Өткен сайлау Қазақстан мен ЕҚЫҰ және оның институттарының дәстүрлі түрде белсенді ынтымақтастығын қуаттап берді. Бұл мәселе кеше болған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның кезектен тыс парламенттік сайлауды байқау жөніндегі миссиясының басшысы Борис Фрлецпен өткізген қорытынды кездесуінде көлденең тартылды.
Кездесу барысында, сондай-ақ, Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы миссияға атқарған жұмысы үшін ризашылығын білдіріп, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның сайлаудың тиімді ұйымдастырылғаны мен осы саладағы миссия тарапынан атап өтілген прогресс туралы оң бағасы үшін рахметін айтты.
Б.Фрлец өз кезегінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының шақырылғанына, оның Қазақстандағы жұмысы мен практикалық қызметі үшін ұйымдастырушылық оң ықпал жасалғанына ризашылығын білдірді. Миссия басшысы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ әрі қарай да Қазақстанға оның сайлау заңнамасын жетілдіру бағытында көмек қолын созуға дайын екенін атап көрсетті. Бұл орайда, ол осы үдерістің нақты пішімі мен тетігін өз ахуалы мен мүмкіндігіне қарай әр елдің өзі анықтайтынын көлденең тартты.
Е.Ыдырысов дауыс беру нәтижесі қазақстандық сайлаушылардың мемлекеттің әрі қарайғы тұрақты даму бағытын қолдайтынын көрсетіп бергенін атап өтті. Сонымен қатар, министр Б.Фрлецке табысты жүзеге асырылып келе жатқан адам капиталына инвестиция салу саясаты туралы айта келіп, Қазақстанда құрылған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мен бес институттық реформа жайында әңгімелеп берді. Бес институттық реформаның мақсаты, деді министр, жоғары кәсіби үкімет қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттің есептілігін арттыру мен экономиканы әртараптандыру.
Кездесу қорытындысы бойынша, Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен және оның институттарымен дәстүрлі белсенді ынтымақтастығын әрі қарай нығайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
«Егемен-ақпарат».