• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2016

Өмір тамшысы

337 рет
көрсетілді

Донор – науқас адам өмірінің арашашысы. Кез келген азаматтың осындай қайырымдылық іске қатысып, мұқтаж жандарға көмек қолын созуға мүмкіндігі бар. Кеше елордадағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ұйытқы болуымен және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Бір тамшы қан – өмірді сақтау» республикалық акциясының басталғаны жария етілді. Мамандардың айтуынша, акцияның мақсаты – азаматтарды саламатты өмір салтын ұстануға және адамгершілік қасиеттерді бойға барынша сіңіруге шақыру. Жиынды ашқан Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Иван Ли мұндай акциялар көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созуға, онкологиялық, гемотологиялық ауруларға, лейкемияға шалдыққан азаматтардың өмірін сақтап қалуға сеп болатынын жеткізді. «Сондықтан, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен қалалық денсаулық сақтау басқармасы осы акцияның барынша нәтижелі болғанын көздеп отыр», – деді И. Ли. Бастауыш партия ұйымының төрағасы, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жандос Бүркітбаев та өз кезегінде мұндай акциялардың маңызы өте зор екенін, себебі, бұл – өзге адамның өмірін сақтап қалу жолындағы ізгілік миссиясы екенін атап өтті. Жыл сайын Қан орталығына 45 мыңнан астам адам келіп, қан тапсырады екен. Бұл қаладағы 23 клиниканың қажеттілігін өтеу үшін қажет. «Мәселен, трансплантация, бала туу, жүректі ауыстыру кезіндегі операцияның барлығы да қанның құрамындағы компоненттерді құюмен бірге жүзеге асырылады. Олардың, әсіресе, науқас бүлдіршіндерге тигізер көмегі орасан. Қазір лейкемиямен ауыратын балалар бар. Оларға өте көп мөлшерде қан қажет. Сондықтан, біз орталыққа келіп, қан тапсырып, біздің ұсыныс-тілектерімізді, өтініштерімізді жерге тастамай, осындай акцияларға қатысқысы келетін донорларға ризашылығымызды білдіреміз», – дейді аталған орталық директорының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары Шайжамал Мұсабекова. Бұл күні орталыққа келіп, ізгілік акциясына қатысқандардың арасында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те болды. «Әрине, бұл – қайырымдылық шараның маңызы айрықша. Себебі, біз осындай шаралар арқылы ең алдымен, адамдарға көмек қолын созамыз. Бұл – тым болмаса, бір жанның денсаулығына сеп болуы мүмкін. Егер, адамның денсаулығы мықты болса, өзін жақсы сезінсе, онда ол адам осындай шараларға қатысып, игі іс жасағаны жөн деп санаймын. Екіншіден, бұл өзіңізге де пайдалы. Алдағы уақытта мен бұл акцияға өз туыс-туғандарымды, достарымды да тартқым келеді», – дейді спортшы өз сөзінде. Мамандардың айтуынша, донорларға деген қажеттілік күн сайын артып келеді екен. «Алайда, бұл – жеткілікті деген сөз емес. Қанның да пайдаланылу мерзімі болады. Оны әрдайым жаңалап отыру қажет. Біз клиникаларға, медициналық мекемелерге қанның өзін тапсырмаймыз, біз оны компонент түрінде өткіземіз. Қан компоненттері – плазма, эритроциттік масса, тромбоцит концентраты. Біздің медицинамыз 2000 жылдан бастап, тұтастай қан құюдан, компоненттік терапия пішініне көшкен болатын. Бүгінде бұл әдіс кеңінен қолданыс табуда және оның клиникалық тиімділігі де дәлелденген. Біз орталықта шамамен 40 мың литрге тарта қанды дайындаймыз. Оны егер 12-ге бөлсек, бұл – күн сайын 3 мың литр қан клиникаларға өткізіледі деген сөз. Қазір ешқандай трансплантация, оның ішінде ми сүйегін трансплантациялау, лейкемияны емдеу тромбоциттерсіз жүзеге асырылмайды. Ал бүгінгі акцияға қатысуға шамамен 100-ге тарта адам келеді деп отырмыз. Ал негізінен, күн сайын орталыққа келетіндер саны – 100-120 адам. Біз бұдан бөлек, аптасына 4 рет көшпелі акция өткіземіз. Алдағы уақытта, «Бір тамшы қан – өмірді сақтау» акциясын өзге өңірлер де қолдайды деген үмітіміз бар»,– дейді Шайжамал Мұсабекова. Сондай-ақ, ол өткен жылы орталыққа қан тапсыруға 35 мың адам келгенін айтты. Алайда, медицина қызметі үшін донордың 1 рет емес, 2 немесе 3 рет келгені маңызды екен. «Егер Еуропамен салыстырсақ, ол елдерде бір жыл ішінде 1 донор шамамен 5 рет қан тапсыру орталығына барады. Әрине, Қазақстан үшін бұл көрсеткішке қол жеткізу әлі ерте. Біздің межеміз – тым болмағанда донордың жылына екі мәрте келуі. Әрине, өсу үрдісі де жоқ емес. Мәселен, біздің орталықтың 35 мың доноры бар десек, олардың 50 пайызы – тұрақты келетін азаматтар. Біз оларға кез келген уақытта хабарласа аламыз немесе олардың өздері 2-3 айдан кейін қайта хабарласып жатады. Жалпы, кез келген адам досы, туысқаны, көршісі шақырғаннан кейін емес, өз жүрек қалауымен осындай ізгі шараларға қатысқаны жөн», – дейді Шайжамал Жақсылыққызы. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».