• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2016

Елдікті еңселендіретін ескерткіштер

753 рет
көрсетілді

санатында тарихи елді мекен, жер-су атауларының алар орны ерекше Зерттеушілердің есебі бойынша Қазақстанда шамамен 2,7-3 млн. шамасында әртүрлі географиялық атау бар екен. Халқымыздың осындай рухани мол мұрасының бір парасы Қызылжар өңіріне тиесілі. Былайғы жұрт санасында теріскейде «орысша ойлау, орысша сөйлеу басым» деген ұғым қалыптасқандықтан, кей азаматтар көп түйіннің байыбына тереңдеп бара бермейтіні жасырын емес. Тәуелсіздік жылдары бедерінде зиялы қауым өкілдерінің атсалысуымен, жергілікті биліктің қолдауымен көптеген елді мекендердің тарихи атауының қалпына келтірілуі ономастика саласында тындырымды істердің атқарылғанын аңғартса керек. Біз осынау сүбелі тақырыпты зерттеумен айналысып жүрген бір топ жергілікті өлкетанушылармен, ғалымдармен жүздесіп, аумақтағы байырғы жер-су, елді мекендердің топонимикалық атауларын тарихи және этнолингвистикалық тұрғыдан қарастыру, тың деректерді табу, жұртшылық назарына ұсыну төңірегінде әңгімелескен едік. Кемел ОСПАНОВ, облыстық тіл­дерді дамыту басқармасының басшысы: – Халық тарапынан қойылған жер-су атаулары сол жердің табиғи құжаты болып саналатыны ешқандай дәлелді қажет етпесе керек. Сол себепті солақай саясат салдарынан еш негізсіз бұрмаланған, бас­қаша аталған, транскрипциясы өзгерген, сөйтіп, жұртшылық жадынан өшкен географиялық атаулар өз орнын табуы үшін кешенді зерттеулер жүргізу бар­шамыздың міндетіміз дер едім. Осы тұрғыдан сөз қозғайтын болсақ, кез келген аймақтың топонимиялық жүйесі ғасырлар бойы қалыптасқанын, табиғат жағдайларын, сол өлкені мекендеген халықтың көне және жаңа тарихын сақтаған, ұлттың ма­териалдық және рухани мәдениеттерінен көрініс беретін географиялық есімдер топтамасы болып келетінін аңғарамыз. Солтүстік Қазақстан аймағы физикалық-географиялық бедерінің топонимиялық жүйеде бейнеленуіне назар салсақ, өзіндік ерекшеліктерге ие. Орманды, көлді, томар-жыралы ландшафтардың топонимдері мен микротопонимдерінде өзгеше сипаттар мол. Тек мұрағаттық құжаттарда ғана кездесетін, бүгінде ел аузында там-тұмдап сақталып қалған, ғажайып сырларға толы, елдікті еңселендіретін ескертіштер тілдік нысан ретінде ономастика, топоним, антротопоним тұрғысынан зерделенсе, этнолингвистикалық қырлары түсіндірілсе, жастарымыз бір­талай мағ­лұмат алар еді. Қазақ этнотопоними­касы кең-байтақ еліміздің әр қиырын қоныстанған байырғы ұлттың шаруа­шылық жүргізу ерекшеліктеріне сай қалыптасқанын теріскейдің мысалдары арқылы да кескіндеуге болады. Әрбір топонимдік атаулар кең көлемдегі тарихи ақпараттарды береді және шығу тұрғысынан қандай ұлтқа, тілге тиесілі екендігі бірден аңғарылады. Өңірде 700-ге жуық елді мекен бар. Олардың үштен бірі қазақша атауға ие. 13 аудан түгел дерлік, сондай-ақ, 59 ауыл өзгертіліп, байырғы аттары қай­­тарылды және транскрипциясы тү­зетілді. Петропавл қаласында 57 көше жаңа атауды иеленді. 26 білім, мәдениет мекемелеріне белгілі тұлғалардың есімдері беріліп, жақсылардың аты-жөні жазылған 17 ескерткіш тақта орнатылды. Әлі атаулары отаршылдық, тотали­тарлық сипаттағы 78, транскрипция­сы бұрмаланған 21 елді мекен бар. Мұның өзі бодандық ахуалдан арыла алмай отырғанымызды байқатса керек. Демек, Тәуелсіздігімізден туындайтын оно­мастикалық талаптарды алдымен басшылыққа алуға тиіспіз. Екіншіден, осы уақытқа дейін бұл салаға байыпты ғылыми-тарихи саралау жүргізілмегендіктен, көпшілік сол елді мекендер орналасқан аймақтың ежелгі топономикасынан бейхабар. Топономикалық сөздіктер, оқу құралдары, анықтамалықтар, карталар тапшы. Осындай себептердің салдарынан туған жердің топонимикасына қымбат жәдігер, мәдени мұра ретінде қарау көзқарасы кенжелеп келеді. Өкініштісі сол, сала мамандарының «топонимдерде аумақтарға қоныстанудың тарихи кезеңдері, адамдардың шаруашылық іс-қимылдары, байырғы көші-қон мен ұлтаралық қарым-қатынастары, елдегі көп ғасырлар бойы жинақталған тарихи, саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер көрсетілген» деген тұжырымдары жете ескеріле бермейді. Алда жергілікті ономастикалық мәсе­лелерге қатысты шараларды ғылыми деңгейге көтеру, байырғы елді мекендер мен жер-су аттарының сөздігін жасау, өлкетану порталын ашу, топонимиканың қазақша, орысша электронды қорын түзу, бұл істерге білікті мамандарды тарту міндеттері тұр. Өйткені, әлеуметтік зерттеулер қорытындылары атаулардың 60 пайыздайы бүгінгі уақыт талабына сай келмейтінін көрсетіп отыр. Королевка, Боевик, Чапаевка, Пулеметовка, Буденное, Октябрь, Советское секілді құлаққа жайсыз, көңілге қонымсыз атаулар аз емес. Зарқын ТАЙШЫБАЙ, облыстық этномәдени ғылыми-зерттеу инс­титу­тының жетекшісі: – Уақыт жағынан алғанда, біздің зерттеу нысанамыз 1830-2015 жылдар аралығын қамтиды. Әлеуметтанушылардан құралған топтың жуырда жарық көрген «Атамекен атаулары» атты ұжымдық еңбегін Солтүстік Қазақстан облысы топонимиялық кеңістігін ғылыми зерделеудің бастамасы, әр салалы ғылыми ізденістерге жоралғы деп қабылдаған жөн. Дерек көздері ретінде ХҮІІІ ғасырдың екінші ширегінен бері қарай сақталған мұрағат құжаттары, ертеде жарық көрген есеп-санақ мәліметтері арқау етілді. «Ақмола облысының Естелік кітапшаларының» 1887-1916 жылдары шыққан нұсқалары, «Ақмола облысы туралы» көп жылғы шолулар сараланып, іске жаратылды. Қазақ жерінің Ресеймен ежелден іргелес екені белгілі. Екі мемлекеттің халықтары төсекте басы, төскейде малы қосылып, тонның ішкі бауындай араласып келгенімен, жер-аумақ жігі айқын сақталған. Тіпті ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданыста болған Ресейдің географиялық карталарында «Есіл шебі» немесе «Ащы белдеу» деп аталып келген бөліктен оңтүстікке қарай «қазақтардың жері» екені тайға таңба басқандай көрсетілген. 1752 жылы Ресейдің оңтүстік шекарасын Қазақ хан­дығынан қауіпсіз ету мақсатымен Ер­тістен Бағланға дейін шеп тартылуына байланысты әкімшілік бағыныштылық, қоғамдық-саяси ахуал сан құбылып, ұр­пақтар жаңарған сайын тоқтаусыз өзгеріп отырған солтүстік өлкенің жер-су атауларының қилы тағдыры осыдан 230-250 жыл бұрын басталғаны мұрағаттық деректермен расталады. Айталық, отарланған елді мекендердің қазақша атауларын орысшамен айырбастау туралы әскери губернатор Г.Меньшиковтың бұйрығы 1774 жылдан орындала бастаған. Әкімшіліктің зорлық күшімен өзгерген атаулар қарасы мол. ХХ ғасырдың басында халқымыздың басынан өткен тарихи оқиғалар мен қоғамдық құбылыстардың теріскей өлкеге әкелген зобалаңдары да нақты мысалдармен дәйектеледі. 1919 жылғы 27 тамызда Сібір төңкеріс комитеті, қысқаша Сибревком құрылды. 1921 жылғы 21 сәуір күні өткен Петропавл қала-уездік партия конференциясы мен советтер съезінде орталығы Петропавл қаласы болған Ақмола губерниясының Ресейден бөлініп, Қазақ автономиялы республикасының құрамына енгені жария етілді. Келесі жылы 95 жыл толатын осынау тарихи дата туралы да тың мағлұматтар топтастырылған. Деректер барынша толық болуы үшін сол кездегі Петропавл уезінің әкімшілік-аумақтық бөлінісімен шектеліп қалмай, Солтүстік Қазақстан облысы аумағына қарасты бұрынғы Көкшетау уезінің, қа­зіргі Ақмола және Қостанай облыстарына қарайтын аумағының топонимиялық кеңістігі де қамтылды. Шартты түрде «тарихи топонимика» деп атаған бұл деректердің тарихи, танымдық маңызы жұртшылықты қызықтырары сөзсіз. Аталған мәліметтер сұрыпталып, осыдан 120-150 жыл бұрынғы 4590 кісі есімі, 2255 қыстауға қатысты жер-су, орман-тоғай атаулары және 764 ру-тайпа немесе ауылдардың атына негіз болған 764 этноним енгізілді. Институттың келешектегі ғылыми-зерттеу жоспарына сәйкес облыс аумағындағы топонимдердің сала-сала бойынша далалық экспедициялар ұйымдастыру міндеттері тұр. Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл, Сол­түстік Қазақстан облысының шаңырақ көтергеніне – 80 жыл мерейтойлары қар­са­ңында теріскей өлкенің өткен тарихын жа­ңаша қырынан таныту артықтық етпейді. Гүлнәр АХМЕТЖАНОВА, әлеумет­танушы: – Аймақтағы жер-су атауларына зер сала қараған адамның сол атаулардың астарындағы ұлттық таңғажайыптарды танып, қайран қалары анық. Қазақ халқы елді мекендердің, орман-тоғайлардың, қамыс-томарлардың атын кездейсоқ қоя салмаған. Атаулардың мән-мағынасына, тарихына ерекше көңіл бөлген. Әр дәуірдің ескерткіші ретінде тарихи сананың, ұғым-нанымның дерегі саналып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын рухани жәдігерлерді құрметтеп, аялап сақтай білумен қатар, «ақ­таңдақтарды» қалпына келтіру аза­маттық борышымыз емес пе? Облыс топо­нимикасының осыдан 100-200 жылғы жағдайына көз жіберсеңіз жүрек сыздайды. Ата-бабамыздың асыл мұрасының, әсем де тапқыр атаулардың, қазақ тарихының, тұрмысы мен мәдениетінің өрнегіндей көркем есімдердің жоғалып кеткені обал-ақ. Мысалы, Көкшеағаш, Жонқызыл, Кепеқызыл, Сарыөлеңағаш, Сарытерек немесе Төлепберген туған, Қойсойған, Қояншықпас, Талды қыстау мекендерінің атаулары жұрт аузында ғана қалған. Бір кездегі оқиғаны, адам әрекетін, қазақтың ата кәсібімен ажырамас бірлікте, ұмытпастай етіп шегелеген атаулар мынадай-ақ болар: Сиыр салған, Төрт өгіз, Түлкі алған, Қасқыр қамаған, Үкі атқан, Күйген қыстау, т.с.с. Топонимдерді талдап отырғанда, көзге түсетіні – адам баласының өзі назар аударып, көз тоқтатқан нысанды басқалардан оқшаулап, бөліп алып сипаттай білу шеберлігі. Үлкен қопа, Бірқызыл, Егізбай, Қосқаратал, Қоспақшағыл, Сұлу­жал, Сұлуқызыл... тізе берсеңіз көркем дастанның шумақтарындай оқылады. Бабаларымыз келер ұрпақтың санасына аманат етіп сіңірген мұндай топонимдердің бір парасы оқиғалы: Ақжан қонған ағаш, Есенгелді жығылған, Есілбай түскен, Әже өлген сай, Жәңке туған, Дінәлі қыстаған, Көшек қой сойған, Салпықтың қызылы, Салықпай шоқысы, Шәулі ұстаған, т.б. Осындай тарихи атауларды этнолингвистикалық тұрғыдан зерделеу– келешектің ісі. Әрине, елімізде жер-су атауларын жинақтау, оларды реттеу, дұрыс таңбалау, ежелгі атауларды орнықтыру сияқты те­о­риялық, қолданбалы мәселелерді ғылыми сараптауға ұмтылыс қуантады. Десек те, проблемалар да жоқ емес. Солтүстік өлкенің сүйікті ұлы, жалынды жыршысы Сәбит Мұқановтың туған жер туралы толғаныстары, атамекеннің әр тасы мен төбешігі, айнадай жарқыраған көлдері мен шоқ-шоқ тоғайларының атын жасынан жаттап өскен жершіл азаматтың жазбалары отансүйгіштік оқулығындай жетелеп отырады. «Петропавлға келе сұрастырсам,– дейді жазушы, – Жаманшұбар жерінің қай совхозға қарайтынын білетін адам жоқ екен. Оларды кінәлауға да болмайды, географиялық картада ондай ат жоқ. Бірақ, мен Жаманшұбардың жолын ешкім айтпай-ақ табам», деп алады да қазақ даласының өгей ұлдары түсіне бер­мейтін көркем келбетін қағазға былайша түсіреді: «...білетінім, ауыл арасының жолы. Ерте кезде, ұсақ ауылдарды аралап қиқаң-сиқаңы көп болатын бұл жолмен... Петропавл, Архангельск, Бүгілім (Боголюбовка), Талапкер, Орталық, Жекекөл (Благовещенка), Майбалық. Одан әрі жайлау – Жаманшұбар». 1930 жылы келгенде: «Маршрутым: Бескөл, Надеженка, Боголюбов, Өрнек, Алтай-Мұрат, Қоржынкөл, Жекекөл, Майбалық, өз ауылым», деген сілтеме жасайды. Міне, ерекше көңіл аударатын, «Сәбит жолы» деп арнайы атап, құжаттап, хаттап, туристік маршрут жасайтын тарихи сапар жолы осындай-ақ болар. Жазушы шығармасында жер-су атауларын түсіндіріп, ерекшелігін ежелгі қазақ тұрмысымен қабыстыра баяндайтын сәттері көп: «Бұл маңайда, бұрын үш ауылдың қыстауы болушы еді, Жаманшұбар, Батпақкөл және Өтей-Дәуіш. Жаманшұбарда көл жоқ, суды құдықтан ішетін, бірақ құдық суы тапшы болып, кейбір қыста малдары да, жандары да қарды еріткен сумен күн көретін. Батпақкөлді қыстаған Мәмек пен Аңдамасқа көлдің суы кейде жетіп, кей жылда тапшы болып, сондықтан, олар да қар ерітіп күн көретін». Біз алдағы уақытта «Сәбит Мұқанов шығармаларындағы топонимдер» деген тақырыпта зерттеу жүргізуді басты мақсат етіп отырмыз. ХХ ғасырдың басындағы күрделі қоғамдық-саяси сілкіністердің ауыр зардаптарын жастар түгіл үлкендердің өздері терең біле бермейді. Кеңес өкіметі билігі кезінде Қазақ автономиялы республикасының құрамында Ақмола губерниясының қалай құрылғаны, сол губернияның, одан кейін Қарағанды облысының орталығы болған Петропавл қаласының және тәуелсіз Қазақстан экономикасы мен өндірісінің, мәдениеті мен ғылымының аса маңызды аймағындағы әрбір елді мекен мен ауданның қалай қалыптасып, дамуы– өткен тарихымыз. Оны санадан өшіріп тастай алмайсың. Омбы уезіндегі Атқы-Мөнтік-Сары Қарауыл болысының атауы Николаев болысы, Петропавл уезіндегі Матақай-Сыбан-Керей болысының атауы Пресногорьковская болып өзгертілген. Бұл атаулар күні бүгінге дейін отарлау саясатының ескерткішіндей сақталып қалған. Кейін бұл үрдіс барынша қарқын алып, жалғаса берген. Мысалы, 1830 жылғы картаның бетіндегі көлдер мен елді мекендер аттарының жаппай орысшалануы көп жайттан хабар береді. 1832 жылы Омбы облысының аймағын әскери-топографиялық картаға түсіру үшін подполковник Бутковскийдің басшылығымен арнайы экспедиция құрылады. Экспедицияның 1833 жылы дайындаған есеп-санақ сипаттамасында Көкшетау округінде (қазіргі СҚО аймағын да қамтиды) тұратын халықты әкімшілік болыстарға күштеп бөлгені назар аудартпай қоймайды. Патшалық Ресейдің отарлау саясатының негізгі бағыты аумақтық және саяси-әлеуметтік бірлігі тұтас, ынтымақтаса ұйып отырған қазақ руларын бөлшектеп, әрбір әкімшілік бөліске таратып жіберуге бағытталғаны құжаттардан анық аңғарылады. Жоғарыдағы кестеде бір рудың адамдары әртүрлі болыстарда қайталанып келе беруінің мәнісі мынандай: қазақ руларының ұсақ топтарға бөлініп, араласып кетуі округтік приказ құру, әкімшілік болыстарға бөлу салдарынан туындаған. Бұл жайттар 1822 жылғы реформаның нәтижелеріне қатысты мәліметтер болып табылады. Кейін облыс, аудан, совхоз құру кездерінде жағдай мүлдем асқынып, тұтас қазақты тас-талқан етіп бытыратып, шашып жіберген. Бір рудың, бір атаның ұрпақтары бірін-бірі танымай, суысып кетуінің тамыры осындай отарлау саясатында жатыр. Бұл қиғаштықтар қазақтың ұлттық зердесіне зор қиянат келтіргені айтпаса да түсінікті. Ата-бабаларымыздың төріне баса-көктеп келген әрбір келімсек өзімен бірге тілін, дінін, салты мен санасындағы жер-су атау­ларын ала келіп, орныға берген. Мәселен, қазіргі жер-су аумағымыз әуелде 1803 жылы Ресейде құрылған Сібір генерал-губернаторлығына қараған. Сібірдің бас губернаторы М.Сперанский қазақ даласында хандық билікті жойып, «Сібір қазақтарының жарғысы» деп аталатын құжат негізінде мемлекеттік басқарудың жаңа түрін енгізген. Сәуле МӘЛІКОВА, облыстық мем­ле­кеттік мұрағаттың директоры: – Ұлттық құндылықтарды жою арқылы онсыз да саны аз теріскей қазақтарын отарлауға кіріскен патша үкіметі билік жүйесін өзгерту арқылы Қызылжар, Көкшетау атырабына қарашекпенділерді қара құртша қаптатқаны тарихтан мәлім. Жаппай қоныстану 1826 жылдан басталады. 1875 жылғы мәлімет бойынша қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын аумақтағы болыстық бөліністердің атаулары түгелдей ауыс­тырылған. Бұл өзгертулерге қазақ рулары мен аталарының есімдері болыс атауында айқын көрінбей, ұмытылсын деген мақсат басты себеп болғанға ұқсайды. «Ведомость о числе киргизских волос­тей, аулов и кибиток в Акмолинской области (на трехлетие 1887-89 гг.)» деген құжатта құнды деректер баршылық. Зерттеушілер 1891 жылы Ресейдің Еуропа жағында қатты қуаңшылық болып, Орал таулары іргесіндегі, Батыс Сібірдегі аш-арықтар Қазақстанға жаппай ағылғанын, жол үстінде қыс ерте түсіп, кездескен казак станицалары мен орыс поселкелеріне бей-берекет қыстап қалғанын жазады. Босқындарға үкімет тарапынан қолдау жасалып, «бос жерлерге» орналасуға рұқсат етілген. 1893 жылғы 4 наурызда патша бекіткен ережеге сәйкес бұрынғы қонысын тастап, ауа көшкендерге теміржол желісі бойына орнығуға пәрмен берілген. Қоныс аударушылардың қазақ жеріне аяқтары тиісімен Ащыкөл, Тұщыкөл-Горькое, Пресное болып шыға келген. Белгілі зерттеуші В. Алексеенконың жинаған деректері бойынша 1870-1906 жылдары Қыр өлкесіне Ресейден ауып келгендер 521 мың адамды құраса, Столыпин реформасы аталатын 1906-1914 жылдар аралығында 734 мыңға жеткен. Жер-су атын өзгерту – жай әуесқойлық емес, сол маңайда бұрын ешқандай халық мекендемеген, демек, иесіз жерге қазық қағуға болады деген жымысқы саясатпен әдейі жасалған шара екені анық. Тіпті, қазақы атаулардың транскрипциясын өзгертіп, адам танымастай қалыпқа түсірген (Шабақты-Чебашье, Тереңкөл-Торангул, Тоқыш-Токушино, Асан-Асаново...). Кеңес Одағының тарихында комму­нистік жеке идеологияға негізделген тота­литарлық жүйенің әсерінен қоғам дамуын тежеген, халық басына неқилы ауыртпалықтар әкелген оқиғалар мен құбылыстар мемлекеттің әкімшілік-аумақ­тық бөлінісіне, тиісінше, елді ме­кендердің, олар иемденген жер бедері мен су көздерінің, орман-тоғайларының атау­ларын өзгертуге кері әсерін тигіз­бей қалған жоқ. Колхоздастыру кезінде байырғы тарихи топонимиканы «Жаңа тұрмыс», «Алғабас», «Жаңа талап», «Жа­­ңалық», «Орталық»,»Бірлік» сияқ­ты даңғаза атаулар басты. Екінші дү­ние­­жүзілік соғыста орны толмас көп шы­ғынмен елді басқыншылардан сақтап қалған халық ерлігі тарих бетінде қалай сақталса, солтүстік өлкенің жер-су аттарында да солай таңбаланған. Жаңадан құрылған кәсіпорындарға, елді мекендерге Кеңес өкіметінің, коммунистік пар­тияның жетекші қызметкерлерінің есімін беру салтқа айналған-ды. Ол адамдарды кісілік қасиеті, халқына немесе сол ма­ңайға сіңірген еңбегі үшін емес, жаңа билік­тің биік сатысындағы лауазымы үшін ұлықтайтын. Осындай «антропотонимдермен ойнау» үрдісінің мысалдары Солтүстік Қазақстанда да жетіп-артылады. Мәселен, 1935-1936 жылдары 6 «сельсоветке» Ораз Исаевтың аты берілген. Бүкіл Қазақстандағы секілді 1954 жыл­дың көктемінен басталған Тың және тыңайған жерлерді игеру деген мем­лекеттік деңгейдегі саяси-шаруашылық науқанға байланысты облыстың әкімшілік-аумақтық бөлінісі түбірімен өзгертіліп, жаңадан құрылғандарына идеологиялық тұрғыдан «Александров», «Заря», «Золотая нива», «Ильич», «Молодая гвардия», «Невский» сияқты атаулар қойыла бастаған. Осының салдарынан солтүстік аймақтың демографиялық жағ­­дайы мүлде ушығып, аз уақытта қазақ халқы өзінің туған отанында аз­шылыққа айналды. Қазақ тілінің құрып кету қаупі төнді. Мектептер мен арнаулы оқу орындары жергілікті ұлт тілін­де маман даярлай алмайтын дәрежеге жетті. Осындай сойқанның іздері күні бүгінге дейін Қызылжар өңірінде сайрап жатыр. Кейбіреулер оны мақтан көріп, қазақ халқының көп ерліктерінің біріне балағылары келеді. Жылда бір «жаңалық енгізудің» салдары сол кездегі мемлекеттік құрылымды мүлде тұралатқан. Мұны Сол­түстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісінің кеңес заманындағы өзгеру тарихынан айқын көруге болады. 1925 жылы қалалық, губерниялық сайламышты билік деңгейінде қаулы алынып, Қазақ автономиялы советтік социалистік республикасының Орталық атқару коми­теті бекіткен құжат бойынша өзгерген Қызылжар атауы Мәскеуден қолдау таппай қалған. 1928 жылғы 17 қаңтарда КазЦИК-тің екінші сессиясында Қызылжар округі құрылып, мамыр айының 10 жұлдызында Петропавл уезі деп өзгертілген. Қорыта айтқанда, аймақтың ғасырлар бойы қалыптасқан топонимиялық жүйесін бір ізге түсіру, ұлттық мәдени және мате­риалдық құндылықтарын сақтау, байырғы атауларын қайтару – аса маңызды іс. Жазып алған Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.