• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2016

Ағаштар да армандайды

336 рет
көрсетілді

Мексикалық суретші Сандра Панидің «Ағаш сияқты» көрмесі көркемдік көкжиегінен маржан сыр түйгізуімен әсерлі. Сірә, ағаштардың жанын түсіне білетін адамның өзі тегін жан болмаса керек-ті. Қарап тұрсаңыз, олар да түрлі тағдырлар секілді ғұмырлары ұзақ және тамырынан келте үзіліп қалып жататындары бар. Осы сәт Мұқағалидың «Өмірге-өмір жалғасып, Анамыз жерге жармасып, Бірде адам, бірде қайың боп, Сүрейік өмір алмасып...» деп жырлағаны еріксіз ойға оралар еді. Ағаштарсыз мына өмірді елестету мүмкін емес. Ол туралы өнер туындылары тау­сылмайды. Мексикалық Сандра Пани еңбектерінің идеясы бізді осы жағымен баурады. – Ұлттық музейде өткізіліп отырған «Ағаш сияқты» жобасы Қазақстан мен Мексика қарым-қатынасын одан әрі дамытуға айтарлықтай үлес қосады деп сенеміз. Бүгін көпшіліктің назарына ұсынылып отырған шығармашылық жұмыстар суретші Сандра Панидің көп жылғы еңбегі және ол жоғары бағаға лайық, – дей келіп Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер департаменті директорының орынбасары Күміс Сейітова осыған орай жолдаған сала министрі А. Мұхамедиұлының құттықтауын жеткізді. Өз кезегінде Мексиканың Қазақстандағы елшісі Марта Елена Барсена көрмені өткізуге ерекше жағдай туғызып, жан-жақты қолдау білдірген Мәдениет және спорт министрі мен Ұлттық музей басшылығына алғыс білдірді. Ризашылық сезіммен елші сөзінің соңында Қазақстан халқын биылғы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық ұлы мейрамымен құттықтады. – Атаулы датаның қарсаңында, мек­сикалық танымал суретші Сандра Панидің көрмесі ашылып жатқаны біз үшін үлкен мәртебе. Қазақстанның да, Мексиканың да мәдениетке, өнерге деген қолдауы жоғары деңгейде екені қуантады. Бұл туындылардан адам мен табиғат егіз ұғым екенін, олардың арасындағы байланыстың маңыздылығын көруге болады, – деді М.Е.Барсена. Еске сала кетейік, суретші Сандра Пани графикалық туындыларының топтамасын 2007 жылдан бастап жасауды қолға алған. Бүгінгі таңда топтама 36 суреттен тұрады. Сонымен қатар, «Ағаш сияқты» көрмесі 21 мамырға дейін жалғасады деп күтілуде. Қаршыға КҮЛЕН