– қоғам үшін аса қауіпті құбылыс
Қай қоғамда да діннің алатын орны айтарлықтай. «Дін – апиын» деген кешегі кеңестік кезеңде де ата буын дәстүрлі дінімізден қол үзіп, намазға жығылудан немесе дінмен байланысты берік орныққан әдет-ғұрыптардан жаңылған емес.
Қазіргі жағдай сәл өзгешерек. Қуанарлығы – жастарымыздың имандылыққа бет бұра бастауы. Өкінерлігі – мұсылмандыққа жат басқаша көзқарас-ұстанымдардың пайда болуы. Ал қоғамға діни тұрғыдан жіктелу аса қауіпті.
Осы орайда біз дін саласына байланысты туындаған сауалдарымызға жауап алу мақсатында белгілі қоғам қайраткері Өмірбек БАЙГЕЛДИ ағамызды әңгімеге тартқан едік.
– Өмірбек аға, сіз ұзақ жылдар Парламентте қызмет етіп, Сенаттағы заң шығару ісіне еңбек сіңірдіңіз. Жалпы, діни қатынастарды реттеуге байланысты заң жобалары алғаш қашан қабылданғанын есіңізге түсіріп көріңізші.
– Ашығын айтсам, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мұсылмандық, Ислам діні төңірегіндегі әңгімелер қоғамдағы тәрізді депутаттар арасында да танымдық сипаттағы құбылыс ретінде қабылданатын. Кейін келе Исламға қатысты жөнді-жөнсіз әңгімелер айтылып, мұсылмандыққа жат басқаша көзқарастар пайда бола бастады. Өзгеше ағымдар көрініс берген соң, заң қабылдаудың қажеттігі туды. Өйткені, бұл қауіптенуге тиіс жағдайға айналды. Негізі, Ислам діні бөлінуге әсте жол бере қоймайды. Бірлік, бүтіндік Құранда айтылған. Діни тұрғыда жіктелу, бөліну халықтың бөлінуіне алып келер еді. Оның түбі жанжалға соғады.
– Бұлайша бөліну қай кезден және қалай басталған екен?
– Нақты мына жерден бастау алды деп дөп басу қиын. Тәуелсіздік алған соң бес-он жыл шамасында осындай келеңсіздік байқала бастады. Шетелге барып, сол жақтағылардың қаржысымен діни білім, тәрбие алып келген жастардың арасында түсініксіз ағымның жетегінде кеткендер болды. Олар елге оралған соң кері идеяларын басқаларға таңғысы келді. Қаржыларына оқытып, жастарға басқаша діни білім мен жат тәрбие бергендер оларды өз мүддесіне пайдалануды мақсат тұтып, санасын бүлдірді. Бөліну осылай басталды.
Бұған, әрине, бәріміз қарсы болдық. Мен кезінде «Қазағым, қайда барасың!» деген көлемді мақала да жаздым. Шеттен оқып келген бірқатар жас киім киісі, өзін ұстауы, діни құлшылық тұрғысынан басқалардан ерекшеленіп, сырттан үйреніп келген бағытымен жүргісі келді. Оны өзгелерге қатаң талаппен орындатуға тырысып, осы арқылы олардың құқына қол сұғуға дейін барды. Әуелі, ауыл-ауылды аралап үгіт айтып, онымен шектелмей, қорқытуға да кірісті. Қарапайым халықты өз айтқанына көндіру үшін діни шарттарды көлденең тартып, өздері оқып келген теріс идеямен ірітіп, уландыруға көшті.
Алайда, біздің демократиялы, зайырлы мемлекетімізде оған жол жоқ. Бұл – заң бұзушылыққа жатады. Шетелден дін оқып келді, рухани кеңістігімізге қызмет етеді деген бір шоғыр жас осылай теріс бет алды. Әке-шешенің тәрбиесін көрген балалар ғой, ондай мінезін түзеп алар деп ойлап едім, олар, керісінше, әке-шешесіне қарсы шығып, олардың өзіне орынсыз талап қоя бастады. Тіпті, істеген тамағын «харам» деп жемей, олардан безінуге барды... Баланың туған әке-шешесіне бұлай шабуылға көшуі қай дінге салсаң да, адамгершілік тұрғысынан қарасаң да ешбір жөнге келмейді. Жарық дүниеге әкеліп, бағып-қағып, адам қатарына қосқан ата-анаға жақсылық жасаудың орнына, оған қарсы келуді қалай айтсаң да ақтап ала алмасаң керек. Бұдан шығатын қорытынды – оларға оқыған жері теріс тәрбие берді деген сөз.
– Ондай адамдар таза Исламды ұстанушылар емес, өздері адасқандар дейсіз ғой?
– Иә, жаңағы жастар өздері шалыс басқандарымен қоймай, өзгелерді адастырып, елдің тыныштығын шайқауға ұрынатыны жаман. Біздің халқымыз кең мінезді, өзгеге құрметпен қарайтын халық қой. Ондайға аса қатты бүлініп кетпеді, өз ұстанымдарына берік болды.
Қазақ халқы дініне берік болғандықтан, ешбір жаңа ағым, бөтен көзқарас біздің арамызға кіре алған емес. Бүгінгі халифат құрамыз деп ұрандаған аттөбеліндей топтың алдауына еріп, алыс-жақын елдердегі жекелеген топтардың мүдделерінен туындаған ойынның құрбаны болып, бейбіт жатқан басқа елдерде орын алып отырған қарулы қақтығыстарға қатысу ниетімен елден кеткен кей жастарымыз біз үшін жоғалған ұрпақ. Оларды қайта жөнге салу қиын...
Мүмкін, кейбірі тұрмыстық, әлеуметтік сипаттағы ауыр жағдайдан қиналып, ақша керек болған соң, теріс ағымдардың алдап құрған торына түскен де шығар. Бірақ, қалай болғанда да, бұл «Әр қазақ менің жалғызым» дейтін халқымыз үшін орны толмас өкініш екендігі анық. Жалпы, өзге елде қолына қару алып, соғысқа қатысушылар қандай күнә арқалап жүргендерін біле ме?! Отанын қорғаса шейіт болар еді. Алайда, олар не үшін, кім үшін соғысып жатқандарын өздері де білмейді. Өзгенің жерінде, бөтен елде жүр. Біреудің халифат болу дейтін пендешілік ойыны мен мақсатты ойынының құрбаны болып, ақша үшін соның сойылын соғуда.
Осы мәселені жастарға дұрыстап түсіндірген жөн деп ойлаймын. Оларды қудалай жөнелуге де болмайды. Ақырын сөйлесу керек. Адамның ең алдымен санасы өзгермей, жасап жүрген ісі өзгермейді. Саналарын дұрыс бағытқа бұру үшін біраз жұмыс істеуге тура келеді. Ең бастысы, бұдан кейінгі жастардың теріс жолға түсіп кетуінен барынша абай болайық.
– Қоғамда соңғы кездері Білім және ғылым министрлігімен бекітілген мектептегі ортақ киім формасына қатысты талаптарды желеу етіп, хиджаб мәселесін таласты тақырыптардың біріне айналдыру мақсатындағы пікірлер бой көрсете бастады. Жақында Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен жасаған сұхбатымызда да осы мәселеге байланысты дұрыс пікір білдірілді ғой деп ойлаймыз. Сіз өз тарапыңыздан не дер едіңіз?
– Әсілі, хиджаб – араб халықтарының географиялық ортасына қарай киетін ұлттық, тұрмыстық киімі. Арабтар әлі күнге дейін құмды даланың аптап ыстығы мен аңызақ желінен, дауылмен бірге ұшатын құмнан қорғану үшін жеңіл әрі басы мен бет-аузын тұмшалап тұратын киім киіп жүреді. Ал осы киімді мұсылманның міндетті киімі ретінде көрсету қисынсыз.
Демократиялық елде, зайырлы қоғамда әр азаматтың қандай киімде жүріп-тұруы өз еркінде. Байқап отырсаңыз, хиджабты әйелдер мен қыздарымызға жөнді-жөнсіз тықпалаудың еш жөні жоқ. Дегенмен, бұл мәселенің түрлі көзқарастағы адамдардың тайталасына айналып кетпеуіне баса назар аударып, барлығымыз мектепте оқитын оқушы қыз балаларымыздың ортақ киім формасын киіп, жақсы білім алып шығуына мүдделі болуымыз керек деп ойлаймын.
Теріс ағымдардың жетегінде кеткен қаракөздеріміздің тағы бір адасушылығы – адам қайтқан кезде, дереу апарып көме салатын жағдай пайда болды. Сан мың жылдық тарихы бар халқымызға ондай тәртіп жүрмейді. Соны насихаттап, орындатуға тырысып жүргендердің айтқаны болмауы тиіс. Елді құр әурелемеу керек. Қаншама ғасырдан бері о дүниелік болған адамын өз дәстүрімен аттандырып жүрген елге бір күнде бөтен біреудің оғаш үрдісін әкеліп тықпалауға мың жерден тыйым салынуы тиіс! Адам қайтыс болса, оны бір-екі күн аялдатып, алыс-жақындағы туған-туыс, ет жақындарын күтеді. Қайғысына ортақтасып, қабіріне бір уыс топырақ салу дейтін бақилық адамға жасалатын міндет, борыштарын атқаруға мүмкіндік береді. Теріс ағымды ұстанатындарша, жанталаса апарып көме салуға болмайды.
Қазақта өзіміз ұстанатын ислами дәстүрі бойынша қайтқан адамның жаназасын шығарып, құран оқып, жоқтауын айтып, жетісін, қырқын, жылын береді. Адам туғанда әндетіп қуанып, шуылдап қарсы алса, өлгенде көзіне жас алып, қимай шығарып салады. Мұның бәрі – қалыпты, адамгершілік пен ізгілікке, биік құндылықтарға, берік дәстүрге бекіген ежелгі жолымыз. Одан жаңылуға болмайды. Онда біз азып-тозып, айдың, күннің аманында адасатын боламыз.
– Осы айтқан жағдайға жақын мәселелердің бірі теріс ағымда жүргендердің Аллаға серік қосу деген желеумен тарихи кесене, қорғандарға, мәдени мұраларға шүйлігуі белең алуда. Бұған не айтасыз?
– Соның бәрі ақымақтық. Түк білмейтін балалардың біреуден шала, теріс оқып келген нәрсесін тықпалауы, бұл жайт оларға елдің алдында ақымақ болудан басқа түк әпермейді. Олар не болса соны «шірік» дейді. Біздің халқымыз ежелден «бір Алла» деп сөйлейді. «Тәңір» деген сөз де, Құдай деген сөз де Алла дегенмен бірдей. Қазақ «Тәңір жарылқасын» дейді. «Ислам жарылқасын» деп айтты ма? Жоқ. Өйткені, адамды дін жарылқай алмайды, тәртіпке ғана шақырады. Ал Тәңір жарылқасын дейді. Өйткені, жарылқайтын Тәңір, бір Алла. Сол ғана жақсылық беруші деп тілеу тілейді.
Адамның тамыры «Алла» деп соғады, ал бұл – Алла сенің жүрегіңде деген сөз. Сол үшін қасиетті жерге, ағаштарға, таза орындарға тиісуге болмайды. Бақилыққа аттанған жанның басында адам барып, көретін бір белгі болу керек. Томпайып жер астында қалып, кейін орны белгісіз болған жерлерге білместікпен жол салып, содан талай ауыр жол апаттары болып тұратын жағдайлар әр қазаққа белгілі ғой деп ойлаймын.
Өткенде өз ауылыма бардым. Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы болып жатқан соң, ескерткішіне отбасыммен бірге ізетімізді білдіріп, гүл қойдық. Сөйтсем, басында тақиясы бар жас жігіт келіп, «онда гүл қоюға болмайды» дейді. «Өз жөніңмен жүр, мені тәрбиелейтін сен емессің», деп қатқыл сөйледім. Содан кейін ауылда болған асқа қатысып, осы жайлы ойларымды айттым. «Осындайлар шығыпты, көп емес көрінеді, бірақ бар екен. Гүлге қарсы болғаны не, әнге, әуенге қарсы болғаны несі?! О дүниеде жұмаққа бару туралы айтамыз ғой. Сол жұмақта әуен төгіліп, гүлмен құлпырып, жеміске толып тұрған жоқ па?! Бізге Алла тағала «мына жерге сендер иесіңдер, жақсылап тұрыңдар, көркейтіп гүлдендіріңдер» деді. Ал енді мына біреулер келіп, қара қапас заман орнатқысы келе ме?! Адам жерді өңдеп, гүлдендіріп, әрлеп, еңбек етпесе, бұл дүниеге не үшін келді? Жаңағыдай жастарға айтыңыздар, көздерін ашсын. Мына үлкендерге құлақ ассын. Айдаладағы біреулердің сөзін тыңдамасын», деп айтып кеттім.
– Мұндай теріс ұстанымның түпкі себебі неде, қайда жатыр деп пайымдайсыз?
– Ілім-білімді тең алып жүру керек. Жаңағы жастар құсап тек діни ілімді басшылыққа алып, оны негіз етуге болмайды. Бір халықты сынауға болмас, дегенмен, араб халқы осылай біржақты бағытта кетті де, ілім-білімнен қол үзіп, ғылым дамымай қалды. Мұхаммед пайғамбардан кейінгі алғашқы замандарда арабтан небір ғалымдар шығып, ғылым керемет дамығанын білеміз. Ал қазір соның бәрі тоқтап қалды... Көрдіңіз бе, ойланатын мәселе көп.
– Себебі неде?
– Себебі, олар дінді тек біржақты түсінді. Олай болмайды. Дін мен білім қос қанат сияқты бірге жүруі тиіс. Оқу керек, даму керек. Дін көктен түседі, ал білім – адамның өмірден өзі жинайтын қазынасы. Осы екеуі бірге қосылмай нағыз даму болмайды. Бір жағыңа қисайып, тепе-теңдігіңнен айырыласың. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өз медреселерінде діни пәндермен қатар, жалпы орта білім беру мекемелерінде оқытылатын пәндерді енгізуін өте дұрыс қадам деп есептеймін.
Меніңше, қарапайым адамдарға діни ілімді терең біл деп насихаттаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бес уақыт намазын өтеп, Құран оқыса, ниеті түзу, пейілі таза болса жетеді. Діндар болып көрінгенімен, тек аннан-мұннан естігенімен ғана жүретін шала білімді жастар бүгінде қоғамда талас-тартыстарды өршітуде. Сенікі дұрыс емес, менікі жөн деген дау көбейеді. Оның соңы жақсылыққа апармайды. Ал оған жол бермеу үшін білімді, санасы түзу адами қасиетке ұмтылуымыз керек.
– Бұған қалай қол жеткізуге болады деп ойлайсыз?
– Әрине, бұл мемлекеттің, еліміздің мұсылмандарының басын біріктіріп отырған Діни басқарманың және қоғамымыздың бүгіні мен ертеңіне бейжай қарамайтын әрбір азаматтың күнделікті айналысатын ісі болуы тиіс. Әсіресе, азаматтарды өзіміздің халқымыздың діни түсінігіне сәйкес тәрбиелеудегі мешіт имамдарының алатын орны үлкен деп есептеймін. Сондықтан мешіт имамдарының діни білімімен қатар, зайырлы білімі болуы керек деп талапты күшейтіп отырған Діни басқарманың соңғы бастамасын дер кезінде қолға алынған өте маңызды жоба деп санаймын.
Жалпы, елімізде берік орныққан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жайма-шуақ тіршілігіміз – мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған дұрыс саясаттың нәтижесі. Сондықтан әрбір азамат, дінді ұстанатын-ұстанбайтынына қарамастан, тәуелсіз еліміздің іргесін берік, тұғырын мықты ету жолында ауызбіршілікте болуы керек деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»