Олар Қызылорда облысында 146 адамды шағып алған
Қазіргі кезде Сыр бойында осы жәндіктерге қарсы жұмыстар жасалып жатыр. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаеваның айтуынша, облыс әкімінің өкімімен Конго-Қырым геморрагиялық безгегі ауруының алдын алуды үйлестіру жөніндегі жұмысшы тобы бекітілген. Наурыз айынан бастап өңірде кенеден залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде Шиелі, Жаңақорған аудандарында жағдай тұрақталған. Өткен жылғы эпидемиологиялық кезеңмен салыстырғанда, кененің шағуы азайған.
Десек те, залалды жәндіктің топырақта, орман төсемінде, әртүрлі ұяларда, індерде, өсімдіктерде, тұщы суларда, теңіздерде тіршілік ететінін ескерсек, қауіптің әлі сақталып тұрғанын айтуға болады. Кенелер – өрмекші тәрізді ұсақ жәндіктер. Олардың 20 мыңнан астам түрі бар деп есептеледі. Көпшілік кенелердің медициналық және жайылым кенесі, су кенесі, астық кенесі, қамба кенесі, өрмек кене, беріш кене, мамық кене, шаш кене деген сан алуан топтары бар. Сондықтан, облыста қолайсыз елді мекендерде көктем мен күзде екі рет кенеге қарсы өңдеу шараларын жүргізуге қыруар ақша бөлініп жатыр. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметіне қарағанда, 166 млн. 315 мың теңге, сол жерлерде 300 метр радиуста санитарлық-қорғаныс аймақтарын құру, дала тышқандарының індерін терең дустандыруға республикалық бюджеттен 26 млн.-нан астам теңге бөлінді.
Ғани ИСЛАМБЕК