• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
11 Қаңтар, 2011

Бәрі де мал тұқымына байланысты

683 рет
көрсетілді

Оны асылдандырмай алға баса алмаймыз

Осыдан 10 жыл бұрын еліміздегі асыл тұқымды малдардың тектік қорларын сақтау және олардың қатарын одан әрі байыту мақсатында Елбасының тікелей тапсырмасымен Астана іргесіндегі Қосшы ауылында «Асыл түлік» мал тұқымдарын асыл­дандыру орталығы құрылған болатын. Бұл орталық осы мерзім ішінде еліміздің мал шаруашылығын дамыту ісіне өзіндік үлесін қосып қана қоймай, сонымен қатар қабылданған шешімнің дұрыс болғандығын барынша дәлелдеп берді. Мал тұқымдарын асыл­дандыру арқылы мал өнімдерінің көлемін арттырып, сапасын көтерудің тиімді жолын өз тәжірибесі арқылы көрсетті. Ендігі кезекте бұл ұйым елімізде биылдан бастап белсенді жүзеге асырыла бастаған кең ауқымды селекциялау жүйесіне қосыла және жүйедегі басты буындардың біріне айнала отырып, осынау маңызды істі алға жылжытудың сенімді жолына түсті. Төмендегі мақала өзінің он жылдық мерейлі мерекесін осындай толымды табыстармен қарсы алған ұйымның жекелеген жетістіктерін әйгілейді. Ел экономикасының ны­ғаюы­на ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің артуы да өз септігін тигізуде. Әсіресе, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің ішіндегі дәс­түр­лі сала мал шаруашылығы өн­імдеріне сұраныс артып, өн­дір­ген өнімнің сапасы тұтыну­шы­лардың талабына лайық болуда. Мал ша­руашылығы ішінде ірі қара мал өнімдеріне сұраныс өте жо­ғары, өйткені сүт, ет, май, қаймақ, тағы басқа өнімдер әрбір отба­сының дастарқан мәзіріндегі күн­делікті сұранысты қажет ететін тағамдар. Сондықтан Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі мал өн­ім­дерін өнді­руді арттыру үшін республикада бұрыннан қалып­тас­қан асыл тұ­қымды ірі қараның құнды тектік көрсеткіштерін сақ­тауды және одан әрі дамытуды көздейтін ар­найы бағдарлама қа­былдаған еді. Осыған орай 2000 жылдың 26 желтоқсанында мал тұқымын ас­ыл­дандыру ісімен ай­налысып келген республикалық «Асыл» және Ақмола облысының «Ақ­мо­ла Асыл» акционерлік қо­ғам­дарының негізінде «Асыл тү­лік» республикалық мал тұқымын ас­ылдандыру орталығы құрылды. Оның алдына елімізде шыға­рыл­ған жергілікті жерге бейімделген отандық ірі қара мал тұқымда­ры­ның ең жақсы аталық малдарын жинақтап, күтіп-бағып, тектік қор­ларды сақтау, сонымен қатар оларды шетелдік асыл тұқымды аталық малдар арқылы байыту, жоғары өнімді асыл тұқымды материалдар алу, онымен ішкі сұ­ранысты қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Осы міндетті орындау үшін орталық 10 жыл ішінде не істеді, қандай жетістіктерге жетті? Төменде осы жайында әңгіме қозғамақпыз. 10 жыл көлемінде орталыққа ірі қараның 15 тұқымнан 243 бас өнімділігі жоғары аталық малда­ры әкелініп тиісті мақсатқа жұм­салынуда. Атап айтсақ, 243 бас­тың 97 басы отандық. 7 бас АҚШ-тан, 7 бас Германиядан, 125 Ресейден, 7 бас Украинадан әке­лін­ді. Алынған бұқалардың 153 басы сүт бағытындағы, 66 басы аралас бағыттағы, 24 басы ет өндіру бағытындағы аталықтар. Олардың енелерінің сүт өнімді­лігіне келер болсақ, отандық ата­лық тұқымның өнімділігі 5-7 мың литр, жақын шетелдерден алын­ған бұқалардың өнімділігі 8-9 мың, алыс шетелдерден алынған бұқалардың өнімділігі 10-15 мың литр. Жоғарыда аталған малдарды күтіп бағу, ұрық өнімін алуға дағдыландыру және француз тех­но­логиясы бойынша асыл тұқым­ды (өнімді) материалды өндіру орталық мамандарының күнделік­ті жауапты жұмыстарына айнал­ды. 10 жыл көлемінде орталықта 7,4 млн. доза өнім өндірілсе, оның 1,5 млн. дозасы ұрпақта­рының сапасы арқылы тексеруден өтіп жақсартушы деген бағаға ие болды. Егер мемлекет осы мерзім іш­інде жоғарыдағы малдарды күтіп бағуға, ұстауға және өнім өндіру үшін қажетті жағдайлармен қам­тамасыз ету мақсатында 1 миллиард 262 миллион 420 мың теңге қаржы бөлген болса, бүгінгі күні өндірілген өнім көлемінің 25 па­йы­зының өзі ғана мемлекет берген қаржыны 100 пайызға, яғни толық қайтаруға мүмкіндік берді. Ал қалған 75 пайыздың өнімдері мемлекеттің, ауыл тұрғында­ры­ның пайдасына қызмет ететін болады. Міне, осы жағдайдың өзі қабылданған бағдарламаның өте сәтті болғандығын және алдағы уақыт үшін оның барынша өмір­шең екендігін көрсетіп отыр. Еліміздегі асыл тұқымды өн­ім­ге деген сұранысты қамтама­сыз етуге орталықтың толық мүмкін­дігі бар. Атап айтсақ, отанымыз­дың асыл тұқымды өнімге деген ішкі сұранысы жылына 1 млн. доза кө­лемінде болса, бүгінгі таңда ор­талықтың ұрық сақтау қойма­сында 6 миллион 161 мың доза ұрық сақ­таулы. Мұның 730 мыңы баға­лау­дан өтті. Олардың 430 мы­ңы – сүт бағытындағы, 300 мыңы – ет бағытындағы малдардың өнімдері. Биылғы жылы қолда бар 40 бас асыл тұқымды аталықтың әр ба­сынан жыл көлемінде 25 мың дозадан артық ұрық алынып қо­ғам бойынша 1 млн. дозадан астам өнім өндірілді. Орталық 10 жыл көлемінде дистрибьютерлік орта­лық­тарға, ауылшаруашылық құ­ры­лымдарына және жеке тұл­ға­лар­ға малды өз төлі есебінен кө­бейту бойынша қызмет көрсету арқылы 2 млн.715 мың доза ұрық сатып, өз қызмет көрсету шең­бе­рінің аясын­да Ақмола, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қа­зақстан об­лыстарының шаруа­шы­лық­та­рын­да 405 мың аналық басты қолдан ұрықтандыру жұ­мыстарын атқарды. Осы мезгіл ішінде тұты­нушылардан өнім сапасына наразы болған бірде-бір рекламация түс­кен жоқ. Өйткені, өнім өндіруде бекітілген нұс­қау­лық пен стандарт талаптары қа­таң сақталады. Мал тұқымын асылдандыру ісін­де тұқымдық қасиеті жоғары аталық малдардың ұрықтары ар­қылы аналық малдарды қолдан ұрықтандырудың бүгінгі таңдағы ең сенімді, ең тиімді, эконо­ми­калық жағынан пайдалы және мал тұқымдарын асылдандыру­дың ең төте жолы екені даусыз. Әрине осы жұмысты ел болып жұмыла көтеруге әлі де болса жергілікті жердегі азаматтардың ұйымдастырудағы, түсіндірудегі кемшін тұстары мен мал иеле­рінің тиісті көңіл бөлмеуі кері әсерін тигізуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мал мамандары мен асылдандыру орталығының қызметкерлері ауыл шаруашылығындағы аналық мал­дарды жаппай қолдан ұрықтан­дыруды қамтамасыз етуі тиіс. Осы бағыттағы жұмыстарды жақ­сар­ту мақсатында орталықта мал ұрықтандырушы техниктерді даярлау курсы ашылған. Мұнда 400 адам техник ұрықтандырушы ма­мандығын меңгеріп, тиісті орын­дардан сертификат алды. Олар мекеменің қызмет көрсету аясын­дағы 448 мал тұқымын ұрық­тан­дыру бекеттерінде жұмыс істеуде. Алдымыздағы жылдары осы жұ­мысты жандандыра отырып қолда бар аналық бастың 70 пайызын қолдан ұрықтандыруға жеткізу үшін еңбек етеміз. «Жақсы бұқа жарты табын» деген сөзді халық айтқан. Сон­дық­тан да орталыққа алынған бұ­қалардың сапасына онын өнім­ділік көрсеткіштеріне, жергілікті ортаға төзгіштігіне, бейімдігіне және өз бойындағы жақсы көр­сет­кіштерін ұрпақтарына беру қа­сиетін анықтауға мұқият көңіл бөлінеді. Ол үшін мекемеде ар­найы бөлім ашылған, онда білікті мамандар, селекционерлер жұмыс жасайды. Мекемені ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының докто­ры, Бараев атындағы сыйлықтың иегері Айбын Төреханов басқар­са, бөлімді ғылым докторы, про­фес­сор Қабыл Исабеков басқарады. Өткен мерзім ішінде орталық­тағы бұқалардың 190 басы ота­ны­мыздың 9 облысындағы 89 асыл тұқымды шаруашылықтарға келі­сім-шарт арқылы бағалауға қой­ыл­ды. Бағалау жұмысы Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінде бекітілген аталық малдарды бағалау­дың нұсқаулығы негізінде жүр­гізіледі. Асыл тұқымды сүт ба­ғы­тындағы бұқаны ұрпағының өн­ім­ділігі арқылы бағалау нұсқау­лық мерзімі бойынша 4,5 жылды, ал ет бағытындағы бұқаны баға­лау 2,5 жылды қажет етеді. Бөлім мамандары әр тоқсан сайын баға­лау жүргізіліп жатқан шаруашы­лықтарға барып, шаруашылық ма­мандарымен бірлесе отырып жас төлдердің өсуін есепке ала­ды, алынатын өнім мөлшеріне мо­ниторинг жүргізеді. Мерзім біт­кен кезде облыс әкімінің бұй­рығымен бекітілген ведомство­ара­лық комиссияның шешімімен тексерілген бұқаның категориясы анықталады. Бүгінгі таңда баға­лауға қойылған 190 бас бұқаның 82 басы сынақтан өтіп жақсар­тушы деген баға алды және олардан 1,5 млн. доза ұрық жиналды. Асыл тұқымды шаруашы­лық­тар негізінде жүргізілген бұқалар­ды ұрпақтарының өнімділігімен бағалау жұмыстары бірдей күтіп-бағу жағдайында бағаланушы бұ­қа­лардың ұрпақтары өздерінің енелерінің көрсеткіштеріне қара­ғанда сүтті неғұрлым көп беретіндігін көрсетіп берді. Мәселен, өздерінің енелеріне қарағанда гол­штиндік қара ала тұқым ұрпа­ғы жыл көлемінде сүтті 805 ки­лоға, даланың қызыл тұқымы ұр­пағы – 673 килоға, қара ала тұ­қым ұрпағы – 702 килоға, Алатау тұқымы ұрпағы 1066 килоға көп берді немесе өнімділікті 20-24 пай­ыз арттырды. Демек бұл 100 мың Алатау тұқымы сиырының ұр­пағы бұрынғымен салыстыр­ған­да 100 мың тонна сүтті артық береді деген сөз. Үлкен эконо­ми­ка­лық тиімділік дегеніміздің өзі осы. Мекемеде қызметкерлердің әл­еу­меттік жағдайына да елеулі кө­ңіл бөлінеді. Қызмет орындары­ның сайлылығы, компьютерлік, электронды аппаратуралармен қам­­тамасыз етілуі, мекеменің айна­ла­сын көгалдандыру, безендіру жұ­мыс­тары талапқа сай істелуде. Жұ­мысшыларға арзанда­тыл­ған екі мезгіл тамақ ұйымдастырылған. Елбасының жастарға жасаған қам­қорлығына үн қоса отырып дипломмен ауылға деген бағдарлама аясында С. Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің кадрлар жәрмеңкесіне қатысып соңғы 3 жылда 10 бітіруші жас маманды жұмысқа қабылдап, тиісті жатақ орынмен қамтамасыз етіп, басқа да әлеуметтік жағдайларын жа­са­дық. «Асыл түлік» акционерлік қо­ғамы алдағы уақытта да «КазАгроИнновация» орталығымен ты­ғыз ын­тымақтастықта жұмыс істей оты­рып, Ауыл шаруашылығы министрлігі қойған міндеттерді талап­қа сай жүзеге асыра беретін болады. Жора АЛМАНТАЙ, «Асыл түлік»» АҚ басқарма бастығының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.