• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2016

Сербия Батысқа бағыт ұстайды

238 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние Жексенбі күні бұл елде мерзімінен бұрын сайлау өтті. Онда Еуроодаққа кіруге бағыт ұстаған премьер-министр Александр Вучич басқаратын коалиция жеңіске жетті. Сайлау нәтижесі солай болатыны да күні бұрын айқын еді. Бұл елде саяси күрес қашан да қызу жүреді. Сонау Югославия дейтін социалистік жүйедегі ел күйреген тұста басқаларды сыртқа жібермейміз деген ұлтшылдардың дегені болмаған соң, күн тәрті­біне қандай бағыт ұстану жөнін­дегі мәселе шықты. Тәуелсіздік алған елдердің көпшілігі батыс өркениетіне бет бұрса, Сербияда оған қарсы күштер баршылық еді. Халықтың басым көпшілігі қай жақта жағдайдың жақсы екенін көріп отырса да, сырттың қолдауына арқа сүйеген біраз саяси күштер Батысқа бағытты өзгерткісі келеді. Осындай сәтте халықтың пікірін білу үшін сайлау керек болды. Сонда премьер-министр ел президенті Томислав Николичке 3 наурыз күні парламенттік сайлау өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Арада бір күн өткенде президент Скупшинаны таратып, жаңа сайлау күнін белгілеген жар­лық шығарды. Саяси партиялар өз бағдарламаларын жариялап, күреске шықты. «Александр Вучич – Сербия жеңеді» коали­циясы Еуроодаққа кіру бағытын ұстанды. Оны премьер-министр басқарды. Аз-кем тарихқа жүгінейік. Сербия ЕО-ға кіруге 2012 жылдан үміткер. Кірудің шарттары да белгіленген: ең алдымен біршама экономикалық реформа жасау керек, заңның үстемдігі – заң­ға айналсын, сот жүйесін де жетілдіру керек, тағы бір басты талап – Косовомен қарым-қатынас түзелуі тиіс. Қарап тұрсаң, бұл талаптар Еуроодақтан гөрі Сербияның өзіне қажет. Вучичтің үкіметі бүгінге дейін осы тарапта біраз жұмыстың басын қайырған. Сөйтсе де, Сербия үкіметі Еуроодақтың айтқанына бас шұлғып отырды деуге әсте бол­майды. 2014 жылы ЕО Белградқа Ресейге қарсы санк­цияға қосыл, деді. Үкімет басшысы Вучич бол­майды, деді. Сонысымен бір қауым халықтың ықыласына бөленді. Сондай-ақ, НАТО-ға да кірмейтіндерін, әскери тұрғы­да бейтараптық сақтайтынын мәлімдеді. Бұл да оларға біраз ұпай әперді. Енді тікелей сайлаудың қорытындысына келсек, алғашқы есеп бойынша, Вучичтің Прогрессивтік партиясы – 53 па­йыз, ал олардың одақтасы сыртқы істер министрі Ивица Дачичтің Социалистік партиясы – 13 пайыз, талай жыл халықаралық трибунал түрмесінде отырып, күні кеше босап келген Воислав Шешельдің Ресейге іш тартатын Радикалдық партиясы 7 пайыз дауыс алыпты. Премьер-министрдің коалиция­сы парламенттегі 250 мандаттың көпшілігін иеленетіні айқын болып отыр. Халық нені қалайтыны жөнін­де сөзін айтты. Премьер-министр Александр Вучич өздерін ха­лықтың қолдағанына қуана отырып, бағытымызды Батысқа бұрсақ та, өзіміздің Шығыстағы дәстүрлі одақтастарымыздан, ең алдымен, Қытай мен Ресейден кетіспейміз дегені де білгендік еді. Жеңілгендер, әрине, ойбайлап жатыр. Әсіресе, Шешельдің пікірінше, бұл сайлау Сербияның «жауға» қосылуына арналған бейресми референдум болыпты. Америкалықтар таңдауы аңғарылып қалды Әлемдегі жағдайға зер салатын жұрт АҚШ-тағы президенттік сайлаудың барысын қадағалап отырғаны даусыз. Қазір елдің жетекші екі партиясынан кімнің үміткер болып ұсынылатыны аңғарылып қалғандай. Бұл елдегі сайлау жүйесі бас­қа жердегіден өзгешерек. Ол жайын­да бұрынырақ айтқанбыз да. Тұ­жы­рымдап айтар болсақ, мұнда кей елдердегідей оң-солын әзер ажы­рататын біреулер президент­тік сайлауға түсе алмайды, олар алдын ала сайлаудың праймериз дейтін бөлігінде шығып қалады. Сайлауға танылған қайраткерлер түсіп, оның өзінде праймериз кезінде іріктеліп, жетекші пар­тиялардан жалғыз кандидаттан қалады. Яғни, партия съезі біреуге тоқтайды. Ал праймериз дегеніміз – нағыз шоу. Қазір сол екі үміткер айқын­далып отыр десе де болады. Әсі­ре­се, Демократиялық партия­дан Хиллари Клинтонның ұсы­ны­латыны даусыз көрінеді. Прай­мериз сайлауында партиядан ұсынылу үшін 2383 делегаттың қолдауы керек болса, қазірдің өзінде оны 2141 делегат қолдап отыр. Оның қарсыласы Берни Сандерстің көрсеткіші – 1306. Ал республикашылардың жағдайы біршама өзгешелеу. Мұндағы үш үміткердің көшбастаушысы миллиардер Дональд Трамп қа­жет­ті 1237 дауыстың 950-іне ие бо­лып, жеңіске жақын тұрса да, оның қарсыластары съезд кезін­дегі кү­реске көбірек үміт артады. Техас штатынан сайланған сенатор Тед Круздың қолдаушылары 560 болса, Огайо штатының губернаторы Джон Кейсикті қолдайтындар 153 қана. Соңғы екеуі Трампқа қарсы күш біріктіруге келіскені­мен, қажетті дауыс жинай алмасы анық. Бірақ съезде партия басшылығы атынан қосылар дауыс болады. Республикашылар партаппаратының Трампқа онша құлқы жоқ. Бірақ көп дауыс жинаған үміткерін итере салмайтыны және белгілі. Сөйтіп, қазір Трамп пен Клинтон алдағы шілдеде өтетін партия съезінің шешімдерін күтпей-ақ өздерін жеңімпаздар ретінде санап, мәлімдемелер жасап жатыр. Трамп дөрекі турашылдығына басып, қарсыластарын өлімтіктер деп сипаттаса, оған керісінше Хиллари Клинтон қарсыласы Сандерстің атына қатқыл сын айтудан тыйылып, жалпы пар­тия­лық бағдарламаға, бірлікке көбі­рек мән берді. Сірә, осыған қарағанда, алда республикашылар съезінде біраз айқай-шу болса, демократтар жиыны тынышырақ өтетін сыңайлы. Енді осындай жағдайда сайлау науқанында күрес ауанының сипаты ішкі партиялықтан пар­тияаралық сипатқа ойысатын болар. Трамп бастап кетті, демо­краттың жеңісі Хиллари Клин­тонның әйел болғандығынан, егер ол еркек болса, 5 пайызға да жетпес еді деп бөсті. Ал бұдан оның беделі көтерілетіні күмәнді. Клинтон әзірге тактикалық сақтық жасап, өз бағдарламасын насихаттаумен шектеліп отыр. Басқаларға ұрынған жоқ. Жақындағы бір кездесуінде, өзі билік тізгінін ұстағанда өз кабинетінің жартысын әйелдерден жасақтайтынын айтты. Әрине, бұл сөз әйелдерге ұнайды. Ұнаған соң, соған дауыс береді. АҚШ-тағы сайлауға әлем назар аударып отыр дедік қой. Аударғанда, пікірлерін де білдіріп жатыр. Әсіресе, бұл жерде Ресей ақпарат құралдары белсенділік көрсетіп отыр. Бізге қай кандидат қолайлы дегенді көбірек айтады. Тоқтайтындары – Трамп. Әрине, президент басқаларға емес, алдымен америкалықтардың өздеріне керек. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист