
Кеше Астана қаласындағы Тұңғыш Президент кітапханасында «Нұр Отан» партиясы Қазақстанның саяси тарих толқынында» атты оқу құралының тұсаукесер рәсімі өтті. Партияның Саяси менеджемент мектебінің авторлық ұжымы дайындаған бұл еңбекте «Нұр Отан» феномені кешенді талданып, оның қалыптасу кезеңі баяндалған.
Іс-шараға бастауыш партия ұйымдарының басшылары, қазақстандық сарапшы мамандар мен ғалымдар және жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты. Жиын барысында олар жаңа оқу құралының тиімділігімен қатар, партияның Парламент Мәжілісі сайлауындағы айқын жеңісін де назарға алып, бұл халықтың Елбасына деген сенімінің нәтижесі екенін айтты.
Өзінің құттықтау сөзінде «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов кітапта Қазақстанның саяси тарихындағы негізгі кезеңдер толық қамтылғанына тоқталды. Сондай-ақ, ол: «Бүгінде елімізде дәл осындай мықты әрі харизмалық көшбасшысы бар, басқарушылық тәжірибесі мол ешқандай саяси күш жоқ десе де болады. Біздің партияда қызмет ететін мамандардың біліктілігі жоғары деңгейде. Сол себепті де, «Нұр Отан» қазіргі заманның тегеурінді талаптарына толық төтеп бере алады. Біз тек сайлау науқанында ғана емес, барлық мезгілде тұрақты түрде халықпен жұмыс істеп келеміз. Партиямыздың өткен сайлаудағы 82,2 пайыз дауыс жинауы соның жемісі. Халықтың мұншалықты азаматтық белсенділік танытуы олардың Елбасының бірлікке, тұрақтылыққа және жасампаздыққа бастайтын саясатын қолдайтындарын білдіреді», – деді.
Өз кезегінде Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Юрий Булуктаев оқу құралының ерекшеліктері жайында айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, бұл еңбекте «Нұр Отан» партиясының қызметі, қалыптасуы мен даму сатылары және ұйымдастыру мәселелері егжей-тегжейлі баяндалған. Ал Тұңғыш Президент кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның рух берушісі және негізгі ұйымдастырушысы ретіндегі рөліне көпшіліктің назарын аударды.
Сонымен қатар, шараға қатысушылар саясаттану мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер үшін де аталған оқу құралының маңызды екеніне мән берді. Бұл жөнінде жоғарыда аталған стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі Алуа Жолдыбалина: «Жаңа әдістемелік құрал – жүйелі әрі кешенді еңбектердің бірі. Сондықтан да, болашақ саясаттанушылар үшін таптырмас оқу құралы десек, артық емес. Әсіресе, саяси партиялар және партиялық жүйелер пәні үшін ауадай қажет әдебиет. Олай дейтін себебім, біріншіден, кітапта партияның тарихынан бастап, бүгінге дейінгі қызметі, жүріп өткен жолы, бағдарламалары туралы жан-жақты мәліметтер берілген. Екіншіден, оның қосымшасында партия қызметіндегі барлық заң актілерінің тізімі, яғни нақты қандай мәселелерді реттейтіні көрсетілген. Үшіншіден, инновациялық әдістер мәселесі лайықты деңгейде атап өтілген. Ол туралы еңбектің жетінші бөлімінде кеңінен айтылады. Кітаптағы осындай басымдықтар арқылы оның студенттер мен магистранттар үшін де маңызы жоғары екенін атап көрсеткім келеді», – деді.
Бұдан бөлек, басқосуда оқу құралындағы инфографикалар туралы айтылып, оның оқырмандар үшін оңтайлы тәсіл екені сөз болды. Мінберге шығып, сөз сөйлегендердің барлығы кітапқа жоғары баға беріп, дайындаған ұжымға алғыстарын жеткізді. Шара соңында «Нұр Отан» партиясы Қазақстанның саяси тарих толқынында» кітабы Тұңғыш Президент кітапханасының қорына салтанатты жағдайда тапсырылды.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».