Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндей ортағасырлық сәулет өнерінің бір шыңы бар Түркістан қаласына соңғы жылдары 1 млн. турист келіпті. Негізінен зияратшылар болғанымен, ішінде шетелдік азаматтар да мол. Бүгінде елімізге туристерді көбірек тартудың жолдары іздестіріліп жатыр.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен туризмді дамыту бағдарламасы бойынша «Көне Түркістан» тұжырымдамасы әзірленген. ЮНЕСКО бағдарламасына енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанында жер асты мешіті, көне монша сияқты тарихи орындар көп. Бүгінде осының бәрі қалпына келтіріліп жатыр.
Қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың айтуынша, кесене төңірегінде ені 4 метр, биіктігі 6 метр қорған тұрғызылады. Ортағасырлық ғимараттар, қорғанның сырт жағынан көне Рабат қаласы мен Тим базары қайта қалпына келтіріледі. Керуен сарайдағы шайхана мен Шығыс медициналық орталығы, этноауыл мен Тұран халықтарының әскери мұражайы, шағын көлі бар саябақ та салынбақ. Тарихи-мәдени этнографиялық орталықта мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз салтанат құрады. Мұнда ескі мұраны қайта тірілтіп жатқан қолөнершілер мектебі бар. Олар өз қатарына жас жеткіншектерді алып, қолөнерге баулып жатыр.
Туристер Түркістанға келгенде орта ғасырдағы қалаға келгендей әсерде болу үшін көп жұмыстар жасалып жатыр, – дейді қала әкімі.
Былтыр саяхатшылар есебінен қазынаға 4 млрд. теңгедей қаражат түсіпті. Яғни, табысты молайтуға негіз бар. «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан Түркістаннан 20 шақырым жерде көне Сауран қалашығы менмұндалайды. Түркі халықтарының рухани орталығына арнайы келген шетелдік туристер еліміздің бай тарих, сәулет өнерінен үлкен әсер алғандықтарын айтады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы