Кеше Мәжіліс Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов елімізге ресми сапармен келген Польша Республикасы Парламенті Сенаты делегациясымен кездесті. Делегация құрамын Польша Сенатының төрағасы Станислав Карчевски бастап келді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманды Польшаның жыл сайын 3 мамырда атап өтетін Конституция күнімен құттықтады. Құжат 1791 жылы қабылданған.
Одан әрі тараптар барлық сала бойынша екіжақты ықпалдастықтың маңызды мәселелерін талқылады. Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Польша Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптесі. 2015 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд. долларды құраған. Бүгінгі күні біздің елімізде Польша капиталы-
ның қатысуымен 190 компания жұмыс істейді.
Кездесу иелері алдағы уақытта елдер арасындағы экономикалық байланысты одан әрі күшейте түсудің маңыздылығын, оған екі мемлекеттің де әлеуеті жеткілікті екенін атап өтті. Осы орайда, Қазақстан Президентінің үстіміздегі жылдың тамыз айында Польшаға жоспарланған сапарына айрықша мән берген мәртебелі мейман, оның екі елдің стратегиялық қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге серпін беретіндігіне сенімді.
Мәжіліс Спикерінің айтуынша, Қазақстан Еуроодақпен ынтымақтастықты дамытуға да барынша ынталы. Оған үстіміздегі жылдың наурыз айында Қазақстан Парламентінде ратификацияланған Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Ынтымақтастық пен әріптестікті кеңейту туралы келісім дәлел. Осы орайда С.Карчевски аталған келісімнің Польша Парламентінде де тезірек ратификациялануына ықпал ететіндігін жеткізді.
Б.Ізмұхамбетов поляк кәсіпкерлерін Қазақстанда «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты мен үдемелі индустриялық даму бағдарламасы аясында маңызды жобаларға белсене қатысуға шақырды. Осы ретте, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің басымдықтарына айрықша назар аударылды (Польшаға бөлінген павильон көлемі 400 шаршы метр).
Мәжіліс Спикері Қазақстан мен Польшаның транзиттік мемлекеттер екенін алға тартып, Батыс Еуропа мен Азия бағытында тауарлар тасу көлемін арттыру жолында осы мүмкіндікті кеңінен пайдалану керектігіне тоқталды.
Парламентаралық қатынас жөнінде екі ел парламенттері арасында ынтымақтастық жөніндегі топтың жұмысына көңіл бөлініп, қос тарап бүгінгі кездесудің Қазақстан-Польша қарым-қатынасын, соның ішінде парламентаралық байланысты одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдірді.