• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2016

Шеберлік пен батылдық – жауынгердің жансерігі

683 рет
көрсетілді

Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының Заречный кентінде өткен «Қайсар-2016» кешенді жаттығуын бақылады Лаңкестік пен экстремизм әлемнің төрт бұрышында күт­пеген жерден қауіп тудыратын ғаламдық қасіретке айналып барады. Тәуелсіз Қазақстан қорғаныс күштерінің мұндай қым-қуыт уақытта қалғып кетуге құқы жоқ. Жауынгерлердің шеберлігін шыңдап, батылдығын баптау ең алдымен білікті командирлер мен әскери оқу-жаттығу полигондарының заман талабына сәйкес жасақталуына тікелей байланысты. Заречныйдағы әскери шеберлік жаттығуы Қазақстан қарулы жасақтарының қызметтік жоспарына енгізілген жоба болатын. Мемлекет басшысы сондықтан да орайлы сәтте осында келді. «Қайсар-2016» аталатын кешенді жаттығуға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Қалқан», Ұлттық ұлан­ның «Бүркіт», Ішкі істер ми­н­истрлігінің «Сұңқар», Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан», Алматы қаласы ішкі істер департаментінің «Арлан» және Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлері қатысты. Ал Ішкі істер министрлігінің ар­найы мақсаттағы бөлімшелерінің жау­ын­герлік және әдістемелік дайындық мақсатындағы бұл орталығының құрылысы 2014 жылы басталған. Құрылысқа тапсырысты Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық ұланы берген. Қазақстан Ұлттық ұланы бас қолбасшысының орынбасары, полковник Мұхаметқали Сатов жаңа әскери-әдістемелік орталық туралы былай деді: – Кәсіби жаттығу үшін жаңадан салынған бұл орталықтың жалпы ауқымы 208 гектар жерді алып жатыр. Осы жерде Қазақ­стан­дағы барлық күштік құрылымның жаттығуына ерекше жағдай жасалып отырғанын атап айтқым келеді. Біздің «Алғабас» деп аталатын арнаулы әскери-жаттығу алаңымызға ұқсас нысан әлемде АҚШ пен Иорданияда бар. Лаңкестікке қарсы ең озық жат­тығу орталығы саналатын мұн­дай әскери кешен бұрынғы ТМД мемлекеттерінің бірінде де жоқ. Жаңа орталықта бір күнде 2 мыңнан астам жауынгер әске­ри жаттығу жасап, шеберлігін шың­дай алады. ...Алдымен аспан төсінде көк кеңістігін қақырата жарып дыбыстан жылдам екі әскери ұшақ өтті. Көп кешікпей полигон аумағындағы микрофондардан лаңкестік-экстремистік топ мүшелерінің екі бірдей полиция қызметкерін ажал құштырып, бір автобусты кепілдікке алғаны, енді бір топтың екі жеңіл көлікпен әуежайға жедел бет алғаны хабарланды. Нағыз майдан бас­талды. Ұтқыр күштер ойлы құ­рыл­ған жоспарлары арқылы тез арада лаңкестердің жолын кесті. Тік­ұшақтар қауіпті аумақты айнала ұшып, броньды техникалар қаш­қындар көлігінің алдынан шық­­ты. Пулеметтің ащы дауысы, ауыр зеңбіректің шу шығаратын ар­­найы снарядының дүмпуі поли­гон үстін әп-сәтте астан-кестең етті. Екінші операция кезінде көп қабатты үйдің үстіне парашютсіз түскен жедел топтың жауынгерлері төмен қарай жасырын түрде арқан­мен түсіп, қауіп-қатерге бас тікті. Кенет жердегі қуатты техни­каның күшімен шулы снаряд­тар­дың қос-қостан атылуынан кейін жауынгерлер ғимаратқа төтеннен кіріп, лаңкестердің бір тобын ауыз­дықтады. Бұл кезде ауыл сыр­тында автобустағы кепілге алын­ған бейбіт азаматтар ешбір зардапсыз босатылған-тын... Арнайы топтар мен әскери техниканың үйлескен қызметі арқасында жоспарланған барлық операция сәтті аяқталды. Дәрінің иісі сейіліп, техника­ның дауысы өшіп үлгерген сәтте сапқа тізіліп, алаңға жиналған жауынгерлік бөлімдердің алды­на шыққан Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті – Қару­лы Күштердің Жоғарғы Бас қолбас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан Республикасы Ұлттық ұла­ны 5572-әскери бөлімі мен Қор­ғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы 22750-әскери бө­лімінің командирлеріне салтанатты түрде ар-намыс, айбын мен даңқ рәмізі саналатын Жауынгерлік туларды өз қолымен тапсырды. – Құрметті генералдар мен офи­церлер! Сержанттар мен солдаттар! – деп сөз бастаған Жоғар­ғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назар­баев әрі қарай былай деді: «Бүгін біз арнаулы мақсаттағы жаңа Жа­уын­герлік және әдістемелік дайындық орталығын ашып, оның алғашқы әзірліген көріп отырмыз. Оған ұшқыштар мен десанттар, зеңбірекшілер мен арнаулы жасақ жауынгерлері қатысты. Сарбаздар жаттығу барысында шеберлік пен батылдық танытып, жақсы дайындықтарын көрсетті. Мемлекет басшысы орталықта алғашқы жаттығуын өткізіп отырған жауынгерлердің өз ісіне жан-тәнімен машықтануы жас мемлекетіміздің мүддесіне қызмет ететінін атап көрсетті. Әлемнің әр түкпірінде болып жатқан лаңкестік әрекеттер мен Таяу Шығыстағы соғыс қимылдары жас Қазақ елінің қандай төтенше жағдай болса да төтеп беруге да­йын болуы керектігін ескертеді. Қарулы Күштеріміз қай кезде де еліміздің Тәуелсіздігі мен жеріміздің бүтіндігін сақтауға, туған Отанымызды қорғауға әзір болуы тиіс. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан армиясы мен арнаулы жасақтарының жаңаша өсіп-өркендеу сатысына өткені, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында еліміздің жаңа мазмұндағы, жаңа тұрпаттағы қорғаныс күштері құрылғаны бүгінгі әскери жаттығулардың аясында шын мәнінде ерекше көрініс тапты, дей келе Елбасы былай деді: – Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде әр кезде де әскери құрамға әлеуметтік жағдайы тұрғысынан қолдау көрсетіп келемін. Сіздердің міндеттеріңіз – еліміздегі бейбіт өмірдің тыныштығы мен келісімді сақтау болып табылады. Сіздер әрдайым Отан қорғауда жанын аямаған аға ұрпақтың абыройлы ісін жалғастырушы бола біліңіздер. Баршаңызды алда келе жатқан Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл да біздің Тәуелсіздігіміздің үл­кен белгісі болып саналады. Ел ірге­сі әр уа­қытта бүтін, халқымыз аман бол­сын. Отан қорғайтын сіз­дер аман болыңыздар, – деді Прези­дент. Бұдан соң Жоғарғы Бас қол­басшы қызметте ерекше көзге түс­кен бірқатар әскери қызметшіге жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. Ұлттық ұланның топ командирі капитан Нұржан Біләлов Жоғарғы Бас қолбасшыдан әскери тәртіп бо­йынша рұқсат сұрап, тілегін айтты. – Жоғарғы Бас қолбасшы мыр­за! Бүгін біздің еліміздегі қару­лас­тарым мен өз басым үшін ерекше күн болды. Біріншіден, біздер заман талабына сай жасақталған Әскери орталықты пайдалану құқына ие болсақ, екіншіден, Сіздің өз қолыңыздан пәтер кілтін алып отырмын. Бұл – мен және менің отбасым үшін үлкен абырой. Арнайы жасақтар атынан Сізге үлкен алғысымды білдіремін. Сапқа тұруға рұқсат етіңіз... Әскери іс-шара жауынгерлердің салтанатты шеруімен аяқталды.  Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ