• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2016

Қалталы күйеу

492 рет
көрсетілді

немесе қыздар неге бай-бақуатты жігітке тұрмысқа шыққысы келеді? Қыздар неге бай-бақуатты жігітке тұрмысқа шыққысы келеді? Бір жағынан осы сұрақты қоюдың өзі ақымақтық болып көрінер. Алайда, бұл – өмірдің шындығы. Көшеде кетіп бара жатқан, болашақта қалыңдық болатын кез келген кішкентай қыздың өзін аздап кідіртіп, қандай жігітке күйеуге шығуды қалайтынын сұрасаңыз, бірінші кезекте – ақылды, бай, көрікті болса екен деген тілегін айтқан болар еді. Қалталы күйеу – казино сияқты екенін де ұмытпау керек. Кейде ұтсаң, кейде оңбай ұтылып жатасың... Болашақ жарым ақылды, мейірімді, адамгершілігі мол болса екен деген талапты адам уақыт өте келе, тағдырдың түрлі бұралаң­дары­нан өткен кезде ғана санамалайды. Ендеше, миллионер жігітке тұр­мыс­қа шық­қысы келетін қыздарға миллионердің әйелі­нің өмірінен азда­ған мысал келтіргім келеді. Әрине, бай біткеннің басына бірдей тағдыр жазылмағанын да ескеріңіз. Егер күйеуі бақуатты болса, әйелі содан міндетті түрде зардап шегеді деген ойдан аулақ бола отырып, өмірде куә болған жайттарға шолу жасап көрелік. Қаншама адам болса – сонша түрлі өмір бар. Сонымен, сонау тоқсаныншы жылдары дүниенің бәрі күрт өзгеріп, Кеңес өкіметі келмеске кетіп, тіршілік қамы үшін түрлі тірлікті қолға ала бастағанда біз студент едік. Дегенмен, студенттік жылдарда өзіміздің журналистика факуль­тетінің жатақханасында емес, бола­шақ заңгерлердің, адвокат, нотариустер мен тергеушілердің арасында тұрдым. Сол кезде ашқұрсақ студенттер арасында мық­ты бизнесмендер жүргенін кім білген?! Қысқасы, экономика тұралап жатқан тоқырау жылдарында бизнестің барлық сала­сы бос жатты. Біріне бірі бәсеке ту­ғы­­затындай алпауыт іскерлер бола қой­ған жоқ. Сонымен істің көзін тапқан бір­қа­тар замандастар жылдам байи бас­тады. Бас­пананың тауқыметін тартқан кей жолдастар жылжымайтын мүлік саласында бағын сынаса, кейбірі туризмге, енді бірі қаржы сек­торын­да қабілетін көрсетті. Осы­лайша, жа­­­ңа заманның ауқат­ты­­ла­ры пай­да бола бастаған еді. Соны­мен, менің бір кездегі студент құрбым да айналасы аз жы­л­дың ішін­де байдың әйелі болып шыға келді. Үлкен үй, қызмет­шілер, «қойға мінетін» көлік бөлек, тойға мініп баратын қымбат маркалы маши­на басқа дегендей, тұрмыстары алға өрледі. Елдің көбі әлі ашқұрсақ заманда ол келіншектің өміріне қызықпайтын адам кемде кем болатын. Қызғанатындар да табылатын. Алайда, сырт көзге бейғам отбасында мазасыз өмір басталған-ды. Әрине, бастапқыда бәрі жақсы сияқты еді. Әдетте, үйге ұдайы кешігіп келетін, күн-түн демей жұмыс істейтін күйеудің бар­лық қылығына, үнемі шаршап жүре­тін­­дігіне, ашушаңдығы мен аздаған менмен мі­незіне келіншегі түсіністікпен қарайтын. Дегенмен, отырыстар, ұжымдық кештер мен той-томалақтарда аты бар, жағдайы жақсы күйеуіне қыз-қырқын ашықтан ашық кетәрі еместіктерін білдіріп, қайта-қайта биге шақырып, сүй­кеніп жүретін сүйкімсіз сылқымдарға жыны келетін, көз алдында болып жат­қан көріністер жүрегіне қаяу салатын. Бұл табыскер күйеуді отбасында тұрақтату үшін басталған майданның басы ғана болыпты. Той-томалақтан соң, қызғаныш туралы әңгіменің барлығы жақсылықпен аяқталмағандықтан бас-аяғы жоқ дауға да жүйке жұқартудың қажеті шамалы еді. Ал бұл кезде менің құрбым күйеуінің қызметінде өзіне күндес болуға кандидаттар жеткілікті екендігін білмейтін. Ал оған дейін ол өзін өзі әртүрлі ойлармен азаптай бермеу үшін, сән салондарына, киім дүкендеріне, шаштаразға барып, алдандырып жүрді. Бірақ, оның келісті келбетін, шашын әдемілеп қидырғанын, тырнақтарын мінсіз етіп егетіп, жаңа көйлек киіп отырғанын көретін кім бар? Үнемі шаршап жүретін, шараптың иісі аузынан кетпейтін отағасы мұның біреуін де аңғармайды. Келіншек те уақыт өте келе осы бір мәнсіз тір­лік­тен жұбаныш таппай, жөнді-жөн­сіз сәнденіп отыруды да қоя бастады. Балалары мектепке барып, үйде екі-үш қызметшімен қалатын күндері көбейгенде өзінің де жоғары білімді, дипломды маман екенін күйеуіне құлаққағыс етіп еді: – Саған не жетпей жүр?! – деп отаға­сы үзілді-кесілді қиып тастады. Осылайша, оның өмірінде түсініксіз жалғыздық басталды. Бір бірімен шүйіркелесіп отыратын күндер, тар төсекте бастары жұптасып ұйықтайтын шаттыққа толы шақтардың барлығы студенттік жылдардың еншісінде қалды. Осы аралықта жиырма жылға жуық уақыт көзді ашып-жұмғандай өте шықты. Бірде 8 наурызда үйінде үнемі іші пысып отыратын құрбымды құттықтап бар­дым. Әңгімелесетін, шер тарқататын, тіпті жаңа­дан алған киімдерін киіп көрсе­тетін досы­ның келгеніне ол мін­детті түрде қуанады. Мен өзіміздің ұжымның жігіттері сый­­л­аған қос сүлгі мен жалғыз тал гүл­ді бо­саға сүйеп қойдым да, бір аяқ киі­мім­ді ше­шіп, екіншісін тартқылап жа­тып, жұмыс­тағы қызықтарды айтып жатырмын. – Ой, бүгін біздің жігіттер бізге мере­кенің құрметіне ыдыс та жуғызбады. Соны үйлерінде де істемейтін шығар?! Дастарқанды да өздері жасады, біреуі бәрімізге бір құшақ гүл алып келді, – деп ер-азаматтардың бізге көрсеткен құрметін тізіп айтып жатырмын. – Қандай жақсы! – деді күрсінген құр­бым. – Сенің ұжымың бар! Өмірің бар! Мен бірден әңгіме ауанын өзгертуге мәж­бүр болдым. Төрт қабырғаның ішінде өмірі өтіп жатқан оның жанды жеріне тиіп кет­кенімді  өзім де аңғармаған екенмін. – Тәубе десейші! Сенің мына өміріңді өңі түгіл түсінде көрмеген, тапқаны тамағына жетпейтін, өлместің күнін кешіп жүрген қаншама адамдар бар... – Тәубе, тәубе! – деді ол. – Бірақ, біздің күйеудің 8 наурызда да үйге келетін уақыты жоқ. Мына бір сыйлықты көмекшісінен беріп жіберіпті деп, жылуы жоқ қорапты алдыма қойды. Сүйкімсіз сыйлыққа қарап отырып, екеуінің өткен өмірін көз алдыма әкел­дім. Күйеуінің 8 наурызда неге үй­ге кел­меге­нін ол да іштей сезеді. Осы жыл­дар­дың ішінде ол төрт қабырғаның іші­нен шық­пай-ақ, күйеуінің көзіне шөп сал­май-ақ, бірнеше рет жұқпалы жыныс ауру­­ларынан да емделді. Мұның күйеуін ка­зи­­нодан ұтып алғандай болған кейбір кө­ңіл­­дес­тердің қоқан-лоқысын да естіді. Алай­да, ондай оқиғаларды отағасы биз­нес­­­тегі бә­се­ке­лестері көре алмаған­дық­тан қол­дан ұйым­дас­тырды деп сендірді, бұл сенген болды. Қырықтың қырқасынан асып, елуге жақындаған ерінің соңындағы ауқатты еркектерді аулап жүретін бойжеткендердің түр-түрін көрді. «Не – дүниесін, не – өзін аламын», деп өзеуреген қыз-қырқыннан қалған сызат ерлі-зайыптылардың ынты­ма­ғын ыдыратып, берекесін баяғыда қашырған болатын. Мынау, хан сара­йындай зәулім үйде бақытсыз бір келін­шек өмір сүріп жатқанын өзі ғана біледі. Ғайып­та ұтып алған лотерея билетіндей бақыты баянсыздау болып шыққаны қалай? Өмірде барлық нәрсенің өтемі бар деген осы ма? Жалпы, бай жігітке жолығудың, ауқатты жерден қыз алуды армандаудың соңы қаншалықты баянды? Интернет форумдарда бұл сауалға жастардың бір легі боямасыз былай жауап береді. Бір жігіт: Тең-теңімен, тезек қабы­мен. Сондық­тан бай­лыққа қызыға бермеу керек. Әрине, ақшаң бол­ған жақсы. Егер орташа отбасынан шық­қан қыз ақшалы жігітке тұрмысқа шықса, құда-құдағилар арасында онша сыйластық болмайды. Түсінікті жағдай. Ал жігіт байдың қызын алса сол үйге күшік күйеу болады. Сондықтан әркім өз жағдайымен тең отбасымен құда болса, сонда ғана жақсы болатын сияқты. Сол кезде құда да, құдағи да тыныш. Ал ақша мен байлық керек болса, оны бірлесіп жасау керек. Бірлесіп жасаған байлықтың берекесі болады. «Дайын асқа – тік қасық» болып, байдың баласына тиемін, байдың қызын алсам деп армандауға өз басым келіспеймін. Сәния: Бір жігіт, мен сізбен келісемін. бірақ, толы­ғымен емес. Себебі, адам баласы бол­ған соң ақша деген әрине, керек. Мыса­лы, сіздің жігітіңіз күнде ақша әке­ле­ді. Ол қайдан келіп жатқан ақша? Ол тектен-текке оңды-солды жаратып жатса, ол да біреуден алған. Егер де ол өз маңдайтерімен тапса, ақшасын қимай, көрінген қызға жұмсамайды. Ал арам­дықпен немесе қарызға алған ақша қалай тамақтарыңнан өтеді? Біле-біл­сеңдер, Алла адамға бір жағымен бер­гені­мен, бір жағынан алып отырады. Себебі, өмір – алма-кезек. Бересің – ала­сың. Қазіргі заманда туысқаныңның тойы­ңа ештеңе апармасаң, ертең саған да еш­теңе әкелмейді. Сол сияқты ғой. Сон­дық­тан әркім маңдай терімен тапса, ақша ке­ре­гің­нің бәріне жетеді. Ағайын, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүрмейік. Жәмилә: Енді болашақ күйеуің кедей болса жақсы ма? Әй, қыздар-ай сендер де... Осы сұраққа жауап беріп отырған қыздардың ойларының бәрі ақша, ақша. Бай жігіттерге сен уақытша ғанасың, тең – теңімен, тезек – қабымен... Дұрыс айтады. Айшешек: Қазіргі ақшалы еркектердің көбі – ха­лықтың несібесін жымқырып жеп отыр­ған­дар, не сол жөкейлердің бала­лары. Әйт­се де, шама-шарқынша еңбек­те­ніп, ақ­ша тауып отырған азаматтар да де аз емес. Бірақ, ақшалы жігіттер – ақылды, ақшасыз жігіттер ақымақ дегенге келіс­пеймін. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дегендей, жағдайды түзеуге болады. Аузыңды ашып, жұрттың мал тапқыш күйеуіне қызыға бермей, болашақ пен бала екеуіңдікі болған соң, жағдайың үшін жұмыс істеуге болады. Еркекте бар бас – әйелде де бар. Сара: Менің бір таныс қызым өте кедей жігітке шықты, сосын балалары бол­ғанда қатты қиналды. Күйеуі кедей бол­ғаны аздай, құдай атқан еріншек, еш жерде жұмыс істемейді. Базарға шық десе намыстанады. Ақылы да шамалы өзі­нің. Байғұс әйелі зыр жүгіріп, қандай қара жұмыс болса да табылғанын істеді. Сонда біз айтатынбыз: «Өзің сондай көріктісің, тапқан байыңның сиқы анау, соның несіне ғашық болдың?» десек, гитарамен ән айтқанына деген еді, ал ендеше аштан аш ән салып отыр дедік, сондықтан махаббат деген әртүрлі болады ғой. Жадыра: Менің ойымша жігіттің қалталы немесе қалталы еместігі маңызды емес сияқты. Ал ақшалы жігіттерге жүгіретін қыздарды да түсінемін. Өйткені, олар өмірінде бәрі жет­кілікті болса екен деген ойда болады. Ал оның несі жаман? Егер сондай қалаған адамың сондай болып жатса нұр үстіне нұр болар еді ғой. Негізі қорыта айтсам ондай қыздар жоқ емес. Ал оларға айтарым олардікі де өзінше дұрыс. Аққу: Бес саусақ бірдей емес. Қандай адам болса да, алдымен оның адамға деген сыйластығына қарау керек деп ойлаймын. Ақша – ең бастысы емес. Дүние – қолдың кірі. Бірде бар, бірде жоқ. Ақшалы болу, бай болу өзіңе байланысты сияқты. Өмірде байлық қалмайды. Шіріген бай болғаныңмен, ертең соны балаларың игере алмаса да, желге ұшады. Өмірде тек сыйластық қалады. Бірақ, қазіргі жігіттерге ақша табу­ға барлық мүмкіндіктер бар. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадисін­де: «Өмірде сенің адамдарға деген адамгер­шілігің адалынан болсын. Қандай дүние алсаң да о дүниеде бар­лығына жауап бересің. Өзіңде тек бас­пана, көрпе-төсек, ішіп-жемің болса жеткілікті» деген. Бар­лы­ғына шүкір деп, қанағат тұту қажет. Шасси: Әрине, ол табиғаттың заңы. Әйелге балаларын асырай алатын, табыс таба алатын, аш-жалаңаш қалдырмайтын әке керек. Бірақ, ақылды, тәрбиелі, адам­гер­шілігі мол, жұртқа жұғымды жігіттердің де ақшасы жоқ болса да, шансы көп. Қыздар қалталы жігіттерге бекерге қызықпайды? Тек қана ақшасына емес... Бәсекелестерін басып озған, ақша табуға миы жеткен жігіт өмірдегі маңызды мезеттерде тура шешім таба алады. Ал егер ол байлықты жасап берген – әке-шешесі болса, онда тұқымы жақсы деген сөз. Оптимист: Өйткені, қалталы жігіттермен өмір сүр­ген қызықтырақ әрі жеңіл. Ақшасыз жігіт­терді жек көремін. Өйткені, олар ешқашан жары­майды. Яғни, бүгін ақша табу­ды білмесе, ертең де таба алмайды. Рас қой! Қалталы жігіттердің бәрі жаман деп кім айтты?! Айна: Жоқ, мен қалталы жігіттерді жек көремін! Бірақ бұл – қалжың! Оларды өзіне деген сенімділігі үшін «жек көремін»! Егер қарапайым қазақ жігіті бастық әкесі, алып бара жатқан байлығы, көп ақшасы болмаса да, өз өзіне сенімді болып, басын тік ұстап, сүміреймей, жігерленсе бәрі болады. Шынына келсек, адамды сырт пішініне қарап та сынай беруге болмайды. Ең бастысы ол жігіттің ішкі жан дүниесі мен өзіне деген сенімділігі қандай. Соған мән беріңдер, қыздар! Егер жігіт өз өзіне сенімді болса, ақшасы бар ма, жоқ па деген сұрақ тумайды.  АЛМАТЫ Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»