• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2016

Жақаудың жазушылық жолы

481 рет
көрсетілді

Жайсаң мінезді, абзал азамат – Жақау Дәуренбековті бозбала кезінен білетін кісілердің бірімін. Сондықтан да мына мүшелтойы тұсында ол туралы көкейімде жүрген сырымды сабақтай отырып, өз ойымды ортаға салғанды жөн көрдiм. Ал бізді туыстай табыстырып, ағайындай араластырған тек қана қызметтес («Лениншіл жаста»), қаламдас болғандық емес, көңіліміздің бірлігі, жандүниеміздің жақындығы шығар шамасы. Жақаудың біртоға, сыпайы, сырбаз, жібектей жұмсақ мінезі кісіні өзіне тартып тұратыны сондай, онымен бір көрген кісінің өзі алаңсыз ашылып, ақтарыла, сырласа-сөйлесе жөнелетіні маған баяғыдан мәлім адами қасиетінің бір ұштығы. Киелі сөз өнерінің қос қанаты – жур­налшылық пен жазушылықты өмірлік серігі, жан сарайының сыр сандығы ретінде ұлықтап жүрген Жақаудың шығар­машылық жолына ой жүгіртіп, сыр шертер сәтте сөз басында оның журналшылық қызметіне қысқаша ғана тоқтала кеткен дұрыс болар. Иә, әуелі мектепте, сосын университетте жүрген кезінен өзін қызықтырған түрлі тақырыптарға мақала жазып машықтанған Жақау «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш») қызметке қабылдана сала газет жұмысына қызу араласып кетті. Шабыттана, шалқыта, көсілте, бұрқырата жазды. Сылдыр сөзге салынбай, салмақты ой-пiкірін мән-маңызды мәселелерді қозғауға арнауға асықты. Елдік мұрат, ұлттық мүддені көздеп те көк­сеп жазған көсемсөздері, өнегелі жастардың өмірі туралы көркем очерктері ел есінде жүрсе керек. Ол журналшылық жолында да азаматтық сөзін айтудан айны­ған емес. Ақиқатын айтып, адалынан жарылып, жақсыға сүйініп, кемшілікке күйініп жанын салып жазудан жаңылмаған қанатты қаламгер болып қалыптасты. Оның қабілет-қарымын айғақтайтын жазбалары өзінен кейінгі жастарға үлгі болғандығы да шындық. Жақаудың журналшылық шеберлігін саралай талдап жатпай-ақ оның елді елеңдет­кен қайсыбір көкейтесті мақалала­ры­ның атын тізбелеу арқылы-ақ бағалай беруге болады ғой деген пікірдемін. Мысалы, мына: «Тағы да тақия киіп қай­тамыз ба?», «Сегіз бағдарлама, он тоғыз жоба», «Бақ пен тақ», «Кісеннен шын­дықты кім босатады?», «Ел ертегі іздеп жүр», «Он жыл тағы омбылаймыз ба?», «Астана – мемлекеттің жүрегі», «Ауылды көтеру – абыройлы іс», «Күрес кардиограммасы», «Қазаққа кітап керек пе?», т.б. деген мақалалардың нендей маңызды мә­селелерге арналғандығын айтпай-ақ аңғарасың. Өмірдің қыры мен сырына терең бойлап, сөз өнерінің өрісі мен өресін жүрегінде жұптап, жазу машығының мәйегі – көркем тілді көкейіне қондырған соң ғана жазушылық жолға түскен Жақаудың қаламы төселіп, қанаттанып, қабырғалы қаламгерлер қатарына қосылды. Өткеннің өнегесі бүгінгі ұрпаққа үлгі болсын деген дегдар ақ ниетпен жазылған сондай шығармалар қатарына Жақаудың да өзіндік үлес қосқанын айту парыз. Осы орайда Жақаудың «Дала хикаялары» топтамасы қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың әйгілі «Дала балладалары» шығармасымен үндес келе­тін көркем туындылар екендігіне назар аударамыз. Бірақ ол тақырыбы жа­ғынан тамырлас бола тұра жазылу мәнері жөнінен мүлде басқаша, өзіндік өрнегі, төтенше түйіні бар туындылар. Мысалы, «Көкжалда» қазақтың атақты батыры Жанқожаның шау тартқан шағының бір сәті – дарабоздың дұшпанымен соңғы шайқасында шәйіт болған оқиғасы әдемі, әсерлі әңгімеленген. Ақ патшаның алдынан өтіп, құзырына бағынайық деп қолқа салған Арынғазы сұлтанның сөзіне ермеген Жанқожа батырдың ойлағаны басқа. Арынғазының арманы хандық билікке жету. Жанқожаның сұлтанға ермеу себебі: Арынғазыға қолдаушы керек болса, халқына қамқор қорғаушы керек. Сұлтан биліктің төріне шығуды армандаса, батыр атақонысын, ел-жұртын қорғау жолына белін бекем буған ер. Жанқожаның жанын қинайтын жалғыз сауал: елімнің ертеңі не болмақ?! «Бетке шығар деген қазақтың қаймақтарының жүрісі анау: бірі – түлкі, бірі – қасқыр, бірі – қабылан. Хиуа ханы қазаққа хан қоям десе сол бірін-бірі талап жеп, жұлмалап жатыр. Бірін-бірі шабады, бірін-бірі қабады. Ортада шырқырап, ошағының күлі бұрқырайтын сорлы халық қана... Әр таңы алаңмен атып, елеңмен бататыны содан». Жанқожа батырдың соңғы шайқасқа шығар алдындағы жанын жеген осындай ойларын қағаз бетіне түсірген жа­зушының көздеген мақсат-мұраты әріде. Ол өткенді айтып, тәуелсіздіктің туын жығып алмаудың амалын да еске салуды саралай санамызға сіңіруге құлшынған. Келесі «Үзеңгі дос» хикаясы да жоғарыда сөз болған «Көкжалмен» тақырыптас туынды. Мұнда да елі мен жерін қорғап, бүгінгі ұрпақ – біздердің кең-байтақ өлкеде өкінішсіз ғұмыр кешуімізді ойлап опат болған Ақтан батырдың «Көк теңіз бен дарияны зерттеп, қайық саламыз. Сіздерге тиіспейміз. Бізге керегі тыныштық пен түсінушілік» деген орыс отаршыларының арбауына сеніп, артынша алданғанына опынып, санын соғып қалатын сәті суреттелген. Ұзамай уәде бұзылып, өңірге орыс әскері қаптап келе бастаған. Сөйтіп, алмағайып күн алқымға алған соң үзеңгілес досы Жанқожа екеуі бәтуаласып, шабуылға шыққан. Ақыры бұл айқас қос батырдың мылтық кезеп, зеңбіректен оқ жаудырған жаудан жеңіліп, кері шегінуімен аяқталады. Қанша қаһарланса да қара сойыл, сары садақ отты қаруға қалай қалқан болсын. Сондағы қос батырдың байламын жазушы бізге былайша жеткізген: «Жер құлансыз, ел ұлансыз болмас. Естісі елер, ұрпағы ұғар. Ұранымыз ұрпаққа аманат!». Ал енді батыр бабалар аузына осындай дуалы тілек салған жазушыға қалайша риза болмассың! Жалпы, Жақаудың «Көктемір», «Асау» деген хикаялары да оқиғаларының тар­тымдылығына, көркемдігінің келістілігіне қоса тәлім-тағылымының айрықша мән-маңыздылығымен, мақсаткерлігімен жадыңда жатталып қалатын, шырайлы­лығына қоса шындығымен де баурап алатын біртума хикаялар. Әдебиет туралы әңгіме қозғала қалса, әредік қазіргі заман, бүгінгі адамдар жайында көркем шығармалар жазылмай жатыр деп шыр-пыр болып жатамыз. Дегенмен, бұл тегі қисынсыз қынжылыс. Рас, бұрынғыдай сүйекті, қалыңдығы қос қарыс романдар жарыққа шыққан жоқ. Оған толғанып, ой сүзгісінен өткізіп, типтік бейнелер болатын кейіпкерлер тауып, оған қоғамдық-әлеуметтік өмірдің өзекті мәселелерін ұштастыра сыр сабақтауға мұрша келмей жатыр. Бұған сайып келгенде қаламгерлердің тоқырауға түскені емес, үлкен толғаныстың тұсауын кесуге әлі де уақыттың пісіп-жетілмегені дәлел. Ал әңгіме, хикаят сынды шағын жанрда жазылған шығармалардан әсте кенде емеспіз. Жақау да әдебиеттегі әріптестері Мархабат Байғұт, Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай сынды әңгімені өндіре жазып жүр. Бірсыпыра хикаяттары да бар. Олардың бәрі де бүгінгі күннің сыр-сипатын айшықтайтын айтулы туындылар. Жақау әсте оқиға қуалап, тіл бе­зеп, судырата жазуға әуестенбеген. Ол ең ал­дымен болашақ шығармасының идея­сын, яғни мақсатын ойына түйіп, санасына сіңіріп, содан кейін барып оны жүзеге асырудың оңтайлы амал-тәсілін іздестіретіні, оқиға мен образ сомдауды түйіндестіре, үйлестіре сабақтастыратыны көкейге қонымды. Сондай-ақ, Жақау жалаң баяндау, шығарма оқиғасымен де, идеясымен де қабыспайтын бөстекі әңгіме желісіне қызықпайтын қаламгер. Жазушы шығармасының басты ерекшелігіне оның ішкі монолог, ой ағынына көбірек көңіл бөлетіндігі дер едім. Сөзімді тірілту үшін «Жарық дүние» деген егіз әңгімесіне зер салып көрейік. Егіз әңгіменің айтары айқын, түйіні түсінікті. «Елес» жазғы каникулға келген студент, сұлу жігіттің балаң қыздың жүрегін жаулап алып, артынан ұмытып кеткені жанын жаралап, жалғыздыққа душар еткені жайлы мұңды жырға балайтын әңгіме. Бір түнгі қызықтан жүкті болып қалған. Өйткені, ынтық сезіміне сенген бойжеткен бозбаланы бір көргеннен ұнатқан. Жігіт те сондай қылық көрсеткен. Сөйтсе бәрі сәттік сезім екен, алдамшы екен, адастырған екен. Оң жақта отырып аяғы ауырлап қалғанына күйінген қыздың жан арпалысын, ел-жұрттан ұялып, шара­сыздықтан шер-мұңға батқан көңіл күйін, ойран салған ой-санасын жазушы сондай бір тебіреніспен, толғаныспен жазғанына жаның сүйсінеді. Осындай жан күйзелісіне шалдыққан қыздың есін алған елестен, жалғыздықтан құтылуына сол ойда жоқта бойына біткен сәбидің дү­ниеге келуі. Сөйтіп, өмірдің тамырын жалғап отыратын ананың тар құрсағын кеңітіп, жарық дүниеге келген бала екені құса көңіл жас қыздың жан жарасын жазып, жалғыздықтан құтқарады. Есін елес алған бойжеткеннің өмірі өңге айналған сол бір сәттің тірі суреті жаныңды жадыратып, ізгі ойларға жетелейді. Қайғы-қападан, өмірден түңілуден үкілі үміт қорғап қалады. Ертеңгі күннен түңілу жоқ. Сондай сезімге, сондай қуанышқа жетелеген жазушы мақсатының ізгілігіне жеткізетініне риясыз сенеміз. Егіздің сыңары «Өмірсерік» әңгімесі де бүгінгі өмірдің шындығы. Аз күн отасып, әскери борышын өтеуге аттанып, артынша Ауғанстанда опат болған Төлештің сүйген қызы Сымбат жүкті болып қалған. Қанша қайғырып қамықса да өзінің жалған дүниеде жалғыз қалғанын сезініп қапаланса да, одан құтылудың амалы Төлештің ата-анасының алдынан өтіп, ұлдарынан ұрпақ қалғанын жандарына медет ету еді. Жалғыз ұлдарының қайғылы қазасы жандарын жегідей жеген сүйіктісі Төлештің ата-анасының үмітін үзбей, ұрпағының жалғасы барлығын айту үшін Сымбат жолға шығады. Міне, ұзын сонар әңгіменің желісі осындай. «Үміті өмірсерігіне айналды деген осы да» деп аяқталатын әңгіменің түйіні пәлсапалық парасатымен ерекше есте қалары сөзсіз. Жаныңды жеп, ойыңды онға бөліп, әрі-сәрі күй кештіріп, тоқсан тарау толғанысқа түсіріп, ақыр соңында жарық дүниенің жақсылығына сендірген ізгі сезімге бөлеп, өзегің өртене өмірді сүюге құлшындырған жазушы қаламының қасиетіне бас иесің... Ендігі кезекті жазушының повестеріне қатысты пікір алмасуға арнамақпын. Олар­дың бәрін қатар қамту мүмкін болма­ғандықтан екеуін ғана еншілеуге мәжбүрмін. Олар «Жұмақтың кілті» мен «Бір нәзік сәуле». Екеуі де елеулі тақырып­қа арналған, ой-мақсаты кең арналы, көркемдік кестесі келісті, қазіргі кезеңнің нағыз маңызды мәселелерін тереңнен қоз­ғайтын тамаша, татымды туындылар. Оқып шыққан адамның жаны байып, зердесі зерделеніп, ақыл-санасы нұрлана түсері тағайын. Айталық, «Жұмақтың кілтінде» бір отбасының тағдырын тарата әңгімелеу арқылы бүгінгі замандағы қазақ ұлтының өмір-тұрмысындағы және адамдардың санасындағы психологиялық өзгеріс­терді, олардың жаңарған жан дүниесін көрсетудің әдемі әдеби тәсілін тауып, әдіптей білген. Қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі құбы­лыс­тарды және сол заманға сай адам­дардың да мінез-құлқы, түсінік-түйсігі, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді сақтап, бағалауы, мақсат-мүддесі жаңарып отыратыны белгілі. Көркем әдебиетте сол жаңа өмірдің бет-бейнесі боямасыз, барша шындығымен суреттелуімен құнды. Міне, аталған повесть осы талап­қа толық сай шығарма. Оқи отырып оны көркем шығарма емес, күнделікті өмірде көріп, естіп, бастан кешіп жатқан қалыпты, белгілі жағдаят деп қабылдайсыз. Біздің пайымдауымызша өмір шындығы деген­нің сыр-сипаты осы болса керек. Осы заманның нағыз күйіп тұрған мәсе­лелерінің бастысы – адамдардың адалдық, арлылық, адамгершілік, кісілік қасиеттерінің түбегейлі өзгеріске түсуінің себептерін түсініп-түйсіну. «Жұмақтың кілтінде» әке-шеше мен балаларының арасындағы қарым-қатынас, сыйластық сырын баяндау барысында жазушы осынау толғақты сауалдың жауабын дәл тапқан. Повестің құрылым-пішімі – әдеби тәсілдегі жаңалық. Сөз басында алыс ауылдағы төрт қалаға жеделхат жөнелтілгені айтылады да, артынша сол әкелері әл үстінде жатқандығы туралы жайсыз хабарды естіген сәттегі төрт баласының көңіл-күйі, сондай-ақ, ғұмыр-тіршілігі, кісілік болмыс-бейнелері, қысқасы, қандай адамдар екендігі жеке-жеке әңгімеге арқау болған. Әлгі, «Бір биеден ала да туады, құла да туады» деген мәтелдің мәнісі осы повесте анық ашылған. Хикаятта алғашқы әңгіме баланың үлкені Сардарбекті сипаттаудан басталады. Студент кезінен өзінің еті тірілігі – пысықтығы арқасында деканымен тіл табысып, тапсырмасын орындап, қолын ұзартып, қадірлі қонақтарына арнап ауылдан қой сойдырып әкелгені де бар. Соның арқасында аспирантураға түсіп, ұзамай кандидаттығын қорғап алған-тын. Келе-келе, жағыну мен жағдай түзеудің қыр-сырын жетік меңгеріп, өзінің де декандыққа қолы жеткен. Ал бүгінде ректор Рекеңнің оң қолы. Сол кісіні, қасындағы өзі сияқты көңілін тапқан қызметтестерін қоса, қонаққа шақырып қойған Сардарбек жеделхат алған сәтте қатты сасады. Жағдайды айтсам түсінер ме екен. Қабағына кірбің түсіріп, ренжітіп алсам, ертеңгі күнімді ойламағаным емес пе, қонағымды күтіп алып аттансам да болар деген шешімге тоқтаған. Ол іштей пендешіліктің ығына жығылып отырғанын сезіп отыр. Сол сәт Сардарбекті ой қамап, сарсаңға түседі. Жазушы кейіпкерінің көкейін тескен ойын былайша жеткізіпті: «Әй, Сардарбек, өсіп келе жатқан ұлың бар, қызың бар. Ертең сен де белің бүгіліп, жағың суалып қартаясың. Алдыңа келсе қайтесің, алдыңа?..». Тап осындай пікірді әр нәрсені сылтауратып, әке-шешесінің жағдайын ойлап, жаны ашымайтынына ашуланып, ауылға бірге келе жатқанда інісі Жандарбекке апайы Сәлима да айтып салады: «...Анау ағаларың да құдайларын ұмытқан. Біріңнен бірің өткенсіңдер... Осы безбүйректеріңді көріп өскен балаларың ертең өзіңді кәрі-құртаңдар үйіне тапсырып жібереді. Қара да тұр». Міне, ұлдардай ұмытшақ емес, жат­жұрттыққа жаралса да, қарт әке-шеше­сінің қамын жеп қамыққан, жүрегі жұмсақ, санасы сары, көңілі ояу қыз баланың қайырым-мейірімге толы жан толғанысын жазушы қисынын келтіріп, жеткізе білгенін байқаймыз. Жарық дүниемен қоштасқалы жатқан әкенің балаларына ренжитін де реті бар. Ауылға жылына бір соғып, онда да асығыс-үсігіс аттанып кететіндері несі. Қара шаңырақтың астында, кемпір-шалдың көңілін аулап, апталап жатып, немерелерін сүйгізіп, сағындырған мауықтарын басып қайтса да болар еді ғой. Қария балаларының қызметі, өз отбастарының шаруалары шаш-етектен екенін білмейді емес. Сонда да болса перзенттеріне деген ақпейілін, сарқылмас сағынышын баса алмай әлек. Жазушы көкірек көзі ояу, қазақы дәстүр-салтқа ұстанымы берік қарияның бүгінгі заманның талабы да, толғауы да өзі ғұмыр кешкен кездегіден мүлде өзгеріп кеткенін біледі. Бұл көкірегі алтын сандық дала данагөйі, қазақ ақсақалының сом тұлғасы. Оған біз қарияның ой-толғанысы, сөз саптауы, дүние құбылыстарын саралауы барысында көз жеткіземіз. Қара шаңырақта бір түнеп, шал-кемпірдің көңілдерін өсіріп, шырайлары кіріп қалғандарына қуанып, әзірге аман-сау отырғандарына шүкіршілік білдіріп, алайда ежелгі әдеттерінше, түрлі сылтау-себептерін айтып, қалалықтар қайтуға жинал­ғанда әкелері кейде қамыққан ойға батып, жат болып жатырсыңдар-ау деп жабығатынын жасырмай айтып: «...Шы­рақтарым-ай, пенде үшін бұл тірлік­тің ұшпағы – өмір, ұжмағы – өлең төсегі, өз үйі болмақ. Ықылымның жараты­лысы солай емес пе?.. Тамырынан айрыл­ған ағаш та көркінен айрылып қурай бастамай ма? Шаңырақ киесінің шырылдап дүниеге келген иесін іздейтінін естеріңнен шығармаңдар, шырақтарым...». Қария қалың ойының бір қатпарын осылай өрбіткен. Бұл балаларының оқып-тоқып, бүгінгідей дәрежеге қара шаңырақтың бойларына дарытқан қадір-қасиетінің арқасында жеткенін, соның желеп-жебеуімен жер басып жүргендерін естеріне салып, киелі ұғымды ұмытпауын өсиет еткен әке сөзі. Иә, жазушының ойынша, қазақтың тұжырымдауынша, жұмақтың жұмбақ кілті осылай ашылған. Ғажап емес пе?! Көркем шығарманың оқиғасын оқыстан бастап, сюжетін сұйылтпай, таптаурын тәсілден жазуын аулақ қондырған жазушының ізденістен туған жемісіне кезекті бір шығармасы «Бір нәзік сәулені» жатқызамыз. Повесть емтиханда шығарма жазу оқиғасын өрбітумен басталып, аяқталады. Битан мұғалімнің мінезі мен дағдылы әдеті шәкірттеріне ежелден мәлім. Шығарма тақырыбы тізбелеп тақтаға жазылған соң қалғаны өз еріктерінде деген сыңаймен ұдайы қолында жүретін кітабын оқуға кірісіп кететін де, ал балалар оқулықтан таңдаған тақырыбына қажетті бетті тауып алып, асықпай, алаңсыз көшіруге кірісетін. Бұл жолы да солай еді. Балалар жаппай көшіруге кіріскенде Кәкінтай да ұнаған тақырыбын жазуға бекінген. Сөйтсе, іздеген кітабы орнында жоқ. Біреудің әдейі қастандығы деген суық ой сап етіп, артында отырған Тәліпке бұрыла қараса, ол тілін шығарып, ақсия күліп, мазақ етеді. Енді қайтер екенсің, пысығым дегенін түсінді. Үн-түнсіз отыр. Жұрт жаппай жазып жатыр. Енді қайтерін білмей қайран қалып бұл отыр. Бір кезде тақтаға көз жүгіртіп, ең болмаса еркін тақырыпты байқап көрмекке бекінген. «Менің құрметтейтін адамым». Кімді мысалға аларын ойлай-ойлай келе Сәду етікшіге тоқтаған. Кешегі Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан қарт солдаттан артық құрметтелетін кім бар дейсің. Тек мінезі тік кісі. Онда тұрған ештеңе жоқ. Әркімнің де өзіне тән мінезі бар. Сөйтіп тәуекел деп еркін тақырыпқа ен салған. Сәду етікшімен ара-тұра араласа жүріп, әңгімесін естіп, қайсыбір іс-әрекетіне куә болған сәттерін ойына түсіріп, қолына қаламын алған. Әкесі облыс орталығынан Аралға қызмет ауыс­тырып келгелі екі жылдың жүзі өтіпті. Жаңа ортада жанына жақын тартқан адамы сыныптас бір-екі балаға қоса осы Сәду етікші. Бәтеңкесіне нәл қақтыра келгенде танысқан. Әңгімесі ұнады ма, әлде әйтеуір ара-тұра етікшінің күркесіне соғып тұруды дағдыға айналдырған. Бір жолы сары жезден жұлдыз жасап жатқанда, шіренген біреу келіп, алдыңдағы шегең мен балғаңды білсеңші. Басқаны қайтесің деп тиісе сөйлеп, тезірек нәл қағып бер деп тіксіне тіл қатқанда, әлгіге тосын сұрақ қойды: «Сен соғысқа қатыстың ба? Ал мен бір емес, екі соғысқа қатысқан героймын! Әуелі фашистпен соғыстым, одан соң гоминданмен соғыстым, білдің бе? Біздер өліп-тірілген жанбыз... Ал тірілмей қалғандар қаншама, көмілмей қалғандар ше? Сонда... Қолбасшы бізге: «Сендердей герой ешбір елде жоқ. Бұдан былай сендер елдің мақтанышысыңдар... деген. Бірақ оны сендейлер қайдан білуші едіңдер?!». Сөйтсе, бұл қыжыл дікіңдеген месқарынға ғана емес, қырағы тұрған майдангер-ардагер етікшінің қирағалы тұрған үйін емес, көршісіндегі сыңғырлап тұрған дүкеншінің өтінішін өтеуге келген бастықсымақтарға айтқан уәжі өтпей, келер жылдары көрерміз деген шығарыпсалма сылтауына көңілі қалған Сәду етікшінің өкініші екен. Қандай әдемі, орынды табылған деталь. Осы бір шағын шығармасында жазушы кезінде қанқұйлы соғысқа қатысып, тәні де, жаны да жаралы болып оралған, ендігі ғұмыры да елеусіз, ескерусіз өткен Сәду етікшінің тағдыр тауқыметіне толы өмір жолынан үзік сыр ақтарып, бүгінгі аумалы-төкпелі қоғамнан да, алакөңіл адамдардан да мейірім-қайырым көрмесе де, ешкімге өкпелемей, тәубесінен танбаған ары таза, жаны жайсаң, адалдықтан жаралған қарапайым да қасиетті кісінің бекзат болмысын сомдаған-ақ екен. Өмірі мен өнердегі жолын жорналшыдан бастаған Жақау шығармашылығы іргелі, жемісті ізденістерге толы, үнемі өсу-өрлеу үстінде таланты толысқан қанатты қаламгер. Жазушының бірқатар әңгіме-повестерін саралай талдап, оның жалпы шығармашылық ерен еңбегіне тән сипатын былайша түйіндесек артық болмас. Оқиға желісінің жаңалығы, кейіпкерлер тағдырының тосындығы, тілінің көр­кем­дігі, ойының тереңдігі, сюжет, пішім-құ­рылысының өзгешелігі, өмір шын­дығын өрнектеудегі тапқырлығы, ең бас­тысы идеясының иланымдылығы мен мақ­сатының мәнділігі – міне, бұл жазу­шының бағын ашып, абыройын асы­рып, жұлдызын жандырып тұрған оның осындай-осындай көркем прозаға қойы­лар биік талаптың үдесінен шыға білген­дігінен дейміз. Біз бұл жерде мақал-мәтел мәндес озық ойдың кәусар бұлағындай «Ойдауа» кітабы, «Пенделер» деген алақандай әңгімелері арнайы мақала арнауға болатын пәлсапалық пайымдаулар жинақталған жазушының көсемсөз бен көркемсөзден кейінгі үшінші қыры екендігін айтумен ғана шектелеміз. Бірақ та жазушының көркем ойыңызды кемелдендіруге қосқан үздік үлесін айту парыз. Бүгінде ақырын жүріп, анық басқан қаламгердің көпшілігі өмірден өзіне тие­сілі бағасын алмай жүргені ақиқат. Әйтсе де Жақау атақ алып, атын шығаруды мақ­сат еткен жазушы емес. Ол өзін толған­дырған ғұмырлық ғибраты, өмірлік өнегесі бар мәнді мәселелерді ортаға салып, ел-жұртымен пікірлесуді ғана көксейді. Мен мерейтой тұсында сөзімді жазу­шыны жалпы сөзбен мақтамай, оның бір­қатар шығармаларын талдауға арнадым. Себебі, жазушының жазу шеберлігіне, ерекше қолтаңбасына қарап-ақ оның талантын тануға болатынын ескердім. Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Соңғы жаңалықтар