• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2016

Рухани орталық

563 рет
көрсетілді

сана дағдарысын реттейді Бүгінде не көп, қалада да, ауылда да атауларынан ат үркетіндей ай сайын, күн сайын ашылып жатқан орталықтар көп. Қазір сауда, бизнес, автокөлік орталығы дейсіз бе, әйтеуір, неше түрлі орталықтардан аяқ алып жүре алмайсыз. Ашылсын, әрине, артықтығы болмайды. Оны көпсініп отырған жоқпыз. Бәрі де өмірдің бүгінгі қойған талабынан тұсауы кесілген нысандар екеніне талас туғыза алмаймыз. Ал сіз рухани орталықтың ашылғанына соңғы рет қашан куә болып едіңіз? Ойланып қалдыңыз ба? Оны да түсінуге болады. Өйткені, рухани деп атау қойылған орталық ілуде біреу ғана. Өте сирек кездеседі. Шалғайдағы Жаңақала ау­данының орталығында Нарын құмының етегінде рухани орталық ел-жұрт пен тұрғындардың игі­лігіне беріліп, қызмет жасай бастағанына куә болғанымыз біздің сол күні тапқан басты құн­дылығымыз. Үлкен олжамыз. Мұндағы рухани орталықтың рөлі бұған дейінгі демалыс орталығы деген ұғым мен түсініктен әлде­қайда тереңірек, әлдеқайда мән­дірек, әлдеқайда маңыздырақ екенін де айқын аңғардық. Өйткені, Қамыс-Самар елінің тұрғындары осы орталыққа келіп жанына рухани демеу таба алады. Мұнда бес жасар бүлдіршіндер мен аға ұрпақ өкілдеріне дейінгі барлық буындар үшін жан-жақты жағдайлар туғызылған. Тіпті, за­ғип жандар мен мүгедектер үшін де арнайы бөлмелер жасақталған. Осында олар бүгінгі ақпараттық технологиялар көмегімен өздері қалаған әуендерді тыңдап, кітаптар оқып, емін-еркін жайғаса алады. Балғын бөбектерге арналған залдар да осындай. Олар ертегі тыңдағысы келсе, электронды тетікті басып қалады да, ертегілер әлеміне еніп кетеді. Көздің жауын алатындай сан түрлі ойыншықтар, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі сәби түгілі, ересектердің өзін еліктіріп әкетердей. «Біз балабақша емеспіз. Тек рухани орталықпыз. Соның өзінде де ата-аналар бізге өте көп келуде. Олар мұндағы соңғы үлгіде көрініс тапқан тәрбие құралдарына дән риза», – деді бізге Жаңақала аудандық кітапханасының директоры Дина Мұлқашева. Рухани орталық орналасқан аумағы ат­шап­тырым орын жаңадан бой көтерген жоба емес. Күрделі жөн­деу жүргізілген бұрынғы аудандық аурухана ғимараты екен. Бұл арада да Жаңақала ауда­нының әкімі Лавр Хайрет­динов бастаған жергілікті жанашыр азаматтар мен ауыл құры­лысшылары ұқыптылық пен үнемшілдік үлгісін таныта біліпті. Күрделі жөндеуге аудандық бюджеттен бөлінген қаражат аса бір көп те емес. Де­генмен, олар аздан да, көптен де үнемдеп, тұтастай Орал өңірінде ешқандай баламасы жоқ айрықша орталықтың іске қосылуына бастамашы болыпты. Мұны неге айтпасқа?! Мұны неге өзгелерге үлгі-өнеге қылмасқа?! Қаражат мөлшері шектеулі қазіргідей күр­делі дағдарыс кезеңінде рухани орталықтың тұсауы кесілуі рухани ерлікке пара-пар десе де болғандай. Сондай-ақ, сол күні біздің «Арыс» баспасынан Қамыс-Самар елі азаматтарының сұра­нысы бойынша жарық көрген кітаптардың тұсаукесер рәсіміне қатысуымыздың да сәті түсті. Өткен жылдан бері аталған республикалық баспадан ақиық алыптар мен жайсаң жандардың мекені аталған Жаңақала өңіріне, оның өткені мен бүгінгісіне қатысты алты кітап жарық көріпті. Оның соңғысы Жаңақала ауданының имамы Мұратбек Жақатовтың «Құлпытастар сөйлейді» атты ғылыми-танымдық сипаттағы еңбегі. Осы шараға Алматыдан арнайы келген репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялылары мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры мен осы аттас баспаның директоры, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес осындай рухани байланыстар алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенім білдірді. Айнадай жарқыраған рухани орталықтың мәжіліс залында өткізілген іс-шара кезінде елдің зиялы азаматтары Айтуған Шарафутдинов пен Шайдолла Әбуғали Тәуелсіздіктің 25 жылдық бедерлі белесі тұсында ел рухын одан әрі көтеруге рухани орталық мол үлес қоса алатынын айтты. Бүгінгі күні тек қаржы-эко­номикалық дағдарыс қана емес, сонымен бірге шалғайдағы ел тұрғындары арасында сирек те болса сана дағдарысы да кездесіп қалып жүр. Адамның ішкі жан дүниесіндегі мұндай өзгерістердің бас көтеруіне әсер ететін факторлар да бар. Соның бірі әлеуметтік желілер деуге болады. Мұнда бүгінгі заманғы ақпараттың шындығы мен өтірігі, асылы мен жасығы, тұнығы мен лайсаңы, тазасы мен күл-қоқысы мидай араласып жүр. Әркім содан өзіне керегі мен қажеттісін таңдап, іріктеп ала алмай қалатын сәттер де жеткілікті. Сана дағдарысы кездесуінің бір сыры осында. Осындай кезде рухани орталықтың көмегіне сүйену артықтық етпейді деп түйін жасады елдің парасатты ағалары. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.