17 Мамыр, 2016

Өзін өзі басқаруды дамыту – уақыт талабы

542 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
15-04-16-Маргулан ЕрмаганбетұлыМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының елімізді дамытудағы рөлі айрықша. Онда атап көрсетілген мәселелердің бар­лығы да өзіндік мәнге ие. Мәселен, Ұлт Жоспарындағы 97-қа­дамның талаптары алдымызға көптеген міндеттерді қойып отыр. Бұл мін­деттерді жүзеге асырудың өзектілігін барша қазақстандықтар жете түсінеді деп ойлаймыз. Жалпы, 97-қадам жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту ар­­­қылы азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүм­кіндігін кеңейтуге жол ашады. Осы орайда 2015 жылдың 2 қарашасында жергілікті өзін өзі басқару органдарының құзыретін кеңейту бойынша сәйкес норма­ларын енгізетін «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заң­на­ма­лық актілеріне Қазақстан Рес­публикасында жергілікті өзін өзі бас­қаруды дамыту мәселелері  бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» Заң қабылданған болатын. Уақыт талабына сай қабылданған бұл заңнама аясында жергілікті қоғамдастық жиналысына әкім­дердің кандидатураларын қызметке тағайындауға келісім беру, ком­муналдық меншікті басқару, әкімдерге жер ресурстарын басқару бойынша өкілеттіктерін беру жөніндегі нормалар қарастырылған. Сондай-ақ, қала тұрғындарын жер­гілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін Астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда жергілікті өзін өзі басқарудың аумақтық кеңестерін құру мәселелері қамтылған. Аталған кеңестердің негізгі міндеті – биліктің атқарушы және өкілетті органдары арқылы азаматтарды ТКШ мәселелерін шешуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға тарту. Осы арада 97-қадам талаптарын жүзеге асыру бағытындағы, яғни аудан әкімінің ауыл әкімінің кандидатурасын жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келісу және оны қызметтен босату мәсе­лесін көтеру жөніндегі нормаларды, жергілікті өзін өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті органды анықтау­ды, Астанада, облыстық және республикалық ма­ңы­зы бар қалалардағы тұр­ғын үй-коммуналдық ша­руашылықтың жұмыс істеуі, аумақтың санитариялық жай-күйі мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелерін шешу үшін жергілікті өзін өзі басқарудың аумақтық кеңестерін құруды қарастыратын бірқатар маңызды құжаттар қабылданғанын айта кетейік. Осы құжаттардың барлығы жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Тағы бір тоқтала кетер жайт, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту кезең-кезеңмен іске асырылатын болады. Бірінші кезеңде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде дербес бюджетімен және жеке­меншігімен толыққанды өзін өзі басқаруды құру көз­деледі. Нақтылай айтқанда, Президент жанындағы Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның ұсынысына сәйкес жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджетін және жекеменшігін енгізу 2018 жылдан бастай отырып кезеңдермен іске асыруға ұсынылып отыр. Бұл ұсыныстарды әрі қарай жетілдіру мақсатында Ұлттық экономика министр­лігінде заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс басталып, оның шеңберінде еліміздегі жергілікті өзін өзі басқару жүйесін әрі қарай дамытудың негізгі тұ­жы­рымдамалық бағыттардың шешілуі қарастырылады. Аталған заңнаманы әзірлеу барысында ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі зерттелетін болады, сондай-ақ, халық­аралық және отандық мемлекеттік емес ұйымдардың ұсыныстары да ескеріледі. Марғұлан ЕРМАҒАНБЕТҰЛЫ, Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік саясат және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту департаменті жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту басқармасының басшысы