• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2016

Үш ұрпақ тоғысқан дәрігерлер әулеті

518 рет
көрсетілді

«Бабасы еккенді баласы орады» деген нақылды облыс орта­лы­ғын­да тұратын Абдулмажит Айси­ра­ху­новтардың отбасына қарата айтсақ, бек жарасады. Өзі, зайыбы Ва­лентина Шамрай, ұлдары Ринат пен Роман, келіні Людмила бәрі де тіс дәрігерлері. Бір сөзбен қайырсақ, күрмеуі қиын медицина – бұл әулетке ортақ сала. Олай дейтініміз, Абдулмажиттің ата-анасы, ағасы да ақ халатты абзал жандар болған. Үш ұрпаққа жалғасып келе жат­қан дәрігерлер әулетінің бастауында Абдулмажиттің ата-анасы тұр. Әкесі Мәжит пен анасы Назифа елге белгілі дәрігерлер еді. Әсіресе, анасы жайлы әңгіме бөлек. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері атанды. Денсаулық сақтау саласында тапжылмастан 60 жыл мінсіз қызмет етті. Әкесі терапия са­ла­­сының тәжірибелі маманы-тұғын. Өмірден мезгілсіз өтіп, бар ауырт­­палықты жан анасы арқалады. На­зифа апайдың еңбекқорлығы ба­ла­­ларына дарыған. Абдулмажит пен ағасы Рашид жастайынан ата-ана жо­­­лын жалғап, дәрігер болуды қала­ды. Абдулмажиттің туып-өскен жері – Алматы облысы. Ұйғыр азаматы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін 1983 жылы тәмамдағаннан кейін Алматы қаласының белді емдеу мекемелерінің бірінде жап-жақсы қызмет ұсынылады. Бірақ ол еңбек жолын Алатау бөктеріндегі шаһарда емес, Есілдің жағалауында орын тепкен Петропавл қаласында бастау­ды ұйғарады. Содан бері қырмызы Қызылжар жеріне орнығып, саналы ғұмырын медицинаға арнап келеді. Қос жас маман облыстық стоматология емханасына жұмысқа орналасып, сыпайы мінездерімен, іске алғырлығымен ұжымның құрметіне бөленді. 1987 жылы алғашқылардың қатарында жекеменшік стоматология кабинетін ашып, қазір клиникаға айналды. Онда өзі, зайыбы және екі ұлы еңбек етеді. Мекеме облыс орталығынан шеткерілеу қоныстанған 20-шы шағын ауданда орналасқан. Стоматологияға дүниеден ерте өткен асқар таудай әкесінің атын қою арқылы кішігірім ескерткіш қоюды перзенттік парыз санаған. Айсирахуновтар әулеті жеке­меншік емдеу мекемелері үшін де бәсекелестікке қабілеттілік, кәсіби шеберлік басты үрдіс деп есептейді. Бүгінгі күні жаңбырдан кейін қаулай өскен саңырауқұлақтарша қаптап кеткен медициналық мекемелерден оқ бойы озық тұру үшін үнемі білімдерін шыңдап, тәжірибелерін молайту үстінде. Осы орайда олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында медицина саласына қатысты «Мемлекеттік меди­циналық ұйымдарды жекеше­лендіруді ынталандыру, мемле­кеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепіл­дендірілген көлемін беруді кеңейту» деген тапсырмасымен толықтай келіседі. Абдулмажиттің ойынша, бәсеке жоқ жерде алға басу, даму, ілгерілеу мүмкін емес. Десе де, әлеуметтік жағынан қорғалмаған адамдарға, зейнеткерлер мен студенттерге стоматологиялық ем-домның қолжетімді болғанын қалай­тынын да жасырмайды. Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ, ұстаз. Солтүстік Қазақстан облысы. –––––––––––– Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.