• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2016

Құранмен бірге сақталған Жамбылдың кітабы

457 рет
көрсетілді

Жамбыл – ғасырлық ғұмырымызда арыны басылмаған алып жыршы, шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын. Ол өзінен кейінгі әр ұрпақтың атбасын арнайы бұрып, шөліркегенде тұнық жырларынан сусындар тұма бұлағы!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Көңілді мұң басар сәттер әлі де аз емес. Сол сәтте әлдебір ауыр ойлар­дың жан дүниемді сары аяз болып қаритыны да бар. Болған да толған дүниенің солғаны мен төгілгенін де бір басынан өткізіп, замананың ащы запыранын татқан киелі бір шаңырақтың босағасына ие болып, атадан қалған жалқы тұяқты мен үшін өмірдің те­реңнен тартар сыры да жетерлік әлі. Кешегі кеңестік кезеңдегі кәмпес­кеден қашып, «Сибкрайға», яғни Сібірге бір түнде өтіп кетіп, жан сау­ғалаған да, одан кейінгі «халық жауы» ретінде түрменің азабын тартқан да, одан кейінгі Ұлы Отан соғысында төрт бірдей арысынан хабар-ошарсыз айырылған да, иә... одан кейін біздің шаңырақта енді соттатып, енді айдататын еркек кіндікті қалмаған соң менің сорлы анама да «он келі қара бидай ұрлады» деген көрсетінді жаламен он жылды кесіп те берген кезеңдердің салқыны ұрады жанымды. Міне, тарихтың осындай бір қилы-қилы кезеңдерінің қиямет қайшысымен біздің әулеттің де тағдырының қиы­лып түскен кездері аз болған жоқ. Сондағы бар тағылған айып – қажы-молланың ұрпағы болғандығымыз еді. Менің өз атам Жұмжұма молланың туған ағасы Бабаназар қажы кезінде Наурызбай Таласұлы, кәдімгі Науан Хазіретпен бірге мұсылман діні үшін күрескендердің бірі екендігін тарих жоққа шығармайды. Әсіресе, Көкшетау өңірінің мұсылмандарын шоқындыру басталып, Көкшетау дуанындағы мұсылман мешітіндегі медресені жауып, діни рәсімдерге тыйым салынған тұста Көкшетау өңірінің сол кездегі бас көтерген дін басылары мен зиялыларының арасында Бабаназар қажы Жаңабатырұлы да жүрген еді. Патшаның жарлығымен Науан Хазірет жарықтық Сібірге жер аударылған қиын-қыстау кезеңдерде ақ патшаға дейін барып арызданып, одан кейін «итжеккенге» айдалып кеткен Наурызбай Таласұлының со­ңы­­нан іздеп барып алып келген де Жанбатыр Бабаназарұлы мен Бабаназар Жаңабатырұлы сияқты сөзге шешен, от ауызды, орақ тілді осы бір ділмар қажылар болатын. Бұл жайында белгілі жазушы Сарбас Ақтаев «Науан Хазірет» атты көлемді еңбегінде дә­лелді жазып көрсеткен-ді. Және де 1903 жылдың 9 қарашасы күні Дала Генерал-губернаторының кеңсесіне түсіп, тіркелген мына бір анықтама Омбы мемлекеттік архивінен табылып отыр. Бұл анықтама, тарихи құжат менің атам Бабаназар қажының еліміз бен дініміздің шынайы жанашыры болғандығын көрсеткендей. Дала Генерал-губернаторының кеңсесіне түскен бұл құжат мына жағдайды баяндайды. «Анықтама. Ақмола облысының әскери губернаторы жанындағы аса маңызды істері жөніндегі шенеунігі Яхонтовтың түсініктемесі бойынша мұсылман үгіті жөніндегі істің меңгерушісі Генерал-Майор Романов жергілікті әкімшіліктің өкімімен жабылған медресені ашу және Сібірге жер аударылған молла Таласовтың басына азаттық беру жөніндегі қырғыздар Бабаназар Жаңабатырұлы, Әбутәліп Бакизин және басқалардың өтініштерін аса мәртебелі Сіздің құзырыңызға жеткіземін». Бұл құжатта Дала Генерал-губернаторы кеңсесі меңгерушісінің және аға іс жүргізушінің қолдары бар (бұл құжаттың көшірмесі қолымда сақтаулы, орысшадан аударылып бе­ріліп отыр. Ескерту – автордікі). – Науан хазiрет ақталыпты, Жан­батыр мен Бабаназар iстi бұз­ғызыпты, – деген әңгiменi ел естiп, бүкiл Атығай, Қарауыл болып дуан орталығы – Көкшетауға күнi бұрын жиналып, алысқа сапар шегiп кеткен қадiрлiлерiн тiлектестiкпен қарсы алған топтың алдына Шерияздан қажы шығып: Жанбатыр, Бабаназар екi жүйрiк, Суарған суат көлден екi сүйрiк. Алланың берген бұл да бағы шығар, Көтердiң iсләм дiнiн екi жүйрiк, – деп құттықтап, өлеңмен қарсы алған екен. Мiне, мұның өзi Сібірге жер аударылған Науан хазiреттi Жанбатыр мен Бабаназар қажылардың қиямет сапардан алып келгендiгiн дәлелдеп тұрғандай. Міне, Науан хазіреттің ісін бұзғы­замын деп Санкт-Петербургтегі ақ патшаның алдына барып, сол сапарында орыс патшасынан сыйлыққа оқалы шапан, алтын сағат алып қайтқан атам Бабаназардың осы бір әрекеті жаңадан орнаған кеңес өкіметіне жақпаған-ды. Біздің әулеттің қуғын-сүргінге түсуінің және де елуінші жылдардағы «хрущевтік жылымық» орнағанына дейін сенімсіз «элементтердің» бірі болғандығымыздың басты әліпбиі орыс патшасының атама сыйлаған оқалы шапаны мен алтын сағатынан басталған-ды. – Бір түнде соятын малды сойып, етін қақтап, жолға азық дайындадық та, дүние-мүлікті жерге көміп, біраз малды Тайыншаның базарына айдап апарып саттық та, Қызылжар вокзалына барып, пойызға отырдық та, елден қашып кеттік қой, – деп әкем күрсініп отыратын. Бертін ес жия келе сол жер астына көміліп, жасырылған дені Құран кітаптары екендігін білдім.Немере ағам Айтмұхамбеттің жуырда бір айтқан әңгімесінде, біраз Құран кітаптары біздің ата-бабамыздың ескі қорымына көмілген екен. Соларды тапқым да келгені бар. Жер астындағы затты анықтайтын құрал болады деген соң, солардың мамандарымен де пікірлесіп едім, білетіндер «ол құрал қағазды анықтай алмайды» дегенді айтты. Алайда, менің қолымда сол ата мұрасының бірер дүниесінің сақтаулы тұрғаны да көңіліме медет осы күндері. Бала кезімде біздің үйдің шошаласында ескі бір сандық елеусіз болып жататын-ды. Сол ескі сандықты үйленіп, үй болғаннан кейін әкем «мынаны қалаңа алып кетіп, үйіңде сақта, қолыңнан шығарушы болма» дегені де бар. Өзі бір Құранды алып қалды да, сандықты ішіндегі қалған бар дү­ниесімен Көкшетауға алып кеттім. Содан бері сол дүниелер менің қолымда. Атадан маған бұйырған сол сан­дықтың ішінде тозығы жеткен көптеген діни кітап, Құрандармен бірге 1938 жылы Қазақстан көркем әдебиет баспасынан латын қарпімен басылып шыққан Жамбыл Жабаевтың өлеңдері мен жырларының қызыл түсті кітабы да бар еді. Және де сол латын қаріптерімен басылған, әбден тозуға айналған «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Шора батыр», «Қамбар батыр» жырлары топ­тастырылған бір кітап та көнеден жетіп отыр. Жамбыл Жабаевтың ақындығына жетпіс бес жыл толуына арналып 1938 жылы шығарылған бұл кітап та маған аталарымның қуғынды-сүргінді, қорқып-үркіп өмір сүрген кезеңдерінде қасиетті Құран кітаптарымен бірге сақталып бүгінге жеткені көңілімнің ойран-асырын шығарса да, шүкір­шілікке бой алдырамын. Ең әуелі елімнің Тәуелсіз ел бол­­ғандығына мың да бір шүкір қы­ламын! Тәуелсіз елім болмаса, отыз сегізінші жылы ұсталып, «жатырмын Қызылжардың түрмесінде, адамның басына мұны бермесін де» деп жан наласын жырымен айтып кеткен әкемнің туған інісі Нәбиғалидің қасіретін айта алар ма едім?! Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Бабаназар қажының бел баласы, әкемнің ағасы Ғабдылхамит біздің ауылда жалғыз өзі ғана намаз оқып, ораза ұстаған және де әр жұма са­йын автобусқа отырып, Көкшетаудағы жалғыз мешітке келіп жұма намазына да қатысатын еді де, намаздан кейін біздің пәтерімізге келетін еді жарықтық. Қона жататын кездері де болатын. Сондай сәтте атамнан елден, әркімнен естіген «біз неге қуғын­далдық, менің анамды кім және неге соттатты?» деген сұрақтардың астына да алатын кездерім болатын. Зиялы қарт ойланып, үнсіз отыратын да: – Қайтесiң, шырағым, өткен заман өттi де, кетті ғой, ескi әңгiменi бәрiбiр сендер ендi айта да алмайсыңдар, жаза да алмайсыңдар. Оны айтқызбайды да! Не көрсек те бәрiн бiз көрдiк қой. Біздің өткеніміз ендi сендердiң бастарыңа пәле болып жабысып жүрмесiн, – деп көп жайды бiзге айтпай да кеттi. Қажы ұрпақтарының мекендеп отырған жерлерiнен қуылуы, мал-мүлiктерiнiң талан-таражға түсуi бар, одан қалды «бай балалары» деп көзге түрткi болуын қарт өзi өлгенге дейiн ұмыта алмағандай едi. Ендi сол қуғын-сүргiндi кейiнгi ұрпақтары бiздер көрмесе деп көп жайды айтпағаны естi қарттың бiздiң болашағымызды ойлағаны да, сақтандырғаны да болар. Сол бір ауыр ойдың үстінде отырған атам әлден уақытта үстел үстінде тұр­ған бос шай кесені қолына алды да: – Мына бос кесеге суды құя берсең ол толады ғой, толған соң төгіледі ғой, шы­рағым! Біз де кезінде болғанбыз, тол­ғанбыз,сонан соң төгілгенбіз! Енді бір Алладан соның қайырын сұра! – де­генді айтып, бүк түсіп жатып алған-ды. Атамның осы бір ауыз сөзі менің жан дүниемнің ойран-асырын шығарды. Сонан бері сөзге шешен, дуалы ауызды, діндар атамның осы бір ауыз сөзі қиналған сәттерімде сана түпкірінен әрдайым үн қатып тұратыны да бар. Тәуелсіз елім болмаса, бір кездері намаз оқуларының өзі қауіп пен қатер болған зар дүниенің азабын тартқан ата-баба әулетінің азапты ғұмырларының өшіп бара жатқан шамшырақтарын қайыра жағып, 2014 жылы сол ата баба мекенінде жаңа мешіт салар ма едім?! Бір Алланың разылығы үшін мешіт салдым! Бұл менің ұзақ жылғы ойымнан кетпей жүрген жай еді. Жаратқан ием сәтін салды! Тәубе! Менің өз атам Жұмжұма молланың және оның қара шаңырағының қасиеті жайлы осы ауылдың тумасы, кезінде Көкшетау қаласында тұрып, түрлі қызметтер атқарған Рәш Сәниқызы Қосшығұлова 2002 жылғы 1 қараша күнгі «Көкшетау» газетінде жариялаған өз естелігінде: «Ел ішінде аса қадір тұтып, қастерлеп, босағасын имене аттайтын қасиетті қара шаңырақтар болады. Сондай шаңырақтың бірі де бірегейі – Жұмжұма молланың отбасы еді. Ауылдан әлдекім алыс сапарға шығып, жолға аттанар болса, қайткен күнде тәу етіп, сол кісінің ақ батасын алып, ақ дастарқанынан, дәм татпай кетпеуші еді. Ол сол ма, ауылдағы жаңа туған жас нәрестені дүниеге келе салысымен әуелі сол үй­дің құтты шаңырағына апарып, жарат­қан Алладан жәрдем тілейтінін көзіміз көрді», – деп жазған болатын. Міне, мен сол қасиетті шаңырақтан қалған, Жұмжұма молланың бес ұлы­нан тірі қалған Ерғалидың жалғыз тұяғы едім. Шаңырағы жабылып қала жаздаған бір әулеттің кіндігін жалғап отырғаныма тәубе қыламын. Туған ауы­лымда мешіт салғанымда ең әуелі сол мешіттің көк күмбезін көтеріп тұрған, әрқайсысының биіктігі үш метрдей болатын төрт бірдей колоннасын, бағана тіреулерді тағдырлары беймәлім, соң­дарынан ұрпақ та қалмаған, осы күнге дейін тағдырлары да беймәлім әкемнің екі ағасы Мұқаметқали мен Нұрғали, екі інілері Нәбiғали мен Қинаят­қали Жұмжұмаұлдарына арнап, сол төртеуі біздің үйдің қара ша­ңырағын көтеріп тұрсын, сол өз қара шаңырақтарының тілеуін мәңгілік тілеп тұрсын деген ниетпен орнаттым. Әрқайсысының биік­тігі он бір метр болатын мешіттің қос мұнарасының біреуін өз аталарым Бабаназар қажы мен екіншісін Жұм­жұма молланың құрметтеріне арнадым. Кеңес өкіметінің біздің әулетке деген әуелгі бір сенімсіздігі мен кү­діктеріне енді келіп, төрт бірдей жан­ның соғыста хабарсыз кетуі келіп қо­сылды да, мұның соңы біздің үйдің тыныс-тіршілігінің ұдайы жасырын бақылауда болуына әкелді. Сондай бір аңдудың салдарынан колхоз егістігінен суы ағып тұрған бір шелек қара бидай алып келген менің анам Үмітжан Уәлиқызы да 1946 жылы он жылға сотталып кете барған еді. Сол 1946 жылмен 1950 жылдар аралығында Сібірдің Красноярск қаласындағы әйелдер коло­ниясындағы ауыр жұмыс пен суықтан бойына сырқат жабысып, төрт жылдан соң оралған анам мені 1952 жылы дүниеге әкеліп, өзі 1957 жылы небәрі 34 жасында қайтыс болған-ды. Мешіттің диаметрі үш жарым метрден асатын ішкі жағының биіктігі екі жарым метр болатын айшықты көк күмбез ғазиз анам Үмітжан Уәлиқызына қойған ескерт­кішім болатын. Тәуелсіз елім болмаса осыны істер ме едім, осыны айтар ма едім?! Енді келіп, ата-бабамның ғасыр тауқыметін арқалаған арманды күндерінің парақ­тарындай болып маған жеткен ескі Құрандар мен Жамбыл ақынның сол Құрандармен бірге сақталып келген бір кітабын қайыра-қайыра ақтарып отыратын кездерім де аз болмайды. Сыр ұққым келеді сол қасиетті дүниелерден. Бірақ... тіс жармайды олар маған. Көненің көзіндей болып көнерген сол дүниелердің көңіліме дем беретіні де бар. Және де Жамбыл бабамның: Өсиетім: сол үшін құшағыңды аш! Өсиетім: шындықты, адалды сүй, Ардақтаған халықты, адамды сүй! Елдің тіккен іргесін игілікке, Тап бүгінгі бақытты заманды сүй! – деген аталы сөзінің қаяу көңілдің үмітін сөндірмейтін бір құдіретін танимын. Соны танимын да абыз қарт­тың «Кімде-кім бірлік бұзса, халыққа қас» деген өсиет жырының жолдарын бүгінгі күнге де ұран боларлықтай оймен термелеймін. Жамбыл бабамыздың сол өсиетін адал орындап келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қой­майды», – деп айтқаны да ұлылар­дың сөзі де ісі де ұлылықпен ұштасып жа­татынына иландыра түсері бар. Жыр алыбы Жамбылдың дәуірі енді туды, енді басталды! Ол – Тәуелсіз­дік дәуірі! Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы мұраты Ұлы Дала елінің Мәңгілік Ел болу дәуірі! «Сөзімнің ғибрат ал сарасынан» деп ұрпағына өз өсиетін қалдырған жыр бабамыздың: Ер жігіт ғаріп емес пе, Белгілі елі болмаса, Заман ғаріп емес пе, Әділеттен аттаса, Халық ғаріп емес пе, Айтқаны іске аспаса, Жігіт ғаріп емес пе, Еңбегі алға баспаса?! – дегені енді туған дәуірдің. Тәуелсіз ел дәуірінің бүгінгі және келер ұрпақтарының санасына сіңіре ұстар ұлағат сөзі екендігін пайымдар едік. Байыбына барар ұрпақ болсын деңіз! Осы бір оймен тағы да Жамбыл жырларын оқимын. Бүгінгі заманмен үндесер қарт жыраудың үні ғасырлар пернесі болып мына біздерге сыр шертеді, ғасыр көкжиегінен үн қатады. Ел достығы, татулық, туысқандық, Ен байлық, зор қуаныш, бақыт тұрмыс. Зорлық пен зұлымдықтың жоғалғаны, Жер күліп, дарығаны бақ пен ырыс! – деп ғасыр жасаған абыздың осыдан сол ғасыр бұрын айтқан даналық ойының маңызы қай дәуірде болмасын өз ғибратымен әлі де талай да талай ұрпақтың санасына сыналап ұялай түсеріне сенеміз. Артықша туған азамат, Халыққа үлкен бел болар, – деп жыр алыбының өзі айтқанын­дай, қа­зіргі тәуелсіз еліне бел де, ес те болып отырған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі күні өз еліне айтып жүрген елдік пен ерлік жайлы әр сөзінің Жамбыл Жабаев жырларымен арқауланып, бүгінгі дәуірдің ұлағат сөзіндей болып үндесіп жатқандығын аңдар едік. – Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала елін құрдық. Ұлт Жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың Өрлеу Дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз, – деген Елбасының осы бір ауыз сөзінде «халыққа үлкен бел болар», – деп абыз бабаның өзі айтқанын­дай, бүгінгі бір ұрпағы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» атты өз мақаласындағы осы бір пайымды пікірінен бір ғасырдың, өткен бір дәуірдің абызы Жамбыл бабамыздың арманды өсиетінің жүзеге сәтті асырыла бастағандығына куәдүр боламыз да, шүкіршілік қыламыз. Жетісу жаққа жолым түсе қалса болды, Жамбыл бабамыздың бай мұра­сын бүгінгі күні кеңінен насихаттап және де абыз ақынның бізге мәлім де беймәлім өмірі жайында кесек те тұшымды дүниелер жазып жүрген қазақтың белгілі жазушысы, студенттік досым Нағашыбек Қапалбекұлы: «Жүр, бабамыздың басына барып қайтайық» деп тұрар болса, былтырғы күз айында Алаштың ардақты азаматы, сенатор Аңсар Мұсахановтың тағы да Жамбыл мен Сүйінбай бабаларымыздың кесе­нелеріне алып барғаны болды. Сол әр барған сапарым сайын айырықша бір толғаныста боламын. Ұлы бабалар рухымен үнсіз сырласқандай және де жан баласына айта алмаған, әлі де айта бермейтін ойларыммен бөліскендей күй кешемін. Жыр алыбы Жамбылдың дәуірі енді туды, енді басталды!.. Бұл – біздің дәуір, Тәуелсіз ел дәуірі! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты. АСТАНА.