Соңғы уақытта сән әлемінің белді өкілі – «Сымбат» сән академиясының арт-директоры Балнұр Асанованың жолы болып тұр. Өткен жылы күзде Мәскеудегі Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында Еуразиялық жүлденің «Дизайн» номинациясы бойынша алтын лауреаты атанған Асанова бар болғаны бір айдан кейін мәскеуліктерді тағы да тәнті еткен болатын.
Жыл сайын өткізілетін Мәскеу сән апталығы – әлемдегі ең беделді париждік, миландық, нью-йорктік, лондондық бестіктің бірі болып табылады. Асанова бұл апталыққа 2003 жылдан бері қатысып келеді және кәсіпқойлық тұрғыда бәсекелестерін мойындатуға көшті.
Дизайнер ретінде әбден кемеліне келген Асанова мода әлемін таңғалдырамын деп ерсі эксперименттерге бармай-ақ, жексенбі, 27 наурызда Мәскеуде өткен халықаралық сән апталығында «Хрустальный» подиумында әріптестерін тағы бір рет мойындатты.
Қазірдің өзінде мода қуған мәскеуліктерге танымал болып үлгерген қазақ дизайнерін қолдауға сондағы достары және Ресей артистері мен ресейлік блогерлер келген. Егер биылғы Мәскеудегі сән апталығын насихаттауға 3 мыңнан астам шетелдік жылтыр журналдар, халықаралық телеарналар тіркелгенін ескерсек, онда оқиғаның маңыздылығы арта түспек.
Аса беделді сән апталығына бұл жолы Асанова «Күз-Қыс – 2016-2017» киім үлгілерін апарған. Қазақ қызының барынша креативті коллекциясы – тоқыма киімдерге түскен сан алуан кестелерімен келушілердің көзін арбап, бағасына қарамай, жаңа коллекцияны сатып алушыларға ұмтылған адамдар көптеп табылыпты. Биыл Балнұр бірінші рет трикотаждық киімдермен жұмыс істеп, сән әлеміне сүйреді.
Осы арада Балнұрдың сән үлгілері өзіндік сипаттан ажырамайтынын, бұлжымайтын тұжырымды алға сүйрейтін тамаша стилі бар екендігін атаған жөн. Әртүрлі жіптерден тоқылған киімдерге түскен өрнектер мен көркем кестелер, жібек араласқан арабескалық сипаттар Мәскеуді тағы да мойындатты.
Қазақстандық fashion-индустрияның бастауында тұрған Балнұр еліміздің мемлекеттік байрағының эталоны мен ҚР Тұңғыш Президентінің штандартын дайындағанын ұдайы мақтан тұтады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.