• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2016

Үйін мұражайға айналдырған

301 рет
көрсетілді

Петропавл қаласының тұр­ғыны Виктор Никоновтың үйі кірсе шыққысыз, еріксіз таңдай қақтырады. Бейнебір ертегілер елінде жүргендей ғажайып әсерге бөленесің. Ол өте сирек кездесетін, бүгінде табылмайтын құнды заттарды бала кезінен  тірнектеп жинаумен айналысқан. Содан бері арада жарты ғасыр зулап өтсе де, сүйікті ісінен қол үзген емес. Бүгінде оның коллекциясында XVII-XIX ғасырлардың тарихи жәдігерлері молынан кездеседі. Екі бөлмелі баспа­наның іші көне сағат, төсек, самаурын, тағы басқа тұрмыстық заттарға иін тіресіп тұр. Аспалы шам, үй жиһаздарына дейін ескіліктің көзіндей жылы ұшы­райды. Мәселен, тұтас қабырғаны алып тұрған емен шкаф атақты орыс жазушысы А.Чеховпен құрдас көрінеді. Бірінші Петр патшаның тұсында шығарылған күміс ба­қырды Петропавл қаласының маңайынан тауып алған. Құнды ақшаның бірі – Сібірдің 10 тиынына қазба жұмыстары кезінде кезіккен. Оны 150 мың теңгеге саудалаушылар табылғанымен, сатуға қимаған. Виктор Федоровичтың қолы алтын: кез келген затты қайта қалпына келтіре алатын ісмерлігі бар. Кереует, айна, шкаф, аспашам, орындықтардың тозығы жеткендерін өзі жамап-жасқап алады. Өмір бойы тірнектеп жинаған еңбегінің шашау шықпауын, жинақы тұрғанын қалайды. Виктор археологиялық қазба жұмысы экспедицияла­рына, түрлі саяхаттарға да жиі шығып, мұражай қорын толықтырып отыруды әдет еткен. Петропавл қаласына қатыс­ты ескі суреттер – өз алдына бір төбе. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.