• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2016

Патриот болу бір парыз

562 рет
көрсетілді

Отан қорғаушы күнінің қарсаңында біз рес­пуб­ликалық Ұланның қарамағында бірнеше рет әскери парадтарға қатысқан, өз ісінің маманы, 0112 әс­кери бөлімнің үздік атқышы, аға маман Мейрамбек ИБРАЕВҚА жолығып, оны әңгімеге тартқан едік. – Сізді командирлеріңіз үздік жауын­герлеріміздің бірі деп мақтан тұтады екен. Әскери міндетіңізді өтеу барысында қандай табыстарға жеттіңіз? – Мен Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» президенттік полкінде қызмет етемін. 1996 жылы міндетті әскери қыз­ме­тімді аяқтаған соң осында қызметке келісімшартпен қалдырылдым. Өзімнің міндетімді жақсы түсінемін. Біз Отан алдындағы міндетімізді мінсіз орындауымыз керек. Сол үшін өміріңді қию керек болса, одан да бас тартпауға тиістіміз. Өйт­кені, біздің мінсіз қызметіміз ел үшін, мемлекет үшін өте маңызды. Мен өзімнен кейін қызметке келген жастарға шамам келгенше осыны тү­сіндіруге тырысамын. Әскери ше­нім пра­пор­щик, білімім арнаулы орта. Еш­қандай асқан ерлігім, ерекше табысым жоқ. Өз мін­­детін мүлтіксіз атқарып жүрген қа­тар­да­ғы сарбаз десе, маған ең үлкен атақ сол деп білемін. – Сіздің түсінігіңізде еліңнің патриоты болу деген не? Өз басыңыз оны қалай пайымдайсыз? – Өзім қыз­­мет еткен 20 жылда мен Отаныма шын жүректен берілген адам болып қалып­тас­­тым, өз Ота­ным­­ның нағыз патриоты болдым деп айта аламын. Мен Отанның қандай бұйрығы болса орындауға әзірмін. Жан пида етуге тура келетін бұйрық болса, оны орындауға да барлық уақытта әзір­мін деп айта аламын. Күні бүгінге дейін мен басшыларымның бұйрығын қалт жібермей орындап келемін. Алдағы уақытта да солай боларына кімді де болса сендіре аламын. Өзім қызмет ететін президенттік полкті мақтан тұтамын. Оның туы әрқашан биікте желбіреуіне үле­сімді қосуға тырысамын. – Әскери марапаттан да құралақан емес боларсыз? Солар туралы айтып бер­сеңіз... – Мен ешқашан да бір марапат алайын деп қызмет етпеймін. Тек өзіме жүктелген, әскери тілмен айтқанда, бұйырылған міндетті мүлтіксіз орындауға барымды саламын. Осынау шағын еңбегімді Отаным да жоғары бағалап, үш рет медальмен марапаттады. Соның ішінде 2010 жылы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алдым. Сондай-ақ, «Мінсіз қызметі үшін» медалінің ІІ және ІІІ дәрежесімен марапатталдым. Республикалық Ұлан қолбасшысының және бөлім командованиесінің алғыс хаттарымен де наградталдым. – Әскери міндеттен тыс жүрген-тұрған жерлеріңізде, отбасыңызда да пат­риоттық тәрбие, Отанға деген сүйіспеншілік туралы әңгіме қозғайтын боларсыз? – Әрине, меніңше патриот адам әскери қызметінде ғана емес, барлық жерде де патриот болуы тиіс. Жалпы, халқыңа адал қызмет етсең, еңбегің еш кетпейтініне менің көзім жетті. Бәріміз де Отан алдындағы міндетті орындау парызымыз деп білеміз. Ал әскери адам үшін ол парыз ғана емес, сөзсіз міндет. Мен осыны ұқтым. Ұлым мен қызыма да осыны ұғындырып, бойларында отансүйгіштік сезім қалыптастыруға ұмтыламын. Сайып келгенде, елдің патриоты болудың өзі – үлкен абырой, мақтан. Соған қол жеткізген адам да өзін бақытты сезінуіне болады деп ойлаймын. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» АСТАНА