• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2016

Ел халал етті қалайды

227 рет
көрсетілді

Қазір ел еттің майлы, се­міз болғанын ғана емес, халал бол­­­­ғанын да қалайды. Яғни, ел үшін алдындағы асының адал болғаны өте маңызды. Содан болар, Жамбыл облысындағы «Оң­түстік халал тағамдары» ЖШС-нің өнімдеріне сұраныс көп. Ет өндірумен айналысатын бұл комбинат үлкен бір жобаны қолға алуда. Жамбыл ауданына қарасты Қаратөбе ауыл­дық округінен 20 гектар жер бөлінген бұл жобаның құны 2 млрд. 378,7 млн. теңгені құрайды. Серіктестіктің атқарушы директоры Нұрлыбек Ахметовтің айтуынша, комбинат құрылысы жеке қаражат есебінен жүзеге асырылып жатыр екен. «Толық қуатымен іске кіріскен кезде тәулігіне 40 тонна «Халал» стан­­­дартына сәйкес келетін ет өнімдерін шығаруға қауқары жететін өндіріс орнында 153 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінде зауыттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде», дейді Нұрлыбек Жарқынбайұлы. Қазіргі таңда комбинат құры­лысына салынған инвестиция көлемі 2 млрд. 155 млн. теңгеге жетіп, негізгі соманың 90,6 пайызын құраған. Серіктестік өкілдерінің айтуынша, қалған 223,8 млн. теңге 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында игерілмек. Бүгінгі күні комбинат құры­лысының 90 пайызға жуығы аяқталған. Атап айтқанда, зауыт­тың әкімшілік ғимаратының жұ­мыстары да, бас өндірістік корпустағы құрылыс жұмыстары да тәмамдалуға жақын. Сондай-ақ, жуу пункттері, қосалқы цехтардың блоктары, техникалық жарты­лай фабрикаттар орталығы, сарқын суларды тазарту қондырғылары, сусорғы стансасы және жылу қа­­зан­дығы жақын күндері іске қосылуға дайын. Комбинатқа Қытай Халық Рес­­­­­публикасынан қажетті құрал-жабдықтар толығымен жеткізілген. Атап айтқанда, 12 мұздатқыш контейнер, 18 мал соятын контейнер, 5 контейнер жартылай фабрикаттарды жылжыту линиясы Аспан­асты елінен әкелінген. Қазіргі уақытта монтаждау жұмыстары 86 пайызға орындалды. Ендігі кезекте то­ңазытқыштарды қосып, тексеру керек. Ал ол үшін жоғары кернеулі электр желісін тарту қажеттігі туындап тұр. Өйткені, қазіргі пайдаланып отырған желінің бұл жұмысты атқаруға күші жетпейді екен. Тапсырыс беруші мен бас мердігердің берген мәліметі бойынша, технологиялық құ­рал-жабдықтарды монтаждау жұмыстарын бітіру мерзімі 2016 жылдың І жартыжылдығына жоспарланып отыр. Сондай-ақ, технологиялық құрал-жаб­дық­­­­тарды тексеру-іске қосу жұмыстарын және онымен жұ­мыс істейтін мамандарды да үй­­­­рету осы уақытқа дейін аяқ­­­талады деп күтілуде. Ал ком­би­наттың техникалық өкілі Ма­мыр Бөпежановтың айтуын­ша, өндірісті толық іске қосу биыл­ғы жылдың ІІ жартыжылдығында іске асады. Комбинатқа инфрақұрылым тарту мәселесі де шешіліп қо­йып­ты. Ол үшін газбен қамту мақсатында 1,85 шақырым, сумен қамтуға 6,9 шақырым, кәріз сулары жүйесі 6,8 шақырым желі керек. Ал, электрмен қамтама­сыз етуде 2012 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 203,2 млн. теңгеге ұзындығы 6,74 шақырым электр желісі тартылған. – Қазіргі уақытта трансформаторлы подстансаны іске қосу толық аяқталмаған, осы мәселені шешу тапсырыс беруші облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер «СК-Ретма» ЖШС арқылы жүргізілуде, – дейді серіктестік өкілдері. Жыл ішінде іске қосылуы жос­парланып отырған кәсіп­орын басшылығы алдағы уақытқа үлкен үміт артып отыр. Толық қуа­тымен жұмыс істесе, облыс жұртшылығын сапалы әрі халал ет өнімдерімен қамтуды көз­деп отырған олар бұл бағытта жүйелі жұмыс жасайтындарын айтады. Бүгінде үлкен құрылыс алаңына айналған зауыт ай­на­ласы сплитерлі блоктармен қор­шалып жатыр. Сондай-ақ, темір профнастильмен қоршау жұмыстары да жүргізілуде. Ендігі кезекте монтаждау жұмыстарын жүр­гізуді қолға алған бас мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жұмысты уақтылы аяқтауды жос­парлап, бұл үшін 85 адам аянбай еңбек етуде. Жалпы алғанда, үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму­дың алғашқы бесжылдығында елімізде бірқатар тың жобалар жүзеге асып, өндіріс орындары жұмысын бастады. Оның ішінде, біздің облысымызда бірнеше өнер­кәсіп ошақтары ашылып, бүгінде алғашқы өнімдерін беруде. Ал 2015-2019 жылдарға арналған жоспар бойынша, аймақта жалпы құны 581,6 млрд. теңгені құрайтын тағы 27 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.