ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің «Үздік тәжірибелер аймағы» павильоны үшін ең үздік тәжірибелерді іріктеу басталды. «Үздік тәжірибелер аймағы» павильонында баламалы қуат көзін өндіру саласындағы жүзеге асырылған түрлі технологиялар мен жобалар көрсетілетін болады.
Озық тәжірибелерді таңдауға арналған шараны Халықаралық іріктеу комиссиясы жүзеге асырады. Халықаралық іріктеу комиссиясының құрамында Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут, Халықаралық эксперименттік термоядролық реактор (ITER) ұйымының бас директоры Бернар Биго, Энергетика және пайдалы қазбалар бағытының директоры Чарльз Файнстайн, Энергия мен ресурстар институтының (TERI) бас директоры Раджендра Пачаури және басқа білікті тұлғалар бар.
«Үздік тәжірибелер аймағы» (eBPa) Болашақ энергиясы форумының идеясымен үндес. Ол Энергетика саласындағы үздік жобалар мен технологияларды паш етуге арналған. eBPa аймағы көрменің орталығы болып табылады. Онда қуат көзін алу, сақтау және таратудағы үздік жобалар, климаттың өзгеруіне қатысты күрес немесе дамушы мемлекеттердің қуат көздеріне қолжетімділігі сияқты мәселелер ұсынылады.
Сонымен қатар, болашақта eBPa аймағы қатысушыларға энергетика саласындағы үздік жетістіктерді көрсетіп қана қоймай, тәжірибе алмасу, пікір бөлісу аймағына айналуы жоспарланған. Осыған байланысты қазірден бастап баламалы қуат көздерінің әртүрлі салаларында жүзеге асырылған жобалары немесе технологиялары бар ғалымдар, зерттеушілер, өнертапқыштар тобы немесе компания өкілдері осы конкурс-байқауға қатысу үшін өтінім бере алады.
Байқауға қатысты толығырақ ақпаратты http://www.ebpa2017.org/ebpa сайтынан алуға болады.
Ұлан САНЖАР.