• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

Астаналықтар арысын ардақтады

266 рет
көрсетілді

Әдебиеттегі өзіндік әле­мімен, өнердегі ән әуенімен, тумысы ерен, түр тұлғасы бөлек, көркімен талайдың кө­зін қарықтырып, топ жарған «Ойынды қой, інішегім, алға бас, Жарқыратып ақ нұрменен көңілді аш, Балалыққа жас миыңды алдатпа, Ғылым үй­рен, нұрға толсын кеудең жас», деп ұлт ұрпағына үн қа­тып, үкімет басқарып тұр­ғанда қазақ тіліне тұңғыш рет мемлекеттік мәртебе алып берген Сәкен Сейфуллин ке­ше, яғни 1938 жылдың 25 ақ­панында қатыгез қоғамның оғына байланып, өмірден озған еді. Сол күнге орай, ел­ор­дадағы ақын мұражайы ал­дындағы еңселі ескерткіш қасында ұлы ақынды аста­налықтар еске түсіріп, есімін ардақ тұтты. Алғашқы сөзді музей директоры, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лау­реаты, ақын Несіпбек Айтұлы алып, сол сұрапыл жылдары қатыгездіктің құрбанына ай­налған Алаш арыстарын, соның ішінде Сәкен, Бейімбет, Ілиястар тағдырын тарата айтты. Сәкеннің табаны тиген Ақмолада азаттықтың Аста­насы бой көтергенін тілге тиек етті. Ал белгілі қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов қазақ тарихында 30-жылдардың ой­раны өшпейтінін, одан са­бақ алу керектігін тебірене қозғап, сұңқар Сәкен ақын өз анасының қолынан дәм татқанын, бұл жөнінде «Тар жол, тайғақ кешу» романында жазылғанын жеткізді. Ол сонымен қатар, бұл музейдің ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ұйытқы болғанын да еске салды. Му­зейдің тұңғыш директоры Роза Асылбекова киелі орын­­ның ұрпақ тәрбиесіне қосып жатқан үлесін, 1988 жылдан бері мұнда қа­зақ зиялыларының дені бол­ға­нын алға тартса, белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы ұл­­ты­мыздың жақсыларына мұн­дай музейдің керектігін еске салып, Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровке арналған мұрағат барын, қара сөз­дің хас шебері Бейімбет Май­линге ондай игілікті іс атқарылмағанына өкініш біл­­діріп, сөз соңын Сәкенге арнаған «Жаным бе­зінді, Тәнім сезінді, Халқым, тыңдап қал, Соңғы сөзімді... Азат жа­нымды, Қазақы халымды, Ұғар бар болса...» деген өлең жолдарына ұластырды. Жұмамұрат Шәмші Сәкеннің ұлт руханиятына қосқан үлесін қозғаса, ақынның артында қал­ған 15 әні мен 1 күйін жан-жақты зерттеп, түйінді бай­лам жасап жүрген белгілі әнші Серік Оспанов Кәкімбек Са­лықовтың сөзіне жазылған Мұратхан Егінбаевтың «Үш арыс» әнін жиналған көп­тің назарына ұсынды. Елор­дадағы №54 мектеп-ли­цей­дің 9-сынып оқушысы М.Ті­леубергенова Сәкен Сей­фул­линнің «Аққудың айырылуы» поэмасынан үзінді оқыса, №67 гимназияның 9-сынып оқушысы Ф.Қали «Ақсақ киік» әнін әуелетті. Оқушылардың әдемі өне­рінен кейін кешегі Ақмола, бүгінгі Алаш астанасында Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп бар шығар деген ойымыз ақталмады. Әркез сөз болғанымен, осы бір олқы тұс өз шешімін таппапты. Алғашқы өмірі ажарлы бас­талғанымен, кейінгі тағ­ды­ры «Сұңқардың баласындай торға түскен, Құланның құлынындай орға түскен», деп өзі аянышты тағдырын жырға қосқан ақын атына Ас­танадан бір мектеп бұйырса ардақтымызға көрсеткен құр­метіміз болары хақ. Тіпті, күні ертең іргелес тұрған №3 мектеп ақын атымен аталып жатса, жас ұрпақтың ақын музейімен қарым-қа­тынасы күшейетіні де анық. Ұлтымның болашағы, жұр­тымның келешегі деп «тыныш жүрмей» оққа байланған Сәкен Сейфуллин аты бір бі­лім ұясында жаңғырады деген сенім зор. Ақынды еске алу рәсі­мі­нің соңында рухына құран бағышталып, таяуда ғана «Сыр сандық» деген атпен жарық көрген көлемді танымдық кітап­тың тұсаукесеріне жал­ғасты. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».