• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2011

Вика мен Миша қазақша сайрап тұр

459 рет
көрсетілді

Меңдіғара ауданы орталығындағы «Балауса» қазақ балабақшасына баратын бүлдіршіндердің  70 пайызы өзге ұлт өкілдерінің балалары Олеся Свибович таңертең қызы Юлянаны «Балауса» балабақша­сына әкеліп, одан әрі жұмысқа кетеді. Балабақшаның төбесі кө­рін­ген соң-ақ қызы былдырлап қа­зақ­ша сөйлей бастайды.  Үйде стол ба­сында отырғанда да Юляна ата-анасына  «мама, папаның » орнына «апай» деп қалатыны бар. Ал­ғаш­қы кезде  оған үйдегілердің бәрі де ішегі қата күліп жүрді. Кейіннен  баланың қазақша  сөйлегеніне құ­ла­ғы үйреніп, қайта оған өздері де қазақша жауап қайтаруға тыры­сады. Үш жастағы Юляна өзінің «Алтын күн» тобында екенін де үйде айтып отырады. Балабақшаға кірісімен бүл­дір­шіндер тәрбиешілеріне қазақ­ша амандасады. Тәрбиешілер де  оларды «Сәләматсың ба?» деп қарсы алады. Балабақша табал­дырығынан бастап, олар ой­най­тын, демалатын, тамақ­тана­тын бөл­мелердің барлығы да қазақ тілінде безендірілген. Балабақ­ша тәрбиешілерінің барлығы да қа­зақ тілді, қарым-қатынас, балалармен жұмыс,  барлығы да қазақша жүреді. – Мен қызымды қазақ тілді балабақшаға бергеніме өкінбей­мін. Өйткені, мен баланың бола­шағын көбірек ойлаймын. Қазақ­станда  мемлекеттік тілді білмеген адам келешекте  еліміздің то­лық­қанды  азаматы бола алмай­ды. Бұл қазақ тілін білмесең Қа­зақстанда тұра алмайсың деген сөз емес, әрине. Балам бола­шақ­та мемлекеттік тілді сайрап, біліп тұрса жаман ба? Ол қандай жұмысқа болса да іркілмей кірісетін болады. Сонымен қатар елінің патриоты болып өссін деген де тілегім бар, – дейді Олеся Свибович. Меңдіғара ауданы орталы­ғын­дағы «Балауса» балабақша­сында бүгінде 8 топ бар. Соның біреуі ғана орысша, ал қалған жеті топта тәрбие қазақ тілінде жүр­гізіледі. Ал ондағы бүлдір­шін­дердің  70 пайызға жуы­ғы  қазақ емес, өзге  ұлт өкіл­дері­нің балалары. 90-шы жылдары об­лыс­тың өзге шалғайлары сияқты Меңдіғара ауданында да балабақ­шалар жабылып қалған бола­тын. Жұ­мыссыздық жайлап, әйел­дер­дің  көпшілігі үйде отырған­дық­тан, балабақша орнына келе қой­мады. Қазір ауылдағылардың әлеу­меттік тұрмысы  әлдеқайда жақсарған.  Қар­­манған  жанға жұмыс та жоқ емес. Ауылды жерде «алма піс, аузыма түс» деп, еңсесін  төмен салып, ешкім қарап отырмайды. Ал сәбиін балабақшаға бермей, жұмыс істеу, үйден ұзап шығу  мүмкін емес. Осыдан төрт жыл бұрын аудан басшылары  бюджет қоржынын қағыстырып, бұрынғы қирап қалған балабақша ғимара­тын қалпына келтірді. Бұрынғы балабақшаны та­нымастай етіп жөндеп, дайын еткеннен кейін ондағы тәрбие қай тілде жүру керек деген сұрақ тұр­ды. Ал Меңдіғара тарихында  қазақ тілді балабақша болған емес. «Біз орыс бола тұрып, қалай­ша  балаларымызды қазақ  бала- бақ­шасына беруіміз керек? Біз­дің құқымыз аяққа тапталды» дегенді айтқандар болмай қалған жоқ. Бірақ  ата-аналарға  бала­лары­мыз мемлекеттік тілді білуі үшін істі балабақшадан бас­тауы­мыз керек деген түсінік жұ­мысын жүргізгеннен кейін, олар­дың басым көпшілігі  балаларын қазақ топтарына өздері әкеліп тапсырды», – дейді Меңдіғара ау­даны әкімінің орынбасары Сәң­кібай Киікбаев. Меңдіғара – Қостанай облы­сы өңіріндегі жердің сұлуы. То­пы­рағы құнарлы, қайыңы мен қара­ғайын, мөлдіреген көлдерін  жер­д­ің жаннаты дерсің.  «Түлкі терісінен, үкі жүнінен жазады» деген ғой қазекем. Алдыңғы ғасырда Ре­сейден қара шекпенділер тоғы­тылғанда өзіміздің аға­йын Меңді­ғарадағы ата қоны­сынан шөл-шөлейт жерлерге ығыс­тырылған ғой.  Меңдіғара­ның дәл орталы­ғын­да  салын­ға­нына  ғасырдан асып кеткен, сән-сәулеті келіскен шіркеудің өзі істің дәл осылай болғанынан хабар бергендей. Ал Кеңес Одағы жылдарында бұл селода негізінен  өзге ұлт өкілдері тұр­ды, ал аудан және ондағы ша­руашылықтар бас­шылығына  жер­гілікті ұлт өкіл­дерін қоймай­тын­дығы туралы жа­зылмаған заң «жұмыс істеді». Міне, енді осындай  «тари­хы» бар аудан орталығында  қа­зақ жерін сыртқы жаулардан қор­ғаған Тұрсынбай батырдың  ауыздығы­мен алысқан  тұл­пары­ның үс­тін­де, найзасын қолына қыса ұста­ған ескерткіші орна­тыл­ды. Еліміз Тәуелсіздігін алға­лы аудан өңі­рінде тұңғыш ор­натылған еңселі ескерткіш те осы. Ал Тәуел­сіз­діктің  жемісі – «Балауса» балабақшасы  бола­шақ­қа ескерткіш. – Бүлдіршіндер тілді тез үйренеді. Балаларға арналған ша­ғын өлеңдерді көп үйретеміз. Вика, Миша, қане,  Аяз ата туралы тақпақты айтып беріңдерші! – Тәрбиеші  Гүлзейнеп  Хасенова апайы сұраған  өлеңді Виктория Штейнер деген үш жастағы  қыз бала айта жөнелді. Тілінде мүкіс білінбейді. Оған Миша Ивахненко ілесті. – Біздің балабақшада  тәрбие жұмысының барлығы қазақ тілінде жүргенімен, өзге тілді шеттетуге жол беріліп отырған жоқ. Біздің бағытымыз – үш тұғырлы тілді қалыптастыру. Сондықтан бала­лар­ға  аптасына  екі рет ағыл­­шын және орыс тілдері оқыты­лады. Мамандарымызды облыс­тағы  педагогика колледждері мен Қос­танай педагогика инс­титуты тү­лек­терінен жасақтап алдық. Ұжым­ның барлығы дерлік жастар. Олар­ға деген сенімім зор, – дейді балабақша мең­герушісі  Олдай Сү­лейменова. Меңдіғара ауылында бала- бақша кезегінде тұрғандар әлі де  жеткілікті. Аудан әкімі Базыл Жа­қыпов 2011 жылы  тағы бір  мектепке дейінгі мекеменің қал­пына келтірілетіндігін  айтты. Ал онда да тәрбие жұмысының мемлекеттік тілде жүретіндігі басы ашық мәселе болып отыр. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы.