• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2016

«Ақ жол»: міндеттер нақтыланды

1082 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІІ съезі өтті. Жиында делегаттар алдағы уақытта өткелі отырған Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысу туралы партия шешімін бірауыздан мақұлдады. Сондай-ақ, съезде ұйымның сайлауалды бағдарламасы қабылданды әрі Парламент Мәжілісіне үміткерлердің партиялық тізімі бекітілді. Съезде бірінші кезекте сөз алған «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев партияның алға қойып отырған мақсат-міндеттері, қоғамдағы рөлі тұрғысында айта келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жарлығына сәйкес өтетін Парламент Мәжілісі сайлауының маңызына тоқ­талды. «Өздеріңізге мәлім, Парламент Мә­жілісінің бесінші шақырылымында жұ­мыс істеген барлық фракциялардың ұсынысы бойынша Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 20 наурызында Мәжіліс депутаттарының сайлауларын өткізу туралы шешім қабылдады. Пар­тиялық фракциялардың бұл бас­тамасына түрткі болған себептерді біз осы жылдың 13 қаңтарында өткен жал­пы брифингте баяндаған болатын­быз. Оның үстіне біздің фракция мүшелерінің барлығы дерлік осы мәсе­ле жөніндегі өз ұстанымдарын бұқа­ра­лық ақпарат құралдарында және әлеу­меттік желілерде бірнеше рет біл­дірген. Бұл шешімнің фракцияның да, партиямыздың төралқасының да отырыстарында қолдау тапқанын атап өту керек. Төралқа мерзімінен бұрын сайлау өткізуді мақұлдап, тиісті мәлімдеме қабылдады», – деді Азат Перуашев. Одан әрі спикер қазіргі таңда әлемді толғандырып отырған қаржы­лық дағ­дарыс пен түрлі сын-қатерлер тұр­ғысында сөз қозғай келіп, Қазақстанның аталған мәселелерге қатысты қолға алып жатқан ауқымды шараларына назар аударды. «Адалдық үшін айтуымыз керек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Нұрлы Жол» бағдарламасының арқасында экономика саласы өзінің белсенді іс-әрекеттерін тоқтатқан жоқ. Жолдар салынып, түрлі салалардың инфрақұрылымын жаңарту мақсатында көптеген нысандар тұрғызылды», – деді партия Төрағасы. Бұған қоса, ол «Ақ жол» партиясы еліміздің мақсат-мүддесін айқындап берген, Елбасы бастамасымен қолға алынған реформалардың табысты жүзеге асуына лайықты үлес қоса беретінін жеткізді. «Біздің партия «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарынан туындайтын міндеттерді дұрыс түсініп, оның жүзеге асуына барынша қолдау білдіреді. Сондай-ақ, партиямыз еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуға деген ұмтылысын жоғары бағалайды», – деді А.Перуашев. Сонымен қатар, спикер заң шығару жұмыстарына қатысу кез келген саяси партияның басты міндеті екенін, онсыз олар «мүдделер клубына» айналып ке­тетінін, 2012 жылғы сайлаудан кейін партияның барлық жұмысы өзінің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталғанын сөз етті. Бұдан кейін бірқатар азаматтар сөз алып, партияның алдына қойып отырған мақсат-міндеті, бағыты тұрғысында сөз қозғады. Сондай-ақ, олар тәуелсіздік жә­не ұлттық мүдде, нарықтық реформа және жеке бизнесті қолдау, сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес, демокра­тияны дамыту, шенеуніктердің ха­лық алдындағы жауапкершілігін арт­тыру және тағы басқа да өзекті мәсе­лелер тұрғысында әңгіме өрбітті әрі өз әріп­тес­терін алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуға үндеді. Сонымен, съезд делегаттары биылғы 20 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісінің сайлауына партияның қатысуы туралы төралқаның шешімін бірауыздан қолдады. Бұдан бөлек, жиында партияның «Ақ жол – еңбектенер кез келді» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданды әрі Парламент Мәжілісіне сайлануға үмітті 35 адамнан тұратын партиялық тізім бекітілді. Айта кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасында бизнестi қорғау және кәсiпкерлiк саласы, нарықтық реформалар және экономика, бiлiм мен денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, тұрғын үй құрылысы, агроөнеркәсiптiк кешен, рухани-мәдени сала, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес және сот-құ­қықтық реформа, қауiпсiздiк мәселелері қамтылған. Ал үміткерлер тізіміне келер болсақ, олардың 68 пайызы бизнес өкілдері көрінеді. Бұл жөнінде Азат Перуашев: «Ақ жол» ҚДП-ның партиялық тiзiмi 35 адамнан тұрады, олардың 24-i, яғни 68 пайызы – бизнес өкiлдерi, кәсiпорын мен банк құрылымдарының басшылары, 6 адам, яғни, 17 пайызы – ұлттық және техникалық салаға қатысты зиялы қауым өкiлдерi, бесеуi – партиялық орган басшылары. Кандидаттардың ұлтына келсек, 30 адам – қазақ, олардың қатарында оралман азамат бар, екi орыс, бiр немiс, ингуш және чуваш бар. Үмiткерлердiң орташа жасы – 46 жас», – дедi. Бұған қосымша, А.Перуашев: «Жергілікті мәслихаттарға депутаттыққа кандидаттар тиісті филиалдармен ұсынылатыны белгілі. Филиалдар мұны облыстық және қалалық (Астана және Алматы) конференцияларда жүзеге асырды. Ал Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімін түзуде ұйымның орталық органдары филиалдармен бірлесе отырып, үлкен дайындық жұмысын жүргізгенін атап өткім келеді», – деді. Тағы бір айта кетер жайт, съезде ұйымның бұрынғы сайлауалды бағ­дар­ламасында көрсетілген барлық мақсат-міндеттерді одан әрі жүзеге асыруды жалғастыра беру ісіне де қатысты шешім қабылданды. Съезд барысында партияның ай­мақ­тардағы филиалдардың төрағаларына өңірлерде электоралды науқанды ұйым­­дастыру мен өткізуге қатысты, сенім біл­­дірген адамдар мен бақы­лау­шылар­дың тізімін жасауға, науқанның беде­лін арттыруға және басқа да мәсе­лелерге байланысты нақты тапсырмалар берілді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.