2010 жылғы Астана, Үкімет үйі
Теңіздегі ғылыми-зерттеулерді жүргізу қағидасын бекіту туралы
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабы 49) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі
қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Теңіздегі ғылыми-зерттеулерді жүргізу қағидасы бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасының теңiздегi және iшкi су айдындарындағы мұнай операцияларымен байланысты теңiз ғылыми-зерттеулерiн жүргiзу тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 маусымдағы № 693 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 26, 219-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов.
_________________________________________________________
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 24 қарашадағы № 1244 қаулысымен бекітілген
Теңіздегі ғылыми-зерттеулерді жүргізу қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабы 49) тармақшасына сәйкес әзірленді және Каспий және Арал теңіздерінің қазақстандық бөлігінде теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізу тәртібін анықтайды.
2. Теңіздегі ғылыми-зерттеулер жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың теңізге әсерін және олардың қоршаған ортаға салдары мен биологиялық әртүрлілігін зерделеу мақсатында жүргізіледі.
3. Теңіздегі ғылыми зерттеулерді қазақстандық та, шетелдік те жеке және заңды тұлғалар, шетелдік мемлекеттік және құзыретті халықаралық ұйымдар жүзеге асыра алады.
4. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі теңіздегі ғылыми-зерттеулер саласындағы құзыретті орган (бұдан әрі – құзыретті орган) болып табылады.
5. Теңіздегі ғылыми-зерттеулер осы Қағиданың қосымшасына сәйкес нысан бойынша құзыретті орган берген рұқсатты алғаннан кейін жүргізіледі, онда теңіз ғылыми зерттеулер аумағының координаттары, теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізу мерзімдері мен өзге де қажетті мәліметтер көзделеді.
6. Теңізде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде мынадай теңіздегі ғылыми зерттеулер жүзеге асырылуы мүмкін:
1) экологиялық зерттеулер (мұнайдың төгілуін зерттеу, қоршаған ортаны ластаушылармен күрес жөніндегі әдістер мен технологияларды әзірлеуге байланысты зерттеулер, авариялық жағдайларды зерттеу және басқалар);
2) сулы ортаның және мұзды жағдайдың гидродинамикасын зерделеу;
3) Каспий теңiзi деңгейiнiң тербелістерін және оның теңiздегi мұнай-газ кәсiпшiлiгi гидротехникалық құрылыстарына және жағадағы мұнай-газ инфрақұрылымына тигiзетiн әсерiн зерделеу және болжамдау;
4) мұнай операцияларын жүргiзудің су асты әдiстерiне байланысты зерттеулер, сондай-ақ ғылыми-зерттеулер мақсатында бұрғылау;
5) теңіз аясында түрлi құрылыс материалдарының жай-күйiн зерделеуге байланысты зерттеулер;
6) су асты кабілдері мен құбырларын төсеу жобасына байланысты зерттеулер;
7) Каспий теңізінің қазақстандық секторында жасанды аралдар, құрылыстар мен қондырғылар жасау жобаларына байланысты зерттеулер;
8) гидрографикалық, геофизикалық және геотехникалық зерттеулер;
9) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға байланысты өзге де ғылыми зерттеулер.
2. Теңіздегі ғылыми-зерттеулерді жүргізу
тәртібі
7. Теңіздегі ғылыми-зерттеулерді жүргізуге мүдделі тұлғалар (бұдан әрі – өтініш беруші) құзыретті органға өтінім береді.
Өтінімде мыналар қамтылуы тиіс:
1) заңды тұлғаның атауы, жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты;
2) өтiнiш берушiнiң соңғы үш жыл iшiнде өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттердiң тiзiмiн қоса алғанда, оның бұрынғы қызметi туралы ақпарат;
3) теңіздегі ғылыми-зерттеулердің сипаты мен мақсаты туралы ақпарат;
4) теңіздегі ғылыми-зерттеулерді жүргізу кезінде пайдаланылатын әдістер мен құралдар туралы ақпарат;
5) теңіздегі ғылыми-зерттеулерді жүргізу жоспарланатын ауданның географиялық координаттары, көрсетілген аудандарға баратын және кері қайтатын маршруттар;
6) зерттеу жүргiзетiн кемелердiң алғашқы келетiн және түпкiлiктi кететiн болжамды күндері, ғылыми жабдықтарды орналастыру және шығару мерзiмдерi;
7) теңiздегі ғылыми-зерттеулердiң адамның өмiрi мен денсаулығына және қоршаған теңiз аясына тигiзетiн жағымсыз әсерiн шектеу және болдырмау жөнiндегі жоспарланған шаралар туралы ақпарат. Осы ақпаратпен бір уақытта өтiнiш берушi белгiленген зерттеулердiң теңiз аясына, минералдық және жанды ресурстарға ықтимал әсерiн бағалау жөнiндегi есептерді ұсынады.
Мердігерлік ұйым тартылған жағдайда өтінім беруші осындай мердігерлік ұйымға қатысты осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мәліметтерді береді.
8. Осы Қағиданың 7-тармағында көрсетілген құжаттарды алғаннан кейін құзыретті орган он жұмыс күні ішінде оларды жер қойнауын зерделеу және пайдалану, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары, өнеркәсіптік қауіпсіздік, кеден ісі және мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органдарға жібереді, олар отыз жұмыс күні ішінде теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізу мүмкіндігіне келіседі. Көрсетілген мерзім қосымша ақпарат ұсыну қажет болған жағдайда, бірақ осындай ақпарат алынған күннен бастап отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылады.
9. Құзыретті орган осы Қағиданың 9-тармағында көрсетілген уәкілетті органдардан келісім алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде теңіздегі ғылыми-зерттеулерді жүргізуге арналған рұқсатты немесе негізделген бас тартуды береді.
10. Мынадай жағдайларда:
1) егер осы жұмыстар:
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірсе немесе төндіруі мүмкін болса;
қоршаған теңіз аясын қорғау, табиғи ресурстарды сақтау, сондай-ақ теңіздердің су ресурстарын кешенді пайдалану талаптарымен үйлеспейтін болса;
Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған жабдықты, қондырғыларды немесе іс-қимылдарды қамтитын болса;
Қазақстан Республикасының теңіз акваториясының қазақстандық бөлігінде өзінің егеменді және айрықша құқықтарын жүзеге асыруда жүргізетін қызметіне кедергі келтіретін болса;
жасанды аралдарды, қондырғыларды және құрылыстарды салуды, қолдануды немесе пайдалануды қамтитын болса.
2) осы Қағиданың 9-тармағында көрсетілген уәкілетті органдардың келісуден бас тартуы болса, өтінім берушіге теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізуге рұқсат беруден бас тартылады.
11. Бас тартқан жағдайда құзыретті орган бас тарту себептерін көрсетіп, өтінім берушіні жазбаша нысанда хабардар етеді.
12. Теңіздегі ғылыми-зерттеулерді жүргізуге рұқсат алғаннан кейін өтінім беруші қоршаған ортаға әсерін бағалауды (ҚОӘБ) қамтитын зерттеу жұмыстарының жобасын дайындайды, оны тапсырыс беруші (теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізуді ұйымдастырушы адам) бекітеді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісіледі. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган зерттеу жұмыстарының жобасын Экологиялық кодексте белгіленген мерзімдерде қарайды.
13. Теңіздегі ғылыми-зерттеулер тапсырыс беруші бекіткен ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу үшін жіберілетін зерттеу жұмыстарының жобасына сәйкес жүргізіледі.
14. Зерттеулер бағдарламасында айтарлықтай өзгерістер болған жағдайда, зерттеулерді жүргізетін адам он бес жұмыс күні ішінде құзыретті органға тиісті хабарламаны жібереді.
Құзыретті орган хабарлама алған күннен кейін зерттеулерді жүргізетін адамды осы Қағиданың 8 және 9-тармақтарында көрсетілген тәртіппен осы өзгерістермен келісу немесе келісуден бас тарту туралы хабардар етеді.
15. Теңіздегі ғылыми-зерттеулер аяқталғаннан кейін теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізген адам:
1) теңіздегі ғылыми-зерттеулер аяқталған күннен бастап үш айдан кешіктірмей құзыретті органға ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу үшін орындалған зерттеулер нәтижелері бойынша ғылыми-техникалық есепті жібереді;
2) жер қойнауын зерделеу және пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті органдарға метеорологиялық, гидрологиялық, гидрохимиялық, гидробиологиялық бақылаулар, қоршаған ортаның жай-күйін, оның ластануын бақылаулар, сондай-ақ теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізуге арналған рұқсатта көзделген жағдайларда басқа да бақылаулар деректерінің, сондай-ақ олардың ғылыми құндылығына зиян келтірмей, Қазақстан Республикасы үшін бөлінуі (бөліп берілуі) мүмкін үлгілердің көшірмелерін ұсынады.
16. Теңіздегі ғылыми-зерттеулер осы Қағиданың 10-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайлар анықталған кезде құзыретті органның шешімі бойынша тоқтатыла тұрады.
Құзыретті орган он жұмыс күні ішінде теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізетін адамға тиісті хабарламаны жібереді және жол берілген бұзушылықтарды жою үшін қажетті мерзімді белгілейді.
Теңіздегі ғылыми-зерттеулерді қайта бастау жол берілген бұзушылықтар жойылғаннан кейін құзыретті органның шешімімен жүзеге асырылады.
Теңiздегі ғылыми-зерттеулердi жүргiзу қағидасына қосымша
Теңiздегі ғылыми-зерттеулердi жүргiзуге арналған Р Ұ Қ С А Т
1. _______________________________берілді
(жеке тұлғаның Т.Ә.А. , заңды тұлғаның нысаны, атауы)
2. ___________________________________
(теңiздегі ғылыми-зерттеулер жүргiзу аумағының координаттары)
3. ____________________________________
(теңiздегі ғылыми-зерттеулердi жүргiзу мерзімі)
4. Байланыс ұстауға қажет Қазақстан Республикасының жағадағы қызметтері.
Тіркеу нөмірі 20__ж. «___»______ № ______
Басшы «____» ____________________
(М.О.)