіндей елеңдейміз. Сескене қараймыз. Үй ескі. Едені ағаш. Басқан сайын сықырлап қоя береді. Көп заттар сақталған. Шер­лок Холмстың скрипкасы, дүр­­бісі мен бас киімі, доктор Ват­сонның қолшатыры, т.б. заттар рет-ретімен қойылған. Тіпті, өздері қатар отырып, әңгіме-дүкен құратын камин пеш пен екі жайлы орындық та көзімізге оттай басылған (көп әңгіме осы жерде айтылмаушы ма еді). Бізді ойландырғаны – ағыл­шындардың әрбір тарихи жә­дігерге соншалық ұқыппен қа­райтыны. Соны әспеттеп сақ­тай білгені. Мұнда елеусіз зат жоқ. Бәрі де тарихтан сыр шертеді. Ұстап көрмей-ақ іштей сезінесіз. Міне, тәрбие мектебі! Шіркін, біздің халық та тап осылай өз өткенін өздері ұқып­тап ұстап, келер ұрпаққа аманат етіп жатса, қандай ғажап болар еді деген ой бір бүйіріңді түрткілейді. Осындайда тағы бір төтен ой қиялайды. Жазушының танымал болған кейіпкерлеріне ескерткіш-белгі қоюды бі­лу­ші ек, оның бастамалары бізде де бар. Ал енді белгілі кейіпкерлерге арнап үлкен музей ашу – ең ұлағатты іс. Бізге де ойланатын ізгі шаруа ма дейсің. Ондай музейге сұранып тұрған кітаби кейіпкер бар ма бізде? Ол енді басқа әңгіме. Тоқсан сөздің тобықтай түйіні – біз аралаған қалалар, мәдени орындар мен музей-үйлердің әсері орасан. Жасы­мыз алпысты иектеп қалған шақта, әрине, жол-жөнекей көрген-білген нәрсенің бә­ріне таңдай қағып, таң қала бер­меспіз де. Ондай лапылдақ сезім саябыр тапқан кез. Не нәрсеге де ақыл көзімен қа­райтын уақыт. Сосын да та­нып-білгенді саралап, сал­мақтаймыз. Елеп-екшейміз. Сөз жоқ, Англия білмейтін-түсінбейтін еліміз емес. Әртүр­лі тарихи кітаптардан ол елдің тарихынан едәуір хабардармыз да. Алайда, көзіңмен көрген жер­лердің әсері басқа болады екен. Бұл жазбаны көзсіз табыну сезімімен емес, бізге де үлгі алуға болады-ау деген ізгі әсер ізімен, әр сәтіне тоқтала мейлінше мұқият қағаз бетіне түсірдік. Бар ниет сол болатын. Жолтай ЖҰМАТ, жазушы.