Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бақытжан Ертаев пен Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Шегельский Катардан келген делегация мүшелерімен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Тараптар бұл жылы жүздесуді тарихы терең тамырластықтан басталған достық кездесу ретінде бағалады. Ал әңгіме барысында Қазақстан мен Катар арасындағы қатынас жыл санап қарқынды дамып келе жатқаны айтылды. Делегация жетекшісі, муниципалитет және қоршаған ортаны қорғау министрі Мұхаммад Абдуллаһ Әл Румайхи екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық барлық салада, әсіресе, саяси бағытта өте жоғары деңгейде екенін және болашақта да нығая түсетінін жеткізді.
Г.Щегельский делегация мүшелерін экология саласында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыра келіп, Қазақстан Президентінің енді ғана «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанынан хабардар етті. Осыған орай, Катардың келер жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне белсене қатысатындығына сенім білдірілді.
Комитет төрағасы Елбасының халықаралық деңгейдегі маңызды бастамаларын сөз ете келіп, делегация жетекшісіне «Әлем. XXI ғасыр» манифесін табыс етті. Бақытжан Ертаев Қазақстан Президентінің бүкіл әлемді бейбіт өмірге үндеу жолындағы батыл қадамдарын алға тарта келіп, ядролық қарудың әлеуеті бойынша әлемдегі арсеналынан бас барту бастамасына айрықша назар аударды.
Б. Ертаев мейманның иығына шапан жауып, шығарып салды.