• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2016

Баспасөздің бас сардары

1133 рет
көрсетілді

Шерағаңның шекпені Тентекті де сыйлаған, Теліні де сыйлаған. Таланты егер бар болса, Тепкілеуге қимаған! (Журналистік фольклордан) Қазақ баспасөзінің серісі де, перісі де баршылық. Ал шері біреу ғана. Ол – Шерхан шері. Дәл осындай атау­мен Шерияздан Елеукенов елеулі мақала жазған. Қазақ тілінің лексиконында балталаса бұзылмайтын «Шерағаңның шекпені» деген тіркес бар. Сонау Гогольдің «Шинелінен», бүгінде біресе Федор Достоевскийге, біресе Эжен Мельхиор де Вогюэге телініп жүрген «Бәріміз де Гогольдің шинелінен шықтық» деген қанатты сөзден бастау алатын «Шерағаңның шекпені» – баспасөздің брендіне әлдеқашан айналып кеткен ұғым. Бұл сөз Шерхан Мұртазаның шекпеніне кіріп шыққандар үшін де, онда әлі жүргендер үшін де, сондай-ақ оған кірмек түгілі ақпараттың арыстанымен тілдесіп көрмегендер үшін де қадірлі. Себебі ол – баспасөз әлеміндегі айрықша құбылыс. «Шерхан Мұртаза!.. Айдынды да айбарлы есім!..». Мұны айтқан – әр сөзін зерлеп, әр әзілін әрлеп ұсынатын Қалтай Мұхамеджанов. Сол есіміне дейін айбарлы адамның шекпені де осал болмайтыны белгілі. Бұл шекпенді салмақты да, сабырсыз да, асау да, асқақ та, сері де, сылқым да, қыңыр да, қырсық та паналаған. Шерағаңның шекпенінің ішіне тарландар мен тарпаңдардың бәрі де сыйған. Өр Алтайдан жазып тұрған мақалаларына қарап, қалам сілтесінің бөлектігін байқап, Оралхан Бөкеевті Алматыға алдырған. Содан соң Орағаң бауырын жазып, қазақ даласында Кербұғыдай көсіле шапқан. Мойынқұмға алғаш барған сапарынан кейін жұрттың мың рет шиырлаған жеріне өзгеше көзбен үңіліп, әйгілі «Құм мінезі» повесін жазған. Атырау облыстық газетінде қызмет істеп жүрген ақын қыз Фариза Оңғарсынованы «Лениншіл жастың» батыс аймақтағы меншікті тілшісі етіп бекіткен. Кейінірек оның «Мен саған ғашық емес ем» атты өлеңдер топтамасын газетке жариялап, оқырманға кең танытқан. Арқада өз өрнегімен даралана бастаған сөз зергері Ақселеу Сейдімбекті газеттің Орталық Қазақстандағы меншікті тілшісі етіп та­ғайын­дайды. Сол жылдарда-ақ өлеңі­мен өрге беттеген Мұхтар Шаханов Оңтүстік өңірдегі меншікті тілші болып қызметке қабылданады. Сөйтіп, ол тұлпарларды тай күнінен таниды. Қазақ елінің әр түкпіріндегі жас таланттардың бәріне Шерағаңның шекпенінен орын тиді. Өзінің тілінен тауып, сол шекпеннің шалғайынан байқаусызда шығып кетіп, кейін үйірін қайта тапқан журналистер де жеткілікті. Қазақ қаламгерлері ол кісінің қара­мағында болған сәттерін сағы­нышпен еске алады. Бексұлтан аға Нұржекеев «Жалын» және «Жұлдыз» журналдарында қызмет істеп жүрген кезінде бас редактордың әрдайым қызметкерлеріне қорған болғаны, тілшілердің сынынан өтпеген материалды ешқашан жарыққа шығармайтыны туралы жазды. Дау-дамай қуалап келген авторға журналистерін ешқашан жығып бермейтін көрінеді. Мереке Құлкенов газет басшысының коммунистік жүйе мен әдебиеттегі халтурщиктерге қай­мықпай қарсы тұра білгені жөнінде әңгімелейді. «Ақ үйден жүзі қабарып, көздері шатынап, жаралы жолбарыс­тай шамырқанып келген Шерағаң қарауындағы сайыпқырандарына шаң жуытпайтын», – дейді ол. Ал бірде «Қазақ әдебиеті» газе­тінің ке­зек­шілігінде болған Мұса Рахман­бер­­диев пен Рахымжан Отарбаев секре­та­риат­тағы Алашыбай Есмағам­бет­ов­ті ­ер­тіп алып, сол күні нөмірге кетіп бара жатқан бас редактордың әңгімесін жақсылап «жуыпты». Ақкөңіл Алашыбай ағам бастығының суретін «қыз-қырқын құлап түсердей» етіп әрлеймін деп жүріп, Шерағаңның бейнесіндегі онсыз да қою мұртына бояуды қалыңдау жағып жіберіпті. Кезекшілік еткен нөмірді ертеңіне анықтап бір-ақ көрген көркем тілдің хас шебері Рахымжан ағам былай дейді: «Мұрттың орнында тура тоқпан жілік секілді бір пәле көлбең қағып, бастықтың жүзін ешкімге көрсетер емес. Шықпаған шыбын жан. Жан-жаққа бошалап қашамыз». Ол ол ма, әңгіменің «Жаза» деген тақырыбы бірінші беттегі анонста «Жала» деп айғайлап тұрған көрінеді. Қанша қатал болғанмен, жүрегі кең Шерағаң сонда да үндемепті. Тек оқты көзімен бәрін бір-бір атыпты да, төмен қарап отырып, «түсінікті» депті. Басқа біреу болса, «түсінікті» деп тістенбей-ақ, бірден түсінік жаздырар еді. «Жаза» мен «жаланы» шатастырудың қандай екенін көрсетер еді. Жазуы бірінен бірі өтетін сарбаздарын сыртқа лақтырып тастауға қимаған шығар. Шерағаңның мектебі ылғи да жас­тармен толығып отырды. Біздің қатар­ластарымыз Қайнар Олжай, Нұртөре Жүсіп, Қали Сәрсенбай, Ермұрат Бапи, Қыдырбек Рысбеков және басқалар майталман бас редактордың шарапатын көрді. Кезекті іссапардан оралған Қыдырбек досымызға Шерағаңның «Егемен Қазақстаннан» басқа жұмысқа ауысқанын Жиреншенің заманынан қалған дәстүрлі тәсілмен былайша «естірткенбіз»: «Пәтер ауыстырған қалай екен?». «Бұл бір көкіректегі у екен!». «Жұмыс ауыстырған қалай екен?». «Ол бір жүректегі шу екен!». «Бастық ауыстырған қалай екен?». «Ой, дүние-ай, «Егеменнен» Шерағаң кеткен екен ғой...», – деп Қыдыш жер таянып отыра кетті... Ең соңғы тұсы ойдан шығарылған қалжың, әрине. Шындығында былай болды. Бағанадан бері өз әзілімізбен өзімізді шымшылап, ит қылып отырған Қыдырбек: «Қойшы-ей, Шерағаң газеттен кетіп қалды ма?», – деп шоршып түсті. Шерағаңның газеттен ауысуының жайын сол оқиғаның басы-қасында болған, ол кезде Президент Аппаратында бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Сауытбек Абдрахманов жазушы сексеннің сеңгіріне шығарда жазған «Баһадүр» атты мақаласында («Егемен Қазақстан», 2012 жыл, 29 қыркүйек) былай деп баяндаған еді: «Сол тұста Қазақ телевизиясының жұмысы мандымай кетті. Жұрт­шы­лықтың көңілі толмайды. Хабарлары тартымсыз. Халықтың көңіліндегі сөз айтылмайды. Ақыры ойлана-ойлана келе бір ойға тоқтадық. Телевизия басшылығын кү­шейту керек. Сонда оны кім жаңаша басқара алады? Ондай адам біреу-ақ – Шерхан Мұртаза. «Егеменді Қазақ­стан» газетін жұтындырып шығарып отыр. Бұрын басқарған басылым­дары­ның бәрінің бағын ашқан. Телеви­зияның да бағын ашады. Солай шештік. Бұл жолы да мәселені алдын-ала пысықтау идея авторына тапсырылды. Кабинетте Шерағаң шарт кетсін. «Жұмыс жаңа-жаңа жолға түсіп жатыр ғой, бағыт дұрыс келе жатыр ғой, ондай шешімнің қандай қажеттілігі бар? Телевидение деген, радио деген жолап көрген жерім емес, мен ол жерде не істеймін?». Олай айтамыз – көнбейді. Былай айтамыз – көнбейді. Кемі жарты сағаттай ырғасуға тура келді. Ақыры сөздің бір орайында: «Шераға, кешегі соғыста Сталин қай майданда жағдай нашарласа Жуковты сол майданға жібереді екен. Президент те сізді қай жерде жұмыс нашарласа тек сол кісі ғана жақсарта алады деп сол жерге салғалы отырған жоқ па?» деп қалдым. Шерағаң зорлана жымиды… Президент ұйғарымы дегенге тоқтады ма, бағана­дан бергі таластан шаршады ма, жаңа­ғы уәжге іштей келісті ме, білмедім, әйтеуір енді аздап жіби бас­тады». Біздің Қыдырбек досымызды ғана емес, егемендіктердің бәрін мұңайтып, қазақтың теледидары мен радиосының құлақ күйін келтіріп беруге кеткен Шерхан ағаның шекпені мұнда да шәкіртке лық толды. «Теледидар – құдіретті күш. Ол да баяғы ертектегі дәу пері сияқты: кімнің «сиқырлы сақинасы» бар, соның құлақ кесті құлы. Адамдарды жаппай мәңгүрт ет десе, мәңгүрт ете алады. Жаппай иманды ет десе, иманды ете алады», – деп кейіпкеріміздің өзі айтқандай, ол ұлт санасын тазартуға, қазақтың намысын қайрауға бағыт ұстады. Жаңалықтар бағдарламасы басталарда қанатын кең жазған қыран дүр сілкініп, көгілдір экранға шыға келетін. Қаламгер-төрағаның бастамасымен әзірленген «Таңшолпан», «Шарайна», «Ертегі айтып беремін» деген бағдарламалар көрерменді теле­дидар алдына жіпсіз байлады. Әсіресе, кіріспесінің өзі рух шақыратын «Шарай­наға» Шерағаңның мән бергені сон­шалық, кейде бұл бағдарламаның әріптестер арасында «Шерайна» деп аталғаны да жұртшылықтың есінен шыға қоймаған болар. Шерағаң «Қазақстан» телерадиокорпорациясын басқарған тұста жиналыс үстінде проблеманы жеріне жеткізе айтатын сол мезгілдегі Байқоңыр телерадиокомпаниясы басшысының орынбасары, арқалы ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің қызуқандылығына сүйсінетін көрінеді. Ол сөз алған бойда, «Ал, Шаһизада, шақылдат!», – дейді екен. Сол Шәкең серілік құрып жүріп, журфакты жиырма екі жылда бітіріп, бұқаралық ақпарат құралдарындағы Байқоңыр тақырыбынан диплом қорғағанда мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы Шерағаң оның мәселені кәнігі ғарыш маманы сияқты талдайтынына тәнті болыпты. Көп ұзамай Қызылорда қалалық телерадиокомпаниясының басшылығына тағайындалған Шаһизада Әбдікәрімов Шерхан Мұртазаға телефон соғады. Бұл кезде Шерағаң төраға емес, Мәжіліс депутаты еді. Ол кеткен соң «Қазақстан» телеарнасының жаңа­лықтар бағдарламасының «Шарайна» деген атауы алынып тасталған. Осы­ған орай қызылордалық журналист өз компаниясының жаңалықтар бағдар­ламасын солай атауға рұқсат сұрайды. «Рұқсат!», – дейді Шерағаң гүр етіп. Содан бері жиырма жылға жуықтады. Үлкен Шәкеңнің «Шарайнасының» жолын жалғаған кіші Шәкеңнің «Шарай­насы» эфирден әлі күнге дейін түскен емес.   Шеберліктің мектебі Баспасөзді билеген, Терідейін илеген. Тектілігін танытып, Тарпаңдарға тимеген! (Журналистік фольклордан) Біз – Шерағаңның шекпені шәкіртке толып кеткен кезде журналистикаға келіп, Бердіқұловтың бешпентін пана­лаған буынбыз. Ол заманда Шерағаң мен Сейдағаң туралы аңызға бергісіз әңгімелер үнемі айтылатын. Бұлардың екеуі де «Лениншіл жас» газетін бірі­нен соң бірі басқарып, халықтық басылымға айналдырған, жалпыға бірдей мойындалған майталман бас редакторлар еді. Қай жағынан да үл­гілі. Келбеттері келісті. Қаламдары қа­рымды. Шығармашылығы шұрайлы. Батылдықтары дау тудырмайды. Ең бастысы, жүйріктердің жүйрігінің өзі малтығып қалатын газет шығару өнерін жетік меңгерген. Қазақтың маңдайына біткен осы екі редактордың арқасында «Лениншіл жас» ұзақ жыл бойы ұлттың рухани құндылықтарын түгелдейтін алтын қазына саналды. Басылым бетінде қазақ қаламгерлерінің шеберлігін шыңдайтын шығармашылық мектеп қалыптасты. Бүгінгі әдебиетіміздің діңгегін бір кезде осы газеттің отымен кіріп, күлімен шыққандар нық ұстап тұр. Қос саңлақ қай кезде өзара тілеулес болды. Екеуміздің қайсымыз мық­тымыз деп, бақ-несібе жарыстыра қоймаған сияқты. Қайта жастар газетінің берекелі дәуірі осы екеуінің есімімен байланысты болған соң, олар бір-бірін толықтырып тұрған секілді көрінеді, бізге. Сейдахмет Бердіқұловтың Шерағаң туралы «Кайнозой аршылып жатыр» деген деректі әңгімесі бар. Сол жазбасында ол: «1958 жылы көне Мысыр соғыстың көк түтініне қақалды. Суэц шатағы. Әр үйдің динамигінен «Мұсылман жұрты көтеріл. Араб елінің еңсесін басқысы келген империализм зұлымдарына бірге аттанайық!» – деген ұран бой тітіретеді. Сол бір күндері ойланбас­тан жарты бет қағазға отты өтініш жазып, военкоматқа апарып берген күн­дер-ай. «Кіші лейтенант Бердіқұлов, кіші лейтенант Мұртазаев жолдастар, патриоттық инициативаларыңызға рахмет. Қажет деп тапсақ, еріктілер тобына алғашқылардың бірі етіп жазамыз. Военком – Авилов» деген хат тілдей қағаздардың арасында қазір де бар болса керек», – деп толғанады. Бір кезде екеуі жастар басылымында қатар қызмет істепті. Жастары да шамалас. Алматының жайма базарын қынама қара белдік жайлаған елуінші жылдарда рейдке бірге шыққан. Осындай бірлескен шаралардан талай рет ұжымдық мақалалар жазған. Бір-бірін қалжыңмен қажап, көңілденгенде «Арыстанхан», «Бердикулидзе» деп өзара тіл қатысқан. Сол кездегі әріптес-досқа деген көңілін Сейдағаң былайша өрнектейді: «Шерхандар жазудың «ақ бурасы ойнағанда» сағат алтыдан соң қалып, түннің бір уағында редактордың ескі диванына құлай кетер еді». Ол Шерхан Мұртазаның тыным алмайтын жанкештілігін («Найзаның сағағына ұйықтаған баяғының батырларына теңеп жіберсек, одан Мұртазаев бөсіп те кетпейді, ақтарыла түсіп, ақ қайнардың тығынын атуы да кәдік»), газеттің жұмысына әбден берілгендігін («Толықсыған жас келіншекті, сарышақа балаларды айлап Алматыға тастап, кепканы баса киіп, керзі етікпен ойдым-ойдым ақ жем түскенше Есілдің арғы жағы, бергі жағы, барар тұс Қостанай ма, Торғай ма екен деген күндеріне қос ат алып қуса да Шерағаң жете алмас: иә, жеткізбей кеткен жемісті шақ») бейнелі тілмен баяндап, сұлу сөзбен сурет салады. Журналист Шерхан Мұртаза жазушы Шерхан Мұртазадан бұрынырақ танылған. Ғафу етіңіз, әдебиет әлеміне екеуінен де бұрын келген ақын Шерханды ұмытып бара жатыр екенбіз ғой. Кейіпкеріміз де барлық қаламгерлер секілді алдымен өлең өрген. Тек өріп қана қоймаған, үлкенді-кішілі газеттерге ұсынған. Оны айтасың, жырлары ұжымдық жинаққа шыққан. Енді Шерағаң шайырлығының қалай шектелгені туралы өзі айтсын. «Елуінші жылдардың ортасында жаңадан жауқазындай қылтиып көрінген жас ақындардың жинағы жарық көрді. Арасында менің үш-төрт өлеңім бар. Бір күні «Лениншіл жас­та» сол жинаққа сын жарияланды. Авторы – Зейнолла Серікқалиев. Менің өлеңдерімнің быт-шытын шығарыпты. Содан қайтып өлең жазғанды үзілді-кесілді қойып кеттім. Сөйтіп, сыншы Зейнолла қазақ поэзиясын бір халтурадан сақтап қалды», – деп жазды ол. Публицист Шерханның ілкі қадамы жастар газетінде басталған. Әсіресе, Орталық Қазақстан өңірінде тілші болып жүрген кезінде өндіріс туралы мақалалары көптеп жарық көрген. Кейінірек «Социалистік Қазақстанның» тілшісі ретінде барлық аймақты аралап, ел тіршілігінің тынысын танытқан. Сарғайған «СҚ»-ның алпысыншы жылғы бір нөмірінде «Балықшының бақыты» деген очерк жарияланыпты. Кейіпкері – мен туып-өскен Аралдың атақты балықшысы, Социалистік Еңбек Ері Ұштап Өтеулиева. Ұштап апамыз әуелі көк теңізден балық аулап, кейін де осы саланың шаруашылықтарында қызмет істеген-ді. Біздің Қаратереңде сол кісінің жолын қуған Ленин орденді Күлпаш Бейсенова деген тағы бір беделді балықшы апайымыз бар еді. Жалпы, Аралдың танымал балықшы әйелдері саусақпен санарлық қана. Солардың ең мықтысы Шерағаңның кейіпкері болыпты. Біз оның жиырма алты жасында жарық көрген «Құрылысшы Дәку» деген алғашқы кітабын парақтап отырмыз. Бар-жоғы 28 беттен тұратын шағын кітапша. «Өндіріс жаңашылдары» деген жоба аясында «Жасампаз еңбек адамдары» деген сериямен шыққан көлемді бір ғана очерк. Бүгінгі ұрпақ есімін біле бермейтін Дәку Әбдиев деген кім еді? Ол – Ленин орденді құрылысшы. Осы кәсіпті жетік меңгерген майталман маман. Сыр бойының тумасы. Ақтөбеде, Қарсақбайда өндіріс орындарын салуға атсалысқан. 1943 жылы билік оны майданнан алып қалып, Қарағанды облысындағы Самарқант елді мекеніне жіберген. Дәку кең далада Теміртаудың құрылысын бастаған. Қарағанды металлургия комбинатынан бастап, барлық кәсіпорындардың ғимараты оның қолынан өткен. Одақтың түкпір-түкпірінен келген жас өрендерге құрылыс салу өнерін ерінбей-жалықпай үйреткен. Сол кездің өзінде зейнет жасына жақындаған Дәку Әбдиев талай ақынның өлең-жырына арқау болыпты. Олардың бірі «Ағылып ұлы Отанның әр белінен, Жиналды Теміртауға лек-легімен. Әбдінің Дәкуі еді соның бірі, Жүлде алған «Көкжиденің» көп ерінен» деп жырласа, тағы бір шайыр: «Қалағы Әбдиевтің жарқ-жұрқ етті, Бетонның мінін тауып қырнағанда. Шебердің өнері артты күннен-күнге, Жансызға жан бітіріп сырлағанда» деп толғайды. Сөйтіп, бұл кісінің ерен еңбегі Қарағандыда өрістеген «өндірістік поэзияны» өркендетуге ерекше үлес қосқан. Сол Дәкудің өнегелі өмірбаяны «Лениншіл жас» газетінің Қарағандыдағы меншікті тілшісі Шерхан Мұртазаның назарын аударыпты. Осы алғашқы кітап Шерағаңның шығармашылық мұхитына шығар жолын бастап берген тәрізді.   Басылымның бапкері Шерағаңның шекпені – Шыңдалудың мектебі. Шығармайды ұнасаң, Шекпенінен шеткері. (Журналистік фольклордан) Кейіпкеріміздің атын аңызға айнал­дырған ерекше қыры – газет шығару ісін басқару өнері. Сейдахмет Бердіқұлов Шерхан Мұртазаның редак­торлығына да лайықты баға берді. «Ол, әсіресе, «Лениншіл жас­та» айшықты көрінді. Шерханның редакторлығы да өз алдына бір жыр екендігін жұрт білсе керек», – деп сүйсінді. «Жүректерден жанартау атқылаған күндерде жинаған қор Шерханды ешқашанда саусақтан сорғызбай, қалай ойқастауына да аккумулятор боларына біз куә», – деп сенім артады. Шерағаңның «Лениншіл жасы» оқырманның шексіз ықыласына бөленді. Оның тұсында «Қыз Жібек» фильмінің Ғабит Мүсірепов жазған сценарийі газетте жарияланады. Көрнекті қаламгер басқаға емес, осы басылымға бүйрегі бұрыпты. Жыл сайын түрлі тәсілмен Наурыз мейрамы туралы мәлімет беріліп тұрды. Жұртты әбден зәрезап қылған зар заман ақындары Дулаттың, Шортанбайдың, олармен рухтас Бұқар жыраудың өлеңдері жарық көрген кезі болыпты. Жастар газеті бетің бар, жүзің бар демейтін өткірлігімен де ерекшеленді. Брежневке арқа сүйеп, қазақ өнерін қолжаулық қылған «Қазақконцерттің» басшылары – ерлі-зайыпты Чернышевтарды аяусыз сынға алады. Жас редактор одақтық деңгейде дау тудырған осы мақалаға байланысты өш алғысы келген өктемдіктің өкпек желіне маңдайын тосты. Бірде нөмір шығару барысында қолайсыз клишенің кесірінен Лениннің суреті сыймай, шүйдесі кесіліп қалыпты. Бүкіл жүйені құрған пролетариат көсемінің дәу басына ұқыпты қарамағаны үшін жастар басылымының басшысы тағы да тәртіпке шақырылады. Осындай жағдайда оған республика комсомолының жетекшісі Өзбекәлі Жәнібеков үнемі араша түседі. «Туғаным емес, туысқаным емес... Бұл Жәнібеков неге мені қайта-қайта оқтан алып қалады?», – деп толғанатын кезі осы тұс. Бірақ осының бәрі Шерағаңды ширықтырып, шыңдап шығарады. Біздің кейіпкеріміз «Лениншіл жасқа» редактор болып келгенде таралымы 30 мың ғана екен. Оны 150 мыңға дейін жеткізеді. Төрт-бес мың данамен шығатын «Жұлдыз» журналының таралымын 255 мыңға дейін өсіреді. Кейін атышулы «Правданың» өзі «Жұлдызды» ұлттық әдеби басылымдардың ішіндегі ең алдыңғы қатарлысы деп атап өтіпті. «Правда», сөйтіп, осы жолы шыңғырған шындықты айтыпты. Өзге жұрт басуға бата алмай жүрген бір шығармасы «Жұлдызға» жарияланғанда Мұстай Кәрім: «Суровый издатель Шерхан! Вы сделали почти невозможное», – деп сүйсініпті. Ал Шерағаң шыңға шығарған «Қазақ әдебиеті» газеті дүрілдеп тұрған кезде біз студент едік. Қоғам қайраткері Сәбетқазы Ақатаев «Жұма күні келетін құтты қонақ» деп атаған берекелі басылым үтір-нүктесіне дейін оқылатын. Сабақтан келе сала соны іздеп, безіп кететінбіз. Бір нөмірін жіберіп алсақ, намазымыз қаза болғандай, кітапханаға тартамыз. «Қазақ әдебиеті» ойлы очерк пен әлеуметтік сараптаманың мектебі секілді еді. Дидахмет Әшімханов, Мұса Рахманбердиев, Мереке Құлкенов апта сайын газет бетінде қарасөзден құйын тұрғызып, жасын ойнатып жататын. Өмірі көрмеген өңіріне барып, ғаламат мақалалар сериясын жариялаған Рахымжан Отарбаев «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп жарияға жар салды. Он алтыншы беттің иесі Көпен көкем «Қожанасыр қоржынының» қазынасын ұстап отырды. Ара-тұра бас редактордың орынбасары Оралхан Бөкей қаламды қолға алады. О.., жасын ойнағанның көкесі сонда болады... Осылардың бәрі баспасөздің жүрегіне қан беріп тұрған Шерхан Мұртаза дейтін алып генератордың тот баспайтын тетіктері еді. Сол тегеурінді тетіктер бүгінгі рухани әлемді де сетінетпей ұстап тұр. Шерағаң газет шығаруды әбден меңгерген адам, барған жері жайнап сала беретіні содан ғой дерсіз. Ал бұрын мүлде байқап көрмеген саласы – телерадионы тауыс құстай түрлендіргенін қайтесіз?! Қазақ телевизиясы қолына қыран бүркіт ұстап, басына бөрік киіп, иығына шапан жамылып шыға келген жоқ па?! Тележурналистердің таңмен таласа тұрып, ел-жұртпен есендесуге құмартқаны кімнің арқасы еді?! Ол қай басылымда да журналистердің тағдырына бейжай қарамады. 1989 жылы «Социалистік Қазақстанға» келгенде желтоқсандықтардың суретін жариялаймын деп, партиядан шығарылған Мамадияр Жақып техникалық қызметте жүр екен. Бұрын осы басылымның жауапты хатшысы, «Жетісу» газетінің бас редакторы болған Мәкең әдепкіде Қаскелеңдегі аудандық газетке жер аударылыпты. Тіпті тиісті орындар оған тілшілікті де қимай, корректорлыққа әзер келісім беріпті. Содан бірте-бірте бері қарай жылжып, «СҚ»-ның босағасына қайтадан табан іліктірген кезі екен. Шерағаң оны кейінірек бөлім меңгерушісі етіп тағайындап, редакция алқасының құрамына енгізеді. Пәтерден пәтерге көшіп, қиналып жүрсе де, үзбей мақала жазып, елдің ықыласына бөленген Қали Сәрсенбайды қызметке шақырады. Жүйрік журналист ұзамай пәтер алады. Бас редактор тек өз сарбаздарын ғана емес, олардың кейіпкерлерін де жарылқайды. Қали «Қарғаш» деген тамаша эссе жазып, ұзақ жыл ұмыт қалған әйгілі әнші Амангелді Сембинді қазақ жұртына қайта танытқан еді. Шерағаң депутаттық мандатын пайдаланып, өнер саңлағына Алматыдан төрт бөлмелі үй алып береді. Ол кісінің Қали Сәрсенбайға деген құрметі әлі де ерекше көрінеді. Дәлел керек десеңіз, кейіпкеріміз туралы үзбей жазып жүрген белгілі қаламгер Әділ Дүйсенбектің «Шерағамның шеруі» деген кітабындағы «Қалидың кәзиті» деген шағын әңгімені оқыңыз. Редактор – қызметтен кеткен соң да редактор. Шерағаң бүгінге дейін баспасөздің тамыр соғысын бақылап отыратын секілді. Оны ақпараттың алыбына айналған ағамыздың қанат­ты сөздерінен аңғарамыз. Соның баспа­сөзге қатыстыларының өзі бір алуан. «Бір кем дүниесінде» де әріп­тестері туралы айтылмай қалмайды. «Журналшылар да түйе сияқты. Арқа­лағаны – алтын, жегені – тікен» деген сөзі баяғыда-ақ ел арасына кең тарап кеткен. Сонымен қатар «Қылыш ел шауып, қазына құрайды, Қалам қазына тауып, қайыр сұрайды» деген ой-тұжырымы да осыған орайлас. Ол баспасөздің бағасын түсіріп жүрген қойыртпақ тіл туралы көбірек толғанады. Тіл демекші, қазіргі телевизия мен радиодан «ң» әрпіне тілі кел­мейтін зиялылардың ел тағдыры, тіл тағдыры, ұлт тағылымы жөнінде пікір білдіретініне көз үйренді. Бір қызығы, кейде олардан «ң»-ды айта алмайтын журналистер сұхбат алып отырады. Осыған орай, Шерағаң ілгеріде осы әріптің қадір-қасиетін танытқан Оспанхан Әубәкіровтің «Ңөң» деген өлеңін жариялағанын еске алып, «Содан енді ойлаймын, жарықтық Осекем әулие екен-ау деп. Қазіргі мына заманда «ң»-ға тілі келмейтіндер көбейді. Теледидарды тыңдап отырсаң, «жанағы, жанағы» деп қойып, сөз арасына арам сөз қосып сөйлейтіндер жиіледі», – деп ренішін сездіреді. Бұрынғының журналистикасында ұят деген ұғым үстемдік құратын. «Артық-ауыс сөйлеп қойсам, аға буын қалай қарайды?» деген ибалылық пен именшектіктің өзі жарасымды еді. Бүгінгі ешнәрсеге қарамайтын жаңа буынның селдей екпіні тіл түгілі піл­дің өзін жығып кетеді. Көсемсөзді көркемсөзден кем көрмейтін кейіп­керіміздің «Публицистиканың жөні басқа. Көркем әдебиет ауыр артиллерия болса, публицистика – кавалерия» дегені де – тағылымды тұжырым. Ол баспасөзді емес, басқа сөзді де әдемі ой-пікірмен әдіптейді. Мәселен, «Мыңжылдықтар соңындағы сөз» деген шағын мақа­ласында «Арал теңізі тартылып, Арақ теңізі пайда болды» деп ашына айтады. Шерағаң елордаға қоныс аударған «Егемен Қазақстанды» бастап келді. Жай ғана бастап келген жоқ, байыр­ғы басылымның Арқа төсіне орнық­қанын жалпақ жұртқа жариялады. «Армысың! Бұл келген «Егемен Қазақ­стан». Қайран Қазақ даласы кең ғой. Сон­дықтан, бұл газеттің тұрағы да өз­гере береді, аты да өзгере береді» деп осы бір ерекше көші-қонның тарихын баяндады. Бұл да – баспасөздің бас сардарына лайықты іс!   Қабілеттің қайрағы Ақиқаттың анығы, Қағидаттың қанығы. Көсемсөздің көсемі, Ақпараттың алыбы! (Журналистік фольклордан) Баспасөзге әр адам әртүрлі жолмен келеді. «Ай мен Айша» романында айтылғандай, Шерағаңа өзінің алғаш көрген журналисі, «Сталин жолы» газетінің тілшісі Нұртай Шойынбеков ой салған сияқты. Колхоздың кеңсесіне кіріп келген аққұба өңді, жүріс-тұры­сы орнықты жаяу журналист бас бух­галтер Зәбираны сауалдың астына алады. Сонда бала Барсхан есепші апайы­­ның сасқалақтаған түріне қарап, бас­пасөздің басқа сөзден айырмасын бірден байқайды. Онымен қоймай бас бухгалтер бұған тілшіні көрші колхозға жеткізіп тастауды тапсырады. Екеуі бір атқа мінгесіп келе жатқанда әлгі журналист байқаусызда «Иә, Алла!», – деп қалады. Онысынан өзі шошып кетеді. Қоштасып кетіп бара жатқан кезде шығарып салған жас серігіне «жазып тұр» дейді. Бәлкім, қиын-қыстау заманда имандылығын жоғалтпаған осы бір кейінгі тағдыры беймәлімдеу баспасөз өкілі балағының биті бар балаға дем берген шығар. Сол «жазып тұр» деген жалғыз ауыз сөз Шерағаңа өмірлік бағдарлама болды ма екен?! Шерхан Мұртаза бас редак­тор­лығымен ғана емес, жазуымен де баршаға үлгі болды. Оның публицис­тикасы көркем шығармадай оқылады. Көсемсөзінің өзі тартымдылығымен ерекшеленеді. Оқырманның назарын аударып, жүрегіне жететін тура жолды таба біледі. Ұтымды форма қолданудың шебері. Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың жыл бойы жалғасқан хаттары – ел қамын, ұлт мүддесін баспасөз бетінде жоқтаудың айқын көрінісі. «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы бас редакторы Ғабит Мүсірепов пен сол кезде осы басылымды басқарып отырған Шерағаңның әңгімесіне негізделген «Екі редактордың сұхбаты» қандай? Жас Шерхан о бастан ақпаратты тез алатын әбжілдігімен көзге түскен. Алпысыншы жылдарда «Социалистік Қазақстанда» жүрген кезінде Алма­тыға Перудің әйгілі әншісі Има Сумак келеді. Өр мінезді өнер иесі әдепкіде құстарға еліктеп ән шырқауды үйренген екен. Өз ортасына өте ерте танылған. Әлемде сирек кездесетін дауыс дарыған Има Сумак ешкімге сұхбат бермейтін көрінеді. Бірақ сол жолы оның өзінен он жас кіші журналиске жүрегі жылыпты. «Сіз біздің кечуа-үндістерге ұқсайды екенсіз», – депті мейірленіп. Жазушы өзінің «Бір кем дүниесінде» оның арғы тағдыры не болды екен деп толғанады: «Кім біледі, «Күнге табыну» әнін айтқанда ол қос қолын көк аспанға қарай созып жіберіп, шырқау биікке самғап ұшқандай көрінуші еді, Күн көзіне қарай ұшып кетті ме...». Шерхан ағаның іздеген кейіпкері «Бір кем дүние» жарыққа шыққан 2008 жылы Лос-Анжелесте 86 жасында қайтыс болыпты. Денесі Голливудта жер қойнына тапсырылған. Кейіпкеріміз қарапайым нәрсенің өзінен көркемдік көре алады. Болмашы дүниеге қан жүгірте алады. Оқып көрелік. «Тамшылаған дәрі жүрекке шипа дейді. Тамырлар арқылы осы тамшы жүрекке де жететін көрінеді. Нәр беретін көрінеді. Ондай шипадан айналып кетсең болмай ма! Ондай емнің зекеті болғың келеді. Жасасын тамшылар! Бірақ сол тамшылар да таусыла бастайды. Өлшеулі ғой. Бұл ғұмырда бәрі де өлшеулі. Әне, соңғы тамшы! Жеке жылжып барады». Бұл – емханада система алып жатқан Шерағаң. Система алмайтын адам жоқ. Бәріміз де алдық. Бірақ сырт көзге сұрқай осы көрініске осылай жан бере аламыз ба? Әй, қайдам... Шерағаңның шығармаларының ішінен алғаш қолыма түскені «Қара маржан» еді. Бала кезде оқығандыкі шығар, бас кейіпкер Нариманның әр қимылы көз алдымда тұр. Тіпті комбинат директоры Ониканың кеудесінің сырылына, Аманқұл Ақыраповтың қорылына дейін құлағымда қалыпты. Осы мақаланы әзірлеу барысында кейіпкерімнің бүкіл жазған дүние­сін қайта шолып шықтым. Тіпті бүгінгі жинақтарына енгізіле бер­мейтін, Жетісу өңіріндегі азамат со­ғысына қатысқан, өз дәуі­рінде бас­шылық қызмет атқарған Ахметжан Шынболатов туралы жазыл­ған «Ахметжанның анты» деген деректі повесін де ойға алдым. Оның шығармашылықтың адам айтқысыз азабын тартқанына, өлшеусіз ізденістің арқасында ғана биік белеске жеткен қаламгер екеніне көз жеткіздім. Мәселен, жиырма алты жасында құрылысшы Дәкуді және менің балықшы Ұштап апамды жазатын Шерхан мен кейінгі Шерханның айырмасы жер мен көктей. Оны қайта шыңдап шығарған күш баспасөздегі тынымсыз еңбек деп ойлаймыз. Басылымдардағы ұзақ жылғы қызметі қабілетін қайрап бергендей болады да тұрады бізге. Әрине, қайраққа ілінетін де, ілікпейтін де қабілет бар. Ал Шерхан шерінің қабілеті қайрақтың өзін жанып жіберетін секілді. Бұл пікірімізді қалам­гердің өз сөзімен тұздықтай аламыз. Ол жазбаларында баспасөздің пайдасын да («Газет жұмысы – бір жа­ғынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады»), найзасын да («Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ») өткір тіліне тек етеді. Тоқсаныншы жылдарда «Егемен Қазақстанның» Алматыдағы ғимара­тының бірінші қабатынан шағын кафе ашылғаны есімізде. Сол кафеде кешке қарай қазақ руханиятының үш алыбы – Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов үнемі өзара әңгімелесіп отырар еді. Бірі – «Заман Қазақстанның», екіншісі – «Егемен Қазақстанның», үшіншісі – «Ақиқаттың» басшысы. Бұл үшеуі­нің жанына жақындауға жас журна­листердің жігері жетпейді. Бірақ ағалар­дың өздері «Камал кафе» деп атайтын дәмхананың ішінде небір қызықты әңгіме айтылатынына ешкімнің күмәні жоқ-ты. Бәріміз осы үшеуін сыртынан көру үшін босағасынан сығалап тұратын сол кафе баяғыда-ақ құрыған шығар. Кафесі түгіл әкесін ұмытқан заман емес пе?! Шерағаң о баста ұстазға жарыған. Тағдырдың жазуымен оның мектебіне небір зиялы мұғалімдер жиналыпты. Жер аударылып, сол өңірге жіберілген Мұхамеджан Қаратаев әдебиет пәнінен сабақ береді. Ал химия пәнін атақты Алаш қайраткері Жақып Ақбаевтың қызы Аргуния оқытқан. Осындай аса білімдар адамдардан өнеге алған қаламгердің шығармашылық діңгегі берік болғаны анық. Қаламгерлік түйсіктің болатыны рас па деп қаласың кейде. «Шерхан ағамыз бір кезде Смағұл Сәдуақасұлы туралы толғана келіп, «Есіл ерлерге туған жерден топырақ та бұйырмаған ғой. Бір кем дүние...», – деп күйзеліп еді. Кейіннен өзі шығармашылығын қадірлейтін ғалым інісі Дихан Қамза­бекұлы Мәскеу крематорийінен Алаш ардақ­тысының денесінің күлін Аста­наға жеткізіп, жер қойнына табыстауға бастамашы болды. Шерағаңның шығармаларын қай­сарлық кернеп тұрады. Кейіпкердің қайсарлығы. Қаламгердің қайсарлығы. Сол табандылық оны әлдебір әуме­сердің талап етуімен ататегін ауыс­тырудан, яғни, Мұртазадан Нұртазаға көшуден сақтап қалады. Сол бір­бет­кейліктің арқасында талай несібесіне қол жеткізеді. Көрген қиындығының өтеуіндей болып, алдынан өңкей бір жақсы адамдар жолығады. Солар келешекке жөн сілтейді. Бәлкім, оның турашыл мінезіне тәнті болған шығар. Шынында да, кешегі өткен Ер Әбіш, Алаштың абызы Әбіш Кекілбаев айтқандай, «Шерағаң – мінезді адам, мінездің жазушысы».   Бар буынның байрағы Қаламы да күшінде, Қарымы да күшінде. Шерхан аға сау жүрсін, Шекпенінің ішінде! (Журналистік фольклордан) Шерхан ағаның кейінгі буынға деген құрметі бөлек. Жазған дүние­лерінен оның өзімен тілдескісі келген қаламгерлердің ешқашан бетін қайтармағанын көреміз. Ақын Ұлықбек Есдәулетовтің өлеңмен жазған хатына ерінбей-жалықпай сыр-сұхбат түрінде жауап беріпті. Өлеңмен жазған хатқа өлеңмен жауап жаза алмайтынын бірден айтады. Мұның себебін тағы бір толғамында өзі былайша баяндайды: «Ақын болу – арман. Бірақ ақын емеспін. Көк есектей митыңдаған көп ақынның бірі болғым келмейді». Әңгімелесуге көңілі ауған журналис­терге де есігі әрдайым ашық. Оларға айрықша ықылас танытады. Ілгеріде «Сұхбат» газетінен келіп әңгімелескен Азат Әкімов Шерағаң өзін көлігіне мінгізіп, редакцияға жеткізіп тастағаны туралы жазды. «Шераға болудың бір құпиясы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуде болса керек», – деп ой түйеді журналист. Ақпараттың алыбы әлі күнге дейін жас буынды үнемі қолдап келеді. Олардың шығармашылығын үнемі қадағалап отырады. Бірқатар еңбектерінде баспасөздің аса талантты өкілі, қазақша оқыса да, орыс тілін жетік білген іні-досы, «Правда» газетінің Қазақстандағы меншікті тілшісі болған Тельман Жанұзақовты үнемі ілтипатпен еске алады. Бүгінгі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед бас­па қызме­тімен айналысып жүрген тұста «Мына рынок замандағы шаруашылық басқарудың, ұйымдастырудың, іскерліктің жаңа ұлттық үлгісі» деп баға берді. Ақпарат өкілдері арасынан шыққан тағы бір танымал тұлға Дархан Мыңбайдың Оңтүстіктегі өне­гелі істерін барша жұртқа үлгі етті. Озық ойлы көсемсөзшілер Нұртөре Жүсіп пен Қали Сәрсенбайдың пуб­лицистикасы туралы көшелі пікір айтты. Камал Смайыловпен жазысқан хаттарында Смағұл Сәдуақасұлы туралы әңгімелеп отырып, сол тақырыпты жете зерттеген алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының еңбектеріне жүгінеді. Тіпті журналистиканың кейінгі буынының өкілі, имандылық тақырыбына қалам тартып жүрген Кеулімжай Құттиевтің ой-тұжырымы да Шерағаңның «Бір кем дүниесіне» дәйексөз ретінде алынған. Демек, баспасөздің баһадүрі әсерлі әңгіменің әдібі мен әдебіне жете көңіл бөледі. Көсемсөз ғана емес, көркемсөз шеберлерін де ұмытпайды. Мархабат Байғұт, Нұрғали Ораз, Тұрсынхан Зәкенұлы, Айгүл Кемелбаева сынды талантты жазушылардың шығар­машылығына шеберлікпен талдау жасады. Өмірден ерте кеткен дарынды ақын інісі Бауыржан Үсеновтің шығармашылық мұрасымен танысуға да уақыт тауыпты. Оның «Бетбақдала қырғыны» деген балладасын оқыған соң «Ақын мен ақбөкен» деген мөлтек мақала жазды. «Ақынның аты – Бауыржан. Бірақ атақты батыр емес, ақын еді. Ол да Жуалыдан», – деп толғайды. Өлеңінен үзінді келтіреді. Мақаласының соңын «Аңды, табиғатты қорғау қоғамы ақынның осы өлеңін өз мекемесінің маңдайшасына жалаулата іліп қойса ғой», – деп тұжырымдайды. Бізбен бірге оқыған Бауыржан осы балладасын журфактағы аудиториялардың бірінде отырып жазып еді. Арада жылдар өткенде Баукеңнің «ақбөкендеріне» Шерағаңның өзі назар аударады деп кім ойлапты?! Жоғарыда біз сілтеме жасаған «Баһадүр» атты мақала былай аяқта­латын: «Өзі өмір бойы айналысқан екі саланың екеуінде де Шерағаң бірқатар ғажайып дүниелер туындатты. Әңгіме-хикаяттарында санада сақталып, жү­рек­те жатталып қалар соқталы бейнелер сомдаса, «Қызыл жебеде» Тұрар­дай тұлғаны ортамызға оралтып, рухани ерлік жасаса, «Ай мен Айша» ро­маны арқылы Ана атты ұғымның ұлылығын, ана жүрегінің шексіз дарқан­дығын, қазақтың ғажайып парасат­тылық қасиеттері заманның небір сын сағаттарында да сақталғандығын ашып көрсетті, бізді кеше де, бүгін де, ертең де жұрт ретінде, ұлт ретінде, халық ретінде аман алып қалатын сол қасиеттер екенін, өзімізді үшінші мыңжылдық­тың басына дейін осындай таза­лықпен алып келген қазақы қалпы­мыздан айырылсақ, бәрінен айыры­латынымызды көркемдік қуатпен, жан-жүрегімізге жеткізе, сана-сезімімізге өткізе айта алды. Журналистикада өзі басшылық жасаған басылымдардың бәрінің бағын жандыратын, қай жерде де талантты шәкірттер шоғырын қа­лыптастыратын шын мәніндегі ұлы редактор ретінде танылды. Мұның бәрі бүгінде барша жұрт мойындаған ақиқат, шығар күндей шындық. Шерағаңның сексен жасқа толуы – әдебиетіміздің де, журналистикамыз­дың да тамаша тойы дейміз. Бұл да аздық етеді. Есімі халықтық ұғымға айналған, бері қойғанда соңғы ширек ғасырда талай-талай нәрестеге аты ырымдап берілген мұндай тұлға­лар­дың мерейтойы елдікті еңселентетін белестердің бірі ретінде бағаланғанының еш артықтығы жоқ. Біздің қазақ баһадүр деп осындай адамдарды айтады». Рас. Шерхан Мұртаза, сөз жоқ, ұлы редактор. «Талай-талай нәрестеге аты ырымдап берілген» демекші, балаларына ырымдап, Шерхан ағамыздың есімін қойған журналистер де бар. Соның бірі – «Астана ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Талғат Батырхан. Кіші ұлы жеті айлығында өмірге келгенде Талғат салып ұрып Парламентке барады. Жетіп келуін келгенмен, Шерағаңмен сөйлесе кетудің ретін таппай, сәл кідіріңкіреп қалыпты. Сөйтіп, қипақтап тұрғанда жазушы Табыл Құлиясов оны депутат-жазушыға жетелеп әкеліпті. Шерағаң Парламенттің жиын өтетін залында отырып, күндей күркіреген дауысымен «Тұлпар мініп, ту ұстайтын азамат болсын!», – деп батасын береді. Кейін ара-тұра кездесіп қалғанда үлкен Шерхан: «Жеті айлығың жетілді ме, ей?», – деп кіші Шерханның жағдайын сұрайтын көрінеді. Немересіне сол жазушының аты қойылғанын естігенде Талғаттың шешесі: «А, білем... Ана телевизордан жер-жебірі, жекен суына жетіп сөйлейтін кісі ғой», – депті. Біле білгенге, бұл да бір Айша... Бірақ аты Айша емес, Нұрғайша. Ал бүгінде мектеп бітіруге таяп қалған Шерхан Талғатұлын қашан көрсең де, көзінен көзілдірігі, қолынан кітабы түспейді. Үш тіл білетін үштұғырлы бала қалаған тілінде оқи береді. Пушкинді жатқа соғады. Сірә, атақты аттасының батасы қонған шығар. Шерхан аға баршаға белгілі «Бір кем дүниесінде» былай деп жазды: «Егемен Қазақстан» газетінің редакция­сы зейнеткер мені шолушы қызметіне алды. Кейбіреулерге күлкі: кешегі бас редактор бүгін сол редакция
Соңғы жаңалықтар