мәртебесі Қытайдың бас қаласына қарай ауысты
Қытай астанасы – Бейжің әлемде доллар бойынша миллиардерлері ең көп қалаға айналды. Ол бұл жағынан ұзақ жылдар бойы ешкімге теңдік бермей келген Нью-Йоркті де басып озды.
Бұл деректерді жыл сайын әлемдегі миллиардерлер саны жөнінде арнайы баян дайындап тұратын Шанхайдың Hurun компаниясы судың бетіне шығарды. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Бейжіңде тұратын миллиардерлер саны 100-ге жетсе, ол Нью-Йоркте 95 адаммен шектелген. Жыл ішінде Қытай астанасындағы миллиардерлер 32 адамға өссе, Американың ең үлкен шаһарында байлығы белшесінен келген тек 4 адам ғана қатарға қосылған.
Hurun басылымының мәліметінше, Қытайда соңғы үш жылда осыншама байлықтары барлар саны 242-ден 596 адамға жеткен. Онымен жақын арадағы АҚШ байларының қатарын 537 адам түзіп отыр. Ал Қытай миллиардерлерінің жалпы санын бұл мемлекеттің өз құрамдас бір бөлігі санайтын Гонконг, Макао және Тайпей елдеріндегі ауқаттылармен қосып есептесе, бұл көрсеткіш 715 адамға бір-ақ барар еді.
Зерттеушілер атап көрсеткендей, планетада байлығының ауқымы 1 млрд. доллардан асатын 2188 адам тұрады. Олардың 47-сінің жастары әлі қырыққа да жетпепті. Жер жүзіндегі доллар бойынша жинаған ақшалары жағынан миллиардерлері көп елдер үштігін Қытай, АҚШ және Үндістан құрайды.
Мұрат АЙТҚОЖА.