• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Бүркітшілер бауашары

930 рет
көрсетілді

Үржар ауданында құсбегілердің республикалық чемпионаты өтті

Қаңтардың соңғы күндерінде Тарбағатай тауының күнгейінде, Үржар ауданында қан қыздырар тамаша қансонар өтті. Шығыс өңірінің шекаралық шалғай ауданы болсадағы, облыс аумағынан, республикамыздың түкпір-түкпірінен салбурынға асыққан ел көп екен. Мұның жөні бар. Өйткені, Астана қаласы мен Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыс­тарынан келген құсбегілердің, сыншылардың, ұлттық спорт түрлері жанашырларының басын қосқан бүркітшілердің ересектер арасындағы Х республикалық чемпионаты мен Үржар ауданы бүркітшілерінің бауашары Алтай-Тарбағатай елінде алғаш рет қолға алынып отыр. Мақаншы ауылының ірге­сіндегі Жайтөбенің бауырында өткен бәсекеге келгенімізде бай­қадық, қыранға құмар халық­тың қатары қалың. Аппақ қар­дың үстіне тігілген ақшаңқан киіз үй қасындағы нөпір халық­қа құсбегілердің сапқа тұрғы­зыл­ғаны, арнайы рапорт пен бүркіт­шілерге «еркін» деп команда берілуінің өзі қызық. Ашылу салтанатында дала төсінде шырқаған Әнұранға бүркіттердің шаңқ-шаңқ еткен өр дауысы қосылып, әп-сәтте ұлттық рухымызды жаныған мереке басталып кетті. Аудан әкімі Серік Зайнулдин ұлттық өнердің қадірін білетін, әрдайым қолдау көрсетіп жүрген азамат. Осы жарыстың бастамашысы, ұлттық өнер, оның ішінде асау үйретудің хас шебері, талай тарпаңдарды тұқыртқан тарланбоз Тәттімбет Кәпұлының бүркітшілер фестивалін өткізу туралы идеясын қуаттауы – соның айғағы. Серік Зинабекұлы бүр­кіт­шілер басқосуының ел Тәуел­сіздігінің 25 жылдық мерей­тойына арналғанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және «Нұр Отан» партиясының қол­дауы­мен елімізде ұлттық спорт түр­лері кеңінен дамып келе жат­қан­дығын, батырлық пен еркіндік символы бүркіттің көк байра­ғы­мызда бейнеленуінің ел тәуел­сіз­дігінің ең басты құнды­лық­тарымен астасып жатқанын ерекше атап өтті. – Қазақ халқы ежелден жылқы мен құсқа ерекше мән берген. Ел ішінде «тұяғы бүтін тұлпар бер, қияғы бүтін сұңқар бер» деген тәмсіл бар. Абай атамыз «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» деген өлеңі арқылы ұлт өмірінде ұлы философиялық ой қалдырды. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты өлеңі де халық жадында. Қазақтың сал-серілері мен ақын-жырауларының бекзат бітімді бүркіт турасында жырламағаны кемде-кем, деген аудан басшысы бүркітшіліктің тарихына кеңінен тоқталды. Қолға үйреткеніне 3 мың жылдан асқан құс туралы италиялық саяхатшы Марко Полоның жазбасында Құбылай ханның саятқа шығатын 500 қыраны және басқа да құстары болғаны хатқа түссе, Жошы ханның 3 мың бүркітшісі болғаны, қазақ хандарының да өз ордаларында бүркіт ұстағаны туралы тарихи деректер бар. Ең бастысы, деді аудан әкімі, бүгінде Барқытбел баурайында бүркітшілерді баулу кеңінен жүргізіле бастады. Алдағы уақытта өңірде бүркітшілердің өңірлік одағы құрылып, бұл іс ілкімді түрде ілгерілей бермек. ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлен Оспанов бүркітшілік өнердің қауымдастық құрамына былтыр қосылғанын, сәтін салса, бұл саланың да биіктерді бағындырар кезеңі алда екенін, бұған бастамашыл болып жатқан шығысқазақстандықтарға шексіз ризашылығын жеткізді. Ал «Қыран» федерациясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы құсбегілік өнердің ел аумағындағы даму барысы туралы айта келіп, бабаларымыздан келе жатқан қасиетті мұраны насихаттауға қолдау көрсеткені үшін аудан әкімі Серік Зайнулдинді алғыс хатпен марапаттады. Жарыстың алғашқы күнінде бүркітшілердің киімі, ат әбзел­дері тексерілді. Ұлттық нақышта тігіліп, ою-өрнектермен безен­ді­рілген саптама етік, қысқа тон, қалың шалбар, бүркітші бия­лайы, шырға балдақ, томаға, ер қаруы – пышақ, құстың жем­сауыты секілді құсбегіге қажет­ті құрал-жабдықтар назарға алынып, бүркіттің тұрпаты мен бүркітшінің киімі бағаланды. Бұдан соң сайыстың құсты қолға шақыру, шырға тарту, еркін ұшу кезеңдеріне де кезек жетіп, саятшылар құстарының бабы қалай екенін көрсетті. Екінші күн нағыз салбурынмен жалғасып, қыран құстардың қоян ілу, түлкі алу шеберлігі сынға түсті. Жарыс қорытындысында үздік шыққан бүркіттер қасқырға жіберілді. Осы аралықта біз бүркіттердің алымдылығы мен шалымдылығын тамашаладық, бүркітшілердің әңгімесіне қанықтық. Жарыстың ұйымдастырушысы, Қазақстан бүркітшілер одағының мүшесі Тәттімбет Кәпұлы Үржар ауданында соңғы кездері ата-бабадан қалған құсбегілікті, қыран баптауды дамыту қолға алынғанын, жарты жылдың ішінде Барқытбел бауырында бүркіт ұшырып жүргендердің қатары 5 адамға артқанын жеткізді. – Бұл жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 28 бүркіт пен 4 қаршыға қатысты. Әрине, жергілікті табиғат райына бірден бейімделу құстарға қиын. Сондықтан, құстарды бірден аңға салмай, алдымен қолға қондыру, шырға тарту сынды ойындарды ұйымдастырдық. Біздің мақсатымыз – кейінгі ұрпаққа осы бір тұрпаты қайталанбас ата дәстүрін аманаттау ғой. Осы үдеден шықсақ болды, – дейді Тәттімбет. Көкөзек ауылындағы мектепте қарапайым дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып еңбек ететін Тәттімбеттің іргелі іске бастамашы болғанына, ұлтжанды көңіліне қалайша риза болмайсың! Біріншіліктің ең қарт қаты­сушысы, 70 жастағы Тәлімбек Ай­сабекұлы 5 жыл бұрын Қытайдың Құлжа қаласынан көшіп келіпті. Қазір Алматы облысының Сарқан қаласында тұратын, жеті атасынан қолға құс құндырған әулеттің ұрпағы жетісулық командадағы жас саятшылардың ақылшысы. Қырық жыл бойы қыран ұстап келе жатқан қарт құсбегінің айтуынша, ата-бабаларымыз заманында қыран құсқа ерекше құрметпен қарап, бір бүркіттің өзін отыз жылға дейін түлеткен екен. Ақсақал сайысқа «Аюқара» атты 4 жасар балапан бүркітін алып келіпті. Жамбыл облысының Меркі ауданынан әкелі-балалы құсбегілер де келген екен. Жарыстың жас қатысушысы, әлі бала мұрты тебіндемеген Бағдәулет Бабажан «Қанжар» есімді көк қаршығасын қосып, қаршығалар арасында бірінші орынды жеңіп алды. Әкесі Жалғас Әкімбековтің бүркіті де жақсы өнер көрсетті. Расында, бұл жарыс бәрімізді желпіндірді. Қансонардан көз алып, бір сәтте ошарылған топқа барсақ, қолына қондырған қыранындай шаңқылдап, бір қазақ ат үстінде өлең оқып тұр екен. «Аңшылықта кісіні ақын күйіне жеткізетін сезім күйі көп» деп ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуе­зов жазғандай, жергілікті жай­саң жігіттердің бірі, Қазыбет ауы­лы­ның тұрғыны Ерзат Байқадамов: – Бетімді желге тоңдырып, Қолыма қыран қондырып. Ат жалын тартып мінгенде, Қиқулап, шулап жүргенде. Ең қызығы осы ғой – Қыраның түлкі ілгенде!, – деп саңқылдайды. Ауылдастары «Шойтабан» атайтын алпамса, балуан жігіт те Тәттімбетке болысып, айтулы қансонарды ұйымдастыруға атсалысып, арлы-берлі шапқылап жүрді. Мәдениет және спорт минис­тр­лігінің ұлттық спорт пен саят­шылықтан бас жат­тық­ты­рушы­сы Базарбек Күнтуғанұлы екі күн­дік саятшылық сайысында құс­тардың барлығы да жоғары дең­гейде өнер көрсеткенін, қат­ты жел соғып, аяз болғанына қара­мастан қырандардың сыннан сү­рінбей өткенін сүйіне айтты. Жарыс қорытындысында, бүркіт­шілердің үздік бестігі анық­та­лып, баршасы да қомақты қаржы­лай сыйлықтарға ие болды. Алма­ты облысынан келген Әнуар Тоқ­та­сыновтың бүркіті бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ, барлық құс­бе­гілер сый-сыяпатпен марапатталып, хош көңілмен аттанды. Алда­ғы уақытта шығыс өңірінде бүркітшілердің өңірлік федерация­сы құрылып, бабалар мұрасы әрі қарай өрістей бермек. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы.