• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2016

Қолдаудан пайда қомақты

321 рет
көрсетілді

Күні кешеге дейін Шекшек ата түлігіне шекеден қарағанымыз шындық. Ілуде біреу болмаса, ешкі ұстауға құлықсыз болдық. Кейінгі ұрпақ халықтың алпысыншы жылдарға дейін қой-ешкі сауып, таңдайға басқанын да біле бермеуі мүмкін. Ал қой сүтінен дайындалатын қойыртпақтың не екенін үлкендер жағы да ұмыта бастаған болуы керек. Мұны айтып отырғанымыз, төрт түліктің пайдасын біреу білсе, қазақ білген. Атакәсіптің ажарын кіргізіп, төрт түліктің пайдасын көруге енді-енді ғана бет бұра бастағанымыз да шындық. Әлі де жоғалтқанымыз жетерлік, әрине. Әйтпесе, малдың терісін, қойдың жүнін, басқаларын айтпағанда, кәдеге жаратпас па едік. Бұл, әрине, бөлек әңгіме. Еліміз нарықтық қатынастарға көшіп, халық пайдалы кәсіптің көзін іздей бастағанда өсімтал түлік ешкі еске түсе кетті. Қазір өңірде ешкі өсіріп, есебін түген­дегендер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Осындай есебін түгендеу үшін ешкі өсіруді қолға алғандардың бірі Алға ауданы Маржанбұлақ ауылының тұрғыны Алдаберген Найманов. Алдаберген де ешкі өсіруге бірден келе қойған жоқ. Қарғалы ауданында шаруа қожалығын құрып, мол астық алсам деген үміттің жетегінде біраз жүріп қалды. Қырсыққанда алты жыл бойы қуаңшылық болып, сепкенін де жинай алмады. Осылай салы суға кетіп, әрі-сәрі болып жүргенде Челябі облысынан келген қазақ жігітімен танысып, оның ешкіге бай екеніне қанықты, ол әкелген ешкі сүті мен ашымалының дәмін татып көрді. Көп кешікпей ешге өсірсем қайтеді деген ойға кетті. Қалаға қоныс аударды, ешкі өсіріп, сүт өндіруге бизнес-жоспар жасап, ауыл шарушылығын қолдау қорына жолықты, қор­дағылар қолдап, 1,5 миллион теңге несиені жеңілдікпен ұсынды. Қала маңындағы Маржанбұлақ ауылынан 10 сотық жер бөлді. Бұл жерге шағын тұрғын үй, қора соғып алды. Ол 2014 жылы 3 миллион теңге мемлекеттік грантты жеңіп алды. Челябіден 40 асыл тұқымды ешкі сатып әкелді. Келіншегі Би­бігүл екеуінен басқа тағы да екі адамға жұмыс тауып беріп отыр. – Қазір 40 ешкі сауып отырмыз, сүт және ашымал (өздері ешкі сүтінің қымызы дейді) дайындаймыз. Өнімдерімізге сұраныс бар. Алайда, дүкендерге өткізуге әзірге сертификатымыз жоқ. Сол үшін ешкі сүтін өңдейтін цех салуды жос­парлап отырмыз, оған 20 сотық жер бөлінді. Алдағы уақытта осы цехты және мал азығын өсіретін жылыжай салу ойда бар. Жылыжайда ешкінің сүттілігін арттыратын гидропоника өсіруді қарастырудамыз. Сон­да бәрі ойдағыдай болады. Еш­кі санын да көбейткіміз келеді. Жер­гілікті билік «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы аясында инженерлік құрылымдарды жүр­гізіп беруге уәде беріп отыр, – дейді «Найманов.ЖК» жетекшісі Алдаберген Найманов. Қазір әр ешкіден күніне 1,5 литр сүт сауады. Жыл өткен сайы­н ешкілердің өнімділігі арта түседі, күніне 4 литрге дейін сүт береді, дейді Алдаберген. Қазір ол көтерме бағамен литрін – 500, ал жәрмеңкелерде 700 теңгеден өткізіп жүр екен. – Ешкі сүтіне сұраныс артпаса, кемімейді. Себебі, халық оның сапалық құрамы жағынан ана сүтімен тең екенін түсініп, емшек ембейтін балаларға алуда. Қазіргі келіндердің жағдайы айтапаса да түсінікті ғой. Жас келіндердің көбі шаранасын жарыт­пайды да дүкендегі құрғатылған сүт­пен қоректендіреді. Содан келіп балалар аурушаң болады. Сондай-ақ, ешкі сүтінің көптеген ауруларға тойтарыс беретін емдік қасиеті бар. Менің өзім 20 жылдан бері аллергия болып азап шегіп едім. Бір ай ешкі сүтін ішіп, дертімнен құлан-таза жазылдым, – дейді кәсіпкер жігіт. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.