• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2016

Ізгілік иірімдері

276 рет
көрсетілді

Елордадағы «Mega Astana» сауда және ойын-сауық орталығының «Kinopark 6» кинотеатрында Алғыс айту күніне арналған «Әйгерім» фильмінің тұсаукесері болды. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, актерлер мен «Жас ұлан» киностудиясының түсіру тобы, зиялы қауым және жастар қатысты. Қазақстан халқы Ассамблея­сының қолдауымен түсірілген фильмнің тұсаукесеріне арналған жиынды ҚХА Хатшылығы мең­герушісінің орынбасары Леонид Прокопенко ашып, құттықтау сөз сөйледі. «Мен бүгін тұсауы кесілгелі отырған «Әйгерім» фильмінде баян­далатын оқиға желісін түсіндіріп жатпаймын. Өйткені, оны өздеріңіз көріп, саналарыңызда сараптай жатарсыздар. Дегенмен, фильмде еліміздегі татулық пен бірліктің, мейірімділік пен достықтың жар­қын сипаты көрініс беретінін айтпай кетуге болмайды», – деді Л.Прокопенко. Сондай-ақ, ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен хал­қымыздың рухани өміріне қадам басқан мереке – Алғыс айту күнінің кең көлемде аталып өтілуінің ма­ңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ХХ ғасырда Қазақстанға тағдырдың талайымен 62 ұлттың өкілдері табан тірепті. Солардың барлығына қазақ халқы пана болып, қамқорлық көрсетіп, адамгершілік пен мейірімділіктің жарқын үлгісін көрсете білген. «Мемлекетіміздегі ынтымақ пен өзара келісімді нығайту барысында қазақ халқының достыққа берік, әлсізге қамқор, панасызға қорған болар қасиетін жадымыздан өшірмеуіміз керек. Мұны біз Алғыс айту күні ғана еске алмай, үнемі айтып жүруіміз керек. Сондықтан, тарихқа хатталған және бүгінгі өміріміздегі жақсы істерді халыққа үлгі етіп көрсетудің маңызы зор. Бұл орайда кино өнерінің алар орны бөлек», – деді ол. Одан әрі Л.Прокопенко Қазақ­стан халқы Ассамблеясының елі­міздің кинематографтарымен ты­ғыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын сөз етті. Оның сөзіне қа­рағанда, аталған ұйым алдағы уақытта ел бірлігін, адамгершілік пен мейірімділікті насихаттайтын кинотуындылардың жарық көруіне қолдау көрсете береді. Бұдан кейін «Әйгерім» фильмі­нің режиссері Еркін Рақышев, әртіс Айша Мамытова аталған кино туын­ды туралы ой-пікірлерін жеткізді. Енді басты рөлдерде ойнаған актерлер жөнінде аз-кем тоқталайық. Жалпы, фильмдегі негізгі кейіп­керлердің көпшілігін қазақстандық әртістер сомдаған. Олар: кішкентай Әйгерім – Ақгүл Жарылқасын, Әйгерім – Айша Мамытова, Әйге­рім­нің шешесі – Гүлшат Тұтова, Лу – Тянь Шио Линь (Қытай). Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».