Моңғолияның түстік беткейіндегі атақты Гоби шөлінің аумағында мың түйенің қатысуымен ғасыр жарысы өткелі жатыр. Ұйымдастырушылар осы арқылы Гиннестің тағы бір рекордын жаңартуға бел буды.
Жалпы, Моңғолияның Умнуговь аймағындағы Даланзадгад сұмынында жыл сайын түйе мерекесі өтіп тұрады. Даланзадгад қаласы Гоби шөлінің шығыс жағындағы Гурван-Сайхан-Уул тауларының етегінде орналасқан. Ол елдің астанасы – Улан-батордан 540 шақырым қашықтықта. Ал биылғы жылы мұнда шараның ауқымы барынша кеңейтіліп, қысқы мереке «Моңғол түйесі-999» деп аталды.
Ұйымдастырушылар моңғолдың қос өркешті түйесінің даңқын асыру мақсатында бұл жолы бәйгеге мың түйе жинап қатыстырып, әлем рекордына өзгеріс енгізбекші. Реттік саны бойынша биыл 19-шы рет өткізілетін қысқы фестивальдің тізгінін «Тумэн тэмээ» түйемен саяхат жасау ассоциациясы қолға алды.
Мереке бағдарламасына әртүрлі қызықты шаралар енгізілген. Онда, мысалы, түйе үстіндегі поло ойыны, шұбаттан жасалған сапалы өнімдер жәрмеңкесі, сондай-ақ, түйе жүнінен жасалған бұйымдар көрмесі орын алады.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.