• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2016

Жер кодексінің жаңа нормалары талқыланды

295 рет
көрсетілді

«Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашада қабылданған заң оның мәнін толық түсінбегендердің көңіліне қобалжу енгізген. Осындайда айқайға аттан қосатындар мемлекеттік мәселені ушықтырып, барлық жерді бөтен біреулерге пышақ үстінен қылдай бөліп беретіндей үрей шақырып жүр. Шымкентте осы мәселеге байланысты Ұлттық экономика министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының әкім­дігімен бірлесе отырып, «100 нақты қа­дам» Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде Жер кодексінің және басқа заңнамалық актілерді түсіндіру бойынша кеңес өткізді. Кеңеске мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, ауыл­шаруашылық тауар өндіру­шілер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Кеңес барысында ауылшаруа­шылық мақсаттағы жерлерді тиімді пай­далану, ауылшаруашылық мақ­саттағы жерлерге құрылыс саласындағы жаңа енгізілімдер, сондай-ақ, салық заңнамасына енгізілетін жоспарланған өзгерістер сияқты мәселелер талқылан­ды. Жиында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрлігі департамент басшысының орынбасары Гүлжаһан Бимендина мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшікке аукцион арқылы беру, жалға берілген жер учаскелерін сатып алу бойын­ша жеңілдік шарттарын ұсыну, жал­ға алынған ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлерді пайдалану бо­йынша шектеулерді алып тастау, ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін алып тастау сынды өзекті мәселелер бойынша түсінік берді. Жиында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 44-45-інші қадамдарын, сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақ­стан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жол­дауын, Үкімет пен Ұлттық банк­тің экономикалық және әлеумет­тік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі 2016-2018 жылдарға ар­налған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын іске асыру шеңберінде салық жүйесін түбегейлі реформалау көзделгендігі айтылды. Жер кодексіндегі өзгерістер мен толықтыруға байланысты жиынға қа­тысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Енді шаруалар өз жерін елу пайыз жеңілдікпен жекеменшігіне сатылап төлеу арқылы алуға мүмкіндігі бар. Ал ше­телден келгендерге жер жалға бе­ріл­гені болмаса, сатып алуға рұқсат жоқ. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы