• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2016

Қостанайда мектеп директорына қатысты сот шешімі шықты

277 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 4 ақпан. Қостанайдағы Денисов ауданындағы №2 мектеп директоры Галина Моргуль аудандық білім бөлімі басшысының бұйрығымен қызметтен босатылған-ды. Алайда, аудандағы үздік мектепті 27 жыл басқарған басшы бұл шешіммен келіспей сотқа жүгінген. Ал Денисов аудандық соты Моргульді мектеп директоры қызметіне қайта оралуына шешім шығарды. Дегенмен, бұл істі апелляциялық  шағым бойынша қараған облыстық сот алғашқы шешімді сол күйінде қалдырды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Облыстық сотқа апелляциялық шағымды Денисов аудандық білім бөлімі берген. Онда орта мектеп директорын жұмысқа қайта алу туралы аудандық соттың 2015 жылдың 20 қарашасындағы шешімін жоюды сұраған. Еске салсақ, Галина Моргуль 1986 жылдан бастап №2 Денисов орта мектебін басқарған. Осы жылдар ішінде оқу орны тек ауданда ғана емес, облыс бойынша алдыңғы қатарлы білім ошағы ретінде танылған. Оқушылар білім көрсеткіші жөнінен өте жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, бірнеше рет «Алтын белгі» иегері атанған. Мектеп басшысының атына түскен алғыс хаттар да жоқ емес. Ал өткен жылы 18 мамырда №2 Денисов орта мектебі мемлекеттік аттестациядан сүрінбей өткен. Сонымен қатар, директор өзінің ұлғайған жасына қарамастан сырқаттанып немесе өтемақысыз демалыс алмаған. Соттық талқылау барысында оның қолданыстағы Еңбек кодексіне сай бір ай мерзім бұрын жазбаша ескертусіз жұмыстан шығарылғаны анықталды. Сонымен қатар талапкер мен жауапкер арасындағы келісім-шартта еңбек қатынасы мерзімсіз сипатқа ие, оның мерзімі көрсетілмеген. Аудандық сот Денисов аудандық білім бөлімінің талапкерді жұмыстан шығару туралы бұйрығының күшін жойды, сонымен бірге талапкер пайдасына материалдық-моральдық шығындар өндірілді. Облыстық сот шешімінде осының барлығы да өзгеріссіз қалдырылды. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz.