Кеше Қарағанды қаласында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар партиясының өкілдері «Фитохимия» ғылыми-өндірістік холдингі» акционерлік қоғамының ұжымымен кездесті.
Жиынға «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев, партия мүшесі, Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Талғат Зейнуллин, «Ауыл» партиясының облыстық қоғамдық штабының төрағасы, партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің алқа мүшесі Темірболат Мәжитов және тағы басқалар қатысты.
«Бүгінгі таңда «Ауыл» партиясының Республикалық қоғамдық штабы барлық қажетті кадрлық, материалдық және қаржылық ресурстарға ие. Сайлауға лайықты деңгейде қатысуға дайын. Барлық аймақтағы штабтар толықтай жабдықталған және жұмысқа қабілетті. Аймақтағы штаб жетекшілерін және мүшелерін сайлау науқанының ережелерімен таныстыру жалғасып келеді», – деді кездесуде партия төрағасы Әли Бектаев.
Кездесу барысында белгілі болғандай, партияның үгіт-насихат жұмыстары Қазақстанның барлық аймақтарында қарқынды жүріп жатыр екен. Жалпы үгіт-насихат кезеңінде 110-нан астам іс-шара жоспарланған. Науқан басталғаннан бері барлығы 40-тан астам іс-шара өтіпті. Республикалық және аймақтық штабта 100-ден астам қызметкер еңбек етуде.
Партия өкілдері «Фитохимия» ғылыми-өндірістік холдингі» акционерлік қоғамының жабдықтандыру деңгейі, жаңа технологиялары және кәсіпорын қызметкерлерінің жұмыс істеу жағдайлары, өнімнің шығарылуы мен олардың отандық және шетелдер нарығында іске асырылуымен танысты. «Ауыл» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, «Фитохимия» ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ президенті Серғазы Әдекенов кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тірлігі туралы толыққанды әңгімелеп берді. Ол еліміздегі алдыңғы қатардағы ғылыми орталықтың бірі. Холдинг базасында отандық бәсекеге қабілетті дәрілік препараттардың 70-тен аса түрін шығаратын Қарағанды фармацевтикалық зауыты жұмыс істейді.
Кездесу барысында партияның ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу саясатын басты назарда ұстайтын «Ауыл дәстүрін жаңғыртамыз!» атты сайлауалды бағдарламасы таныстырылды.
«Партия аграрлық ғылымның қаржыландыру көлемін ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1%-ынан кем түспейтін деңгейге жеткізуді ұсынады. Сондықтан да біз, осындай бастамалар бойынша ғылыми қызметкерлердің ынтасын әрқашан қолдаймыз», – деді «Ауыл» партиясының төрағасы.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.