• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2016

Заңгер еді, зоотехник болды

346 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһан­дық нақты ахуалда: өсім, реформа, даму» атты Жол­дауындағы «Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы», деген сөздері жас маман Петр Водовозовқа арналып айтылғандай көрінеді бізге. Өйткені, қазақы мінезді ауыл жігітінің жүріс-тұрысы, қарапайымдылығы, мақсаткерлігі, табандылығы Қызылегіс ауылының тұрғындарына жақсы таныс. Қазақы ауылдың қазақы мінезі болады ғой. Петр Қызылегіс орта мектебін қазақ тілінде бітірді. Ма­ман­дық таңдап көп ойланған да жоқ. Ел ішінде беделі биік адам болуы керек. Оған жету үшін бірден алысқа шапқылап, аты дардай университеттерді жағалаудың қажеті жоқ деп шешті. Көңілге қонымдысы – сатылай оқу. Сөйтіп жүріп, Астанадағы «Тұран» колледжін мем­лекеттік тілде тәп-тәуір бітірді. Орысша мен қазақшаға судай, ағылшын тіліне де ептеп икемі бар жігітті елорданың өзінде жұмысқа шақырушылар табылды. Әйткенмен, Петр Водовозовтың заңгерлік қызметі бес айдан аспады. Өмір арнасының өзгеше ағысы болатыны байқалды. Әскер қатарына шақырылды. Азаматтық борышын абыроймен атқарып келген оның көңілі қалаға кетуге шаппады. Себеп, отбасы жағдайының қоңырқай күйі мен ауыл тұрмысының ауырлай бастауы еді. Жасы ұлғайған әке-шешенің «қолыңды қақпаймыз» дегеніне қарамастан, іргедегі Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылда жаңадан салынып жатқан «Щучье сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ірі қара бордақылау кешеніне күзетші болып орналасты. Еш арланбай алға ұмтылды. Кезекшілігінен босаған сәттерде қора маңынан көбірек табылатын болды. Бұрнағы жылдың көктемінде зоотехниктің орны біршама бос тұрды. Сырттан маман шақырудың да реті келе қоймағандай. Бұл мал өрісін кеңітер жауапты шақ. ЖШС басшылығы осы тұста батылдық жасады. Бұл міндетті атқаруды Петр Водовозовқа тапсырды. Бұрынғы заңгер, қазіргі мал маманы білімін жетілдіруге айрықша көңіл бөледі. Олай етпесе де болмайды. Алғашында бордақылау кешеніне жергілікті малшыларды оқытуға келген америкалық ғалымнан дәріс алды. Көп ұзамай Ресейдің Екатеринбург қала­сындағы арнайы курсты тәмамдады. Қазір АҚШ-тағы кәсіби курсқа жолдаманы күтіп жүрген көрінеді. Сондай-ақ, жоғары оқу орнына түсіп, зоотехник мамандығын алу ниетінде. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Зеренді ауданы.